ДАМУДЫҢ ЖАҢА КӨКЖИЕКТЕРІ

Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен “Дамудың жаңа көкжиектері” тақырыбында конференция өтті. Оның барысында нәзік жандар арасында кәсіпкерлікті кеңейтіп, осы бағыттағы жұмысты барынша қолдау мәселесі әңгіме өзегіне айналды.

Бүгінде өміріміздің кез келген саласын әйелдердің қатысуынсыз елестету қиын. Үйде қол қусырып отырмай, кәсіппен айналысқысы келетіндердің қатары жыл сайын артып келе жатқаны қуантады. Мемлекет олардың өз бастамаларын жүзеге асыруына жан-жақты көмек көрсетуде. Мәселен, биыл өңіріміздегі 57 әйелдің бизнес идеясы қаржылық қолдау тапқан.

– Кеңесіміздің негізгі міндеттерінің бірі – әйелдер бастамаларын қолдау, оларға бағыт-бағдар беру. Елді мекендерде жеке бизнес-жобаларды дайындауға және жүзеге асыруға көмек көрсетіліп, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауға байланысты іс-шаралар ұйымдастырылды. Арнайы өткізілген “дөңгелек үстел”, семинарлардан кейін кәсіпкер әйелдер “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” және тағы басқа бағдарламалар арқылы берілетін қаржылай қолдауға көптеп жүгінетін болды, – деді іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләйла Сайдашева.

Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов өңір экономикасындағы әйелдердің орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде өңірімізде нәзік жандар кәсіпкерлігінің үлесі 40 пайызды құрайды. Облысымыздағы әйелдер қауымының 83 пайызы жұмыс істеуге қабілетті жаста болса, олардың 84 мыңы өздерін жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, жеке сектордағы 18 мың субъектіні әйелдер басқарады. Олардың дені – сұлулық салондары, шаштараздар, балалар дәмханасы, туристік компаниялар мен бөлшек сауда дүкендері. Десек те, өңірімізде үлкен өндіріс орындарын басқарып жүрген әйелдер де аз емес. Мәселен, бүгінде “Пилон”, “Молпродукт”, “Vizavi Company” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің директорлары Оксана Грибанова, Роза Сүлейменова, Ләйла Сайдашева бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.

Конференция барысында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова өңірімізде нәзік жандарға қолдау көрсетіліп отырғанын айтты. Үстіміздегі жылдың басынан бері елімізде нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бағдарламаны қаржыландыру үшінші тоқсанда ғана басталса да, Петропавлда төрт жоба қолдау тауып үлгерген, ал олардың екеуі әйелдерге тиесілі екен. Сондай-ақ, нәзік жандар “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының да шарапатын көруде. Биыл осы бағдарламаның шеңберінде үш әйел мемлекеттік грантты ұтып алыпты.

Бүгінде облыстық кәсіпкерлер палатасында шағын бизнеспен айналысқысы келетіндерге кеңес беруге арналған “Бизнес-кеңесші” жобасы жұмыс істейді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.