ҚЫМБАТШЫЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бастамасымен өңіріміздегі бизнес құрылымдарының, “Атамекен” ҰКП-ы мен мемлекеттік органдардың өкілдері өндіріс нарығындағы және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің сатылуындағы негізгі проблемаларды талқылау үшін бас қосты.

Тауар сатуды жүзеге асыратын кәсіпкерлердің мерекелерді пайдаланып, бағаны негізсіз өсіріп жіберетін әдеттері бар. Сол себепті Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Наталья Шаяхметова алда келе жатқан мерекелер қарсаңында өңірімізде мұндай келеңсіздікке жол берілмеуі керектігін айтты.

Департамент бөлімінің жетекшісі Гүлнәр Жаншина биыл жүргізілген тексеріс нәтижелері жайында баяндады. Үстіміздегі жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің бағалар индексі 98,5 пайызды құраған. Қараша айындағы жағдай бойынша, азық-түлік нарығындағы ұн, нан, қарақұмық, жұмыртқа, сүт, сұйық май, тауық еті сияқты тауарлар бағасының өскені байқалады. Бұл шикізат, жанар-жағармай бағаларының өскені сияқты объективті себептерге байланысты болып отыр. Азық-түлік нарығындағы бәсекелестікті қорғау саласында айтарлықтай заң бұзушылықтар анықталған жоқ.

– Өңірімізде кейбір азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақты ұстап тұру үшін арнайы шаралар қолға алынды. Соның ішінде тұрақтандыру қорына салынған 800 тонна картоптың осы күнге дейін 73 тоннасы сатылған. Сол сияқты, әрқайсысы 100 тоннадан сатып алынған сәбіз, пияз, қырыққабат та бағалардың шарықтап кетуіне жол бермеуде, – деді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Жанбылов.

Былтырғы жылы елімізде электр қуаты тарифінің тәуліктік бөлінуінің заң жүзінде алынып тасталуы жеке және заңды тұлғалар үшін көп қиындық тудырды. Тауар өндірушілер шығындарының артуы өнімдердің бағасына да әсер етті. Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев кәсіпкерлер тарапынан көп шағым айтылатындықтан, осы дифференцияланған тариф мәселесі мемлекеттік деңгейде қайта қарастырылуы тиіс екенін жеткізді.

Кәсіпкерлер мен тұтынушылардың құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы Надежда Дубовая қала тұрғындарынан қымбат газ есептегіш құралдарын орнатуды талап етіп жатқан газ таратушы кәсіпорынға қатысты шағымдардың көбейгенін айтты. Бұл мәселені департамент өз бақылауына алды.

Жиынға қатысқан кәсіпкерлер өнім бағасын көтермеу үшін олардың өздеріне де тиісті жағдайлар жасалуы қажеттігін айтты. “Сүт Одағы” ЖШС-нің директоры Александр Кузлякиннің айтуынша, электр қуаты бойынша түнгі тарифтің тоқтатылуы кәсіпорынға 400 мың теңгенің шығынын әкелген. Онымен қоса, газ бағасы – 17, ал сүт шикізатының құны 42 пайызға көтерілген, автокөліктің қосалқы бөлшектері де тым қымбат. Кәсіпкерлер тарапынан көмір, темір жол тасымалы бойынша қойылған сұрақтарға тиісті органның мамандары жауап берді.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.