ДЕМАЛЫС КҮНДЕРІ ДЕ РӘСІМДЕЛЕДІ

Солтүстікқазақстандық экспортшылар ауыл шаруашылығы өнімдерін халықаралық немесе облысаралық бағыттарда тасымалдауға қажетті рұқсат құжаттарын демалыс күндері ала алмауының себебінен шығынға ұшырап келеді. Бұл мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігінің карантиндік, фитосанитарлық, ветеринарлық сертификаттарды, экспортқа рұқсат пен сараптама актісін беретін аумақтық құрылымдарына қатысты болып отыр.

Жуырда осы мәселе облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет кеңесінің отырысында талқыланды.

– Мерекелерге, демалыс күндеріне сәйкес келгенде, мемлекеттік мекемелер бірнеше күнге дейін жұмыс істемейтін жағдайлар болады. Сол себепті тасымалдаушылардың вагондары жөнелтілмей тұрып қалады. Бұл өнімдерді тапсырыс берушілерге жөнелту процесіне кедергі келтіріп, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігіне кері әсерін тигізеді, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы Бауыржан Ахметаев.

Отырысқа қатысушылар жүк тасымалы қызған шақта комитеттің аумақтық құрылымдары демалыс күндеріне арнап жұмыс кестесін құрса деген ұсыныстарын айтты. Ветеринарлық бақылау комитетінің аумақтық құрылымының бөлім жетекшісі Амантай Баймағанбетовтың айтуынша, жақында комитеттен инспекторларға ақылы қосымша жұмыс сағаттарын ұйымдастыру туралы хат келіп, бұл мәселе шешімін табатын болады. Енді тасымалдаушылар жүктердің қай уақытта жөнелтілетінін алдын ала хабарлап отырулары тиіс. Осылайша, қараша айының ортасынан бастап, экспортшылар рұқсат құжаттарын демалыс күндері де рәсімдей алатын болды.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.