ДӘРУМЕНДЕРДІ ҚАЛАЙ ТАҢДАЙМЫЗ?

Күз мезгілімен бірге келетін жаңбыр мен суықтан көптеген балалар инфекциялық ауруларға шалдығып жатады. Осындай аурулардың алдын алып, иммунитетін көтеру үшін балаға қандай дәрумендер беруге болады? Балаларға арналған дәрумендерді қалай таңдаймыз?

Жанар АЙТБАЕВА.

Петропавл қаласы.

Оқырманымыздың сұрағына облыстық перинаталдық орталықтың балалар дәрігері Гүлнәр Иманбаева жауап береді.

– Дәрумендер адам ағзасы үшін кез келген жаста қажет, әсіресе, балаларға аса пайдалы. Қазіргі таңда балалардағы гиповитаминоз (дәрумендердің жетіспеушілігі) жиі кездесетін жағдай болып отыр. Осыған байланысты біз үшін дәрумендерді дұрыс таңдау қажеттілігі туындайды.

Маусымдардың ауысуы кезінде бала ағзасында дәрумендерге деген қажеттілік туындайды. Міндетті түрде дәрігермен кеңесіп отырыңыз, себебі, дәрумендерді мөлшерден тыс көп қолдану дәрумен тапшылығынан да қауіпті болуы мүмкін.

Балаңызға қандай дәрумендер қажет екенін түсіну үшін кейбір белгілерге назар аударыңыз. А дәрумені жетіспеген кезде балаңыздың көру қабілеті нашарлауы мүмкін, кейде терісімен байланысты қиындықтар да туындайды. Егер ағзада С дәрумені жетіспесе, баланың психикалық және физикалық дамуында өзгерістер пайда болып, тамаққа деген тәбеті төмендейді.

Д дәрумені жетіспеген жағдайда баланың ұйқысы бұзылып, жиі терлейді. В1 дәрумені жеткіліксіз болса, бала тез шаршап, жиі ашуланады, шашы түсіп, тырнағы сынғыш болады. В6 дәруменінің тапшылығында балада қаназдық ауруы пайда болып, бойының өсуі баяулайды.

Аталған дәрумен баланың жасына сәйкес келетіндігіне мән беріңіз. Жағымсыз жағдайға тап болмас үшін үлкен жастағы балаларға арналған дәруменді таңдамаңыз.

Дәрумендерді өзіңізге таныс және өзгелер бұрыннан сапасын мойындап келе жатқан өндірушілерден алыңыз. Сатып алу кезінде сатушыдан дәруменнің пайдалы екенін растайтын сертификат сұрасаңыз да болады. Тек табиғи дәрумендерді алыңыз. Олардың бағасы қымбаттырақ болғанымен, мұндай дәрумендердің құрамында түрлі бояулар, дәм тұрақтандырғыштар, хошиістендіргіштер жоқ, сол себепті ағзаға пайдалы болып келеді.

Бастысы, балаға дәруменді дәрігердің тағайындауы бойынша мөлшерімен беріп, олардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика