ЕРІНБЕГЕННІҢ ЕСЕБІ ТҮГЕЛ

Бүгінгі нарықтық қоғамның басты талабы – еңбек ету арқылы табыс тауып, тұрмысыңды түзе деген ұғымға саяды. Өңірімізде бұл талап деңгейінен шығып, отбасының қажеттілігін қамтамасыз етіп жүрген азаматтар баршылық.

Осындай жерлестеріміздің бірін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген солтүстікқазақстандықтардың басын қосқан “Жерлестер форумында” кездестірдік. Шараға қатысқан кәсіпкерлердің ішінен “Үздік кәсіпкер – 2017” өңірлік сайысының “Табысты бастама” аталымында жеңіске жеткен Қуаныш Жақыпов форумға Есіл ауданындағы Конеевка ауылынан келіпті.

– Жалпы адам баласы үшін бірінші кезекте – отбасы тұруы керек. Мансап, кәсіп, атақ-даңқ дегеннің бәрі – екінші кезектегі шаруалар. Ең бастысы – адал еңбек етіп, алға қойған мақсатқа жету. Қол қусырып, үйде отырғанды ұнатпайтындықтан, біреудің бойындағы өзгеше қабілетін байқасам, соны үйреніп, өзім іске асыруға тырысамын. Алғашында кездескен қиындықтарға қарамастан, жағдайымызды түзедік. Біртіндеп, өнімнің сапасы артқаннан кейін тұрақты тұтынушыларымыз қалыптасты, – дейді Қуаныш Жақыпов.

Ол кәсіпкерлікпен айналысуға белін буып, біраз ізденеді. Теориялық білімін толықтырғаннан кейін өткен жылдың жазында “KORN” жеке кәсіпкерлігін құрып, пластиктен және ағаштан есік-терезелер, шарбақтар жасауды қолға алады. Өз мақсатыма жетем деген ерік-жігерінің, талпынысының арқасында ісі оңға басып, жарты жылдың ішінде үш миллион теңгенің тауарын саудаға шығарған.

Бүгіндері цехта тұрақты жұмыспен қамтылған алты ауыл тұрғыны Германиядан жеткізілген 12 станоктың көмегімен тұрмысқа қажетті өнімді жонып, қашайды. Кәсіпкердің айтуынша, үстіміздегі жылы жұмысшылардың саны артып, білікті мамандармен толықпақшы. Шетелдің заманауи технологияларымен жабдықталған өндіріс кешенінің шеберлері Сергей Сенькин мен Виталий Котов өз жұмысын жетік меңгерген. Олар жұмысқа енді орналасқан әріптестерімен шеберліктерімен бөліседі. Цехта есік пен моншаға арналған терезені жасауға көктерек пен қайың қолданылса, қажетті шыны Көкшетаудан, қарағай Ресейдің Қорған облысынан жеткізіледі. Ал қажетті өзге ағаштар өңірімізде өседі. Қазіргі уақытта цех мамандары ауылдағы “Санк-Лоренс” мектеп гимназиясының есіктері мен терезелерін ауыстыру бойынша тапсырманы жүзеге асыруда.

Бұл жерде есік-терезелер жасалып болғаннан кейін қалатын ағаштың үгіндісі де кәдеге жаратылуда. Ағаш қалдықтарынан жасалған жаңа отын түрі – пеллеттер дайындалып, ол цехты жылытуға пайдаланылады. Соңғы уақыттары ауыл тұрғындары тарапынан оған деген қызығушылық артуда. Болашақта ол да қосымша қаржы көзіне айналуы мүмкін.

Бүгіндері Жақыповтар отбасы өнімнің сапасын арттырып, алдағы уақытта жиһаз жасау ісін қолға алуды жоспарлап отыр.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика