ЖОЛАҚЫСЫ ҚЫМБАТТАДЫ

Былтырғы жылдың көктемінде облыс орталығында қоғамдық көліктегі жол жүру билетінің құны бірден 32 пайызға қымбаттап, 80 теңгені құраған болатын. Бұл өсімге жанар-жағармай мен көліктің қосалқы бөлшектерінің қымбаттауы себеп болған еді. Осы жағдай қала маңындағы елді мекендерге қатынайтын автобустардағы баға тарифінің өсуіне де ықпалын тигізді. Мәселен, Петропавл – Бескөл бағытындағы автобуста жол жүру билетінің құны екі рет көтерілді. Баға алдымен 75-тен 100 теңгеге өссе, 25 желтоқсаннан бастап оған тағы да 30 теңге қосылды. Енді бескөлдіктер қалаға келу үшін ғана 130 теңге төлейді.

№101 бағыттағы жолаушы тасымалына “Айдаков” жеке кәсіпкерлігі жауапты. Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Азат Бейсембиннің айтуынша, бастапқыда бұл кәсіпкер жолақысын 150 теңге етіп белгілеуді жоспарлапты, алайда, өзара келісімнің арқасында баға сәл төмендетілген. Жалпы, жолақының қымбаттауы қоғамдық көліктердің қызмет сапасын жақсартуы тиіс. Сүйініштісі сол, аталған кәсіпкерлік өзінің міндеттерін түгел орындады. Автопарк жаңартылып, автобустар арасындағы уақыт интервалы айтарлықтай қысқарды. Бұрын жолаушылар қоғамдық көлікті 20-25 минут күтсе, қазір аялдамада 15 минуттай ғана тұрады. Сондай-ақ, жаңа, заманауи автобустар сатып алынды. Олар кең әрі мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделіп жасалған.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

 

“Солтүстік Қазақстан”. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.