БАЛЫ ТӘТТІ, БЕЙНЕТІ АЩЫ КӘСІП

Біздің өңір үшін омарташылық кенже дамып келе жатқан кәсіп екені сөзсіз. Дегенмен, соңғы жылдары омарташылықпен айналысуға ниет танытушылардың қатары артуда. Жуырда 1985 жылдан бері бал шаруашылығымен айналысып, бұл салада көшбасшылық деңгейге жеткен омарташылар әулетінің өкілі – Ярослава Пилипушкомен әңгімелесудің сәті түсті.

– Омарташылық – біздің отбасылық кәсібіміз. Атам кәсіпкерлікпен айна­лысуға бел буға­нда осы омар­та­шылықты таңдаған екен. Уақыт өте келе ісі оңға басып, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіпті. Кейін отбасылық кәсіпті әкем Юрий Пилипушко жалғастырды. Бала кезімнен аралар мен тәтті балдың ортасында бойжеткен соң менің де қиындығы мол бұл салаға келуім – заңдылық. Отбасылық кәсіпке араласа бастаған соң ара шаруашылығы туралы көп ізденуге, араларды ұстаудың қыр-сырына қанығуыма тура келді. Омарташылыққа қатысты көптеген оқулықтарды ақтардым деуге болады. Қателіктерімнен үйрендім, солай жұмыстың қызығына беріліп кеттім. Көңілің қалаған кәсіп болған соң ба, бастапқы қиындықтарына мойымадым, – деп әңгімесін бастады Ярослава Юрьевна.

Заман ағымына сай бейімделе білген омарташылар әулеті 2015 жылы “Пилипушко” жеке кәсіпкерлігін құрып, омарташылықпен кәсіби түрде айналысуға бел буады. Мемлекеттік бағдарламалармен таныса келіп, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы арқылы екінші деңгейдегі банктен несие рәсімдеген. Алған қаражатқа аралардың жаңа ұяларын, тағы да басқа бал өндіруге қажетті арнайы қондырғылар сатып алып, жұмысын жалғастырады. Бұл өз кезегінде өнім сапасы мен көле­мін арттыруға мүмкіндік берген. Бүгінгі күні “Пилипушко” жеке кәсіпкерлігі – қызылжарлық тұр­ғындарға табиғи, ең бастысы, пай­далы өнім ұсынып отырған өңірдегі ең ірі омарташылардың бірі.

Бүгінде кәсіпкердің “карпат” асылтұқымды араларының екі жүз ұясы бар. Омарташы алдағы уақытта олардың санын бес жүзге жеткізуді көздеуде. Аралар көбейген са­йын табыстың да молая түсетіндігі белгілі. Мамандардың айтуынша, бұл аралар балдың 12 түрін жинайды. Сондай-ақ, кәсіпкер дәстүрлі балдан басқа балауыз, ара жемін, гүл тозаңын да сатуға машықтанған.

Үстіміздегі жылы омарташылар әулеті 15 тон­на бал жинапты. Яғни, тынымсыз еңбек зая кетпеген. Табыс та көңіл көншітерлік. Пластик қалбырға салынған бал, негізінен, Петропавлдағы “Тайга” сауда орталығында өткізіледі. Сондай-ақ, облыс орталығы, Астана мен Алматы қалаларында өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде саудаланады.

– Біздің экологиялық таза балымыз өтімді. Сондай-ақ, про­по­­лисін, балауызын сатамыз. Олардың пай­дасы мол. Егер жергілікті омарташылар әртүрлі балдарын бір бағамен саудаласа, біздің өнім түріне қарай 1200 теңгеден 6 мың теңге аралығында сатылады. Балдың пайдасы зор. Мәселен, балдың бір түрі асқазанға, енді бірі жүрекке пайдалы. Сондай-ақ, ара ша­ру­ашылығымен айналысу барысында алынатын көптеген пайдалы өнімдер де болады. Мәселен, бал балауызын, прополисін, аналық сүті мен тозаңын пайдалануға болады. Ең бас­тысы, таза табиғи өнімді пайдаланып, ем шараларын дұрыс жасай білсе болғаны, – дейді кәсіпкер.

Ярослава Пилипушконың айтуынша, бал арасын күту оңай шар­уа емес. Аралар еңбекқор отбасы тәрізді. Бұл жерде темірдей тәртіп орнаған. Омарта орналасқан алқап­тан ұзап шығып, шалғыны мол, гүлі көп алқаптарды іздейтін барлаушылар тобы болады. Олар тәулігіне ондаған шақырым жер­лерді ұшып өтіп, қалтарыс, панасы көп алқаптарды іздейді. Тапқаннан кейін тек өздеріне ғана мәлім әдіспен жұмысшы араларға хабар жеткізеді. Егер жаз жайлы, төңіректің бәрі жайқалған бал татитын өсімдік болса, ара да өсіп-өнген, тұқым жайған, қалыптасқан, қанатын қаққан ортасын тастап кете бермейді.

Дегенмен, бұл салада да өзіндік шешілмей келе жатқан мәселелер аз емес. Солтүстікқазақстандық ауыл шаруашылығы құрылымдары танаптарында жоғары сапалы нәр беретін өсімдіктер егілмейтіні қынжылтады. Бұдан бөлек, жоғары көрсеткішке қол жеткізу үшін аралардың саны мен сапасын арттыру қажет. Ресейден 300 мың теңгеге сатып алынатын құрал-жабдықтар да омарташының қалтасына салмақ түсіруде.

Кәсіпкер алдағы жоспарларымен де бөлісті. Бүгінде жергілікті омарташының өнімі шетелде де танымалдыққа ие. Қытайда өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде солтүстікқазақстандық кәсіпкердің балы жоғары бағаланған.

– Қазіргі уақытта қытайлықтар қызылжарлық балға қызығушылық танытуда. Бірақ оларға 5-10 тонна бал аздық етері сөзсіз. Сондықтан кәсіпкерлікті жаңа құрал-жабдықтармен жабдықтап, ара санын көбейтудің арқасында 2018 жылы Қытай нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін мүмкіндігіміз бар. Тек бал жинаудың өндірістік көлеміне шығуымыз керек, – дейді Ярослава Юрьевна.

Мағжан Жұмабаев ауданында орналасқан Пилипушко әулетінің отбасылық омартасының жұмысы мамыр-қыркүйек айларында қызу жүреді. Осы кезеңде түрлі түсті шөп өсетін алқаптарды іздеген кәсіпкерге облыс бойынша 250-300 шақырымға дейін көшіп-қонып жүруіне тура келеді. Оның себебі, аралар бал ала­тын гүлдер мен шөптер өсетін алқап іздейді. Үстіміздегі жылы омарташылар өңіріміздің әр ауданында болып қайтқан.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.