БИЗНЕС НЕГІЗДЕРІН ТЕГІН ОҚИДЫ

Осыдан үш жыл бұрын облыстық кәсіпкерлер палатасы “Бизнес-мектеп” қанатқақты жобасы аясында болашақ кәсіпкерлерге бизнес негіздерін тегін оқытуды қолға алған болатын.

Өткен жылғы тәжірибе “Бизнес-мектеп” жобасының “Бизнес-кеңесші”, “Бизнес-өсім” және “Тәлімгерлік қағидаларын қолданатын жобалық оқыту” кезеңдері солтүстікқазақстандықтар арасында кеңінен танымалдыққа ие болғанына көз жеткізіп отыр. Бұл оқыту курстарының мақсаты – өндіріс процесі барысында шикізат пен материалдарды, уақыт, қаржы, адами капиталды тиімді пайдаланып, басқаруға, тауарлар мен қызметтер сапасын өсіруге қол жеткізуге үйрету болып табылады.

Оқу курстары Петропавл қаласы мен аудандарда орналасқан кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында көрсетілуде. Бұл жөнінде толық ақпарат берген кәсіпкерлер палатасының бизнес-жаттықтырушысы Елена Коняхина бүгінгі күнге дейін бұл жобаның мүмкіндігін бір мыңға жуық солтүстікқазақстандық пайдаланғанын айтты.

“Бизнес-кеңесші” кезеңінде кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге қысқа мерзімде бизнесті жүргізу негіздерін үйрету қарастырылған. Бұл жобаның аясында бүгіндері 706 адам білім алса, олардың – 383-і Петропавл қаласының жас кәсіпкерлері. Оқуын бітірген 112 жас мемлекеттік бағдарламалар аясында 288,73 млн. теңгенің демеуқаржысына қол жеткізді.

Шағын және орта бизнес субъектілері, кәсіпкерлік бастамалары бар тұрғындар “Бизнес-өсім” кезеңінде кәсіпкерлік қызметті жүргізу және дамыту бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарынан өтті. Аталмыш жобаның әлеуетін былтыр 100 солтүстікқазақстандық пайдаланып үлгерді.

– Ал “Тәлімгерлік қағидаларын қолданатын жобалық оқыту” кезеңін 53 жас кәсіпкер тамамдады. Бүгінде олар 56,1 млн. теңгенің 21 жобасын жүзеге асыруда. Бұл жобалардың басым бөлігі нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында қаржыландырылды. Бұл компоненттің ең басты ерекшелігі сол, қызметтер ақысыз түрде көрсетілуде, – дейді Елена Коняхина.

Оқу аяқталған соң тыңдаушылар гранттық байқауларға қатысуға және екінші деңгейлі банктерден несие алуға кепілдік беретін сертификаттарға ие болды.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.