БИДАЙ БАҒАСЫ КӨТЕРІЛДІ

Үстіміздегі жылы ел бойынша рекордтық көлемде астық жиналып, алыпсатарлар астық бағасын күрт төмендетіп жіберген болатын.

Өзекті мəселе Үкімет назарына ілігіп, нəтижесінде астық нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін диқандардан алтын дән жоғары бағамен сатып алынатын болып шешілді. Ендігі кезекте “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” АҚ-ы арқылы шаруалардан үшінші сыныпты бидай 42 мың теңгеден (ҚҚС-ын қосқанда) сатып алынады.

Осыған орай “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Рамазан Әсіпке хабарласып, мән-жайды сұраған едік.

– Ел бойынша 2 миллион тонна бидай сатып алынатын болса, біз солтүстікқазақстандықтардан 381 мың тонна бидайды сатып алуымыз қажет. Қазіргі уақытта қаражат бөлінуде. Ендігі кезекте астықты сатып алу шараларын жылдам әрі ашық түрде өткізу мақсатында арнайы штаб құрылатын болады. Оған облыс әкімдігінің қызметкерлері ғана емес, қоғам, өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысады деп күтілуде, – деді Рамазан Әсіп.

Қабылданған шешім өнімдерін өткізе алмай отырған солтүстікқазақстандық диқандар үшін жағымды жаңалық болары сөзсіз. Осы күнге дейін бар бидайдың тек 15 пайызын саудалаған ауыл шаруашылығы саласының өкілдері астықтарын сата алмай әлек болып жүргені белгілі. Бағаның көтерілуін сарғая күткен шаруалар бітік шыққан астығын амалсыз қамбада сақтауға мәжбүр болуда.

Рамазан Назарбекұлы ішкі нарықта астық құнының құлдырау себебіне де тоқталып өтті. Оған біріншіден, көршілес Ресейдің арзан астығының Қазақстанмен шекаралас аймақтарға заңсыз жолмен тасымалдануы әсер еткен. Бұл мәселеге вагон тапшылығы да өзіндік кесірін тигізсе, “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” АҚ-ның сылбыр қимылдары да түрткі болған. Себебі, аталған компания басында бір тонна астықтың бағасын 42 мың теңге деп белгілесе, кейін оны 39 мыңға дейін түсіріпті. Осының барлығы сұраныстың төмендеп, астықтың күрт арзандауына əкеліп соқтырған.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.