ҚАЙТА ӨҢДЕУ – ТАБЫСТЫ САЛА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру тапсырмасына сай Қызылжар ауданының кәсіпкерлері де тың серпін танытуда. Солардың бірі – Қызылжар ауданының орталығында орналасқан “Загот Интер” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Шуми Исаков.

Бүгіндері кәсібін ашып, табыс табуға ниет еткендерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп, соның арқасында шағын және орта бизнестің көкжиегі кеңейіп келе жатқаны белгілі. Солардың қатарынан көрінуді алдына мақсат етіп қойған Бескөл ауылының тұрғыны Шуми Ромбоевич бұл саладағы алғашқы қадамын осыдан жеті жыл бұрын бастаған екен. Алдымен, мал мен құс еттерін сатып алып, бөлшектеп, нарыққа шығарған ол уақыт өте келе “Загот Интер” серіктестігін құрып, мал сою қосынының құрылысын қолға алған. Бұл мақсатқа жету үшін “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының көмегіне жүгініп, екінші деңгейдегі банк филиалы арқылы 7 пайыздық үстемақымен несие рәсімдейді.

Барлық қаражат толық игерілгеннен кейін кешен 2016 жылы өз жұмысын бастапты. Кәсіпкер 1,4 млн. АҚШ долларына Германия, Австрия, АҚШ және Тайвань елдерінен заманауи құрал-жабдықтар сатып алып орнатқан. Қосында басқа да заманауи қондырғылар жеткілікті. Нысанда малдың бөлшектелген етін салқындатуға арналған өндірістік қуаттылығы 160 тонналық “Bitzer” маркалы сегіз тоңазытқыш бар. Жалпы, Үкімет қаулысына сәйкес еліміздің ішкі нарығына және шетелге шығарылатын ет дәл осындай арнайы орындарда ғана сойылып, сақталуға тиіс. Санитарлық тазалық мәселесі де ерекше назарда болғандықтан, әр тоңазытқыш ультракүлгін бактерицидті шамдармен жабдықталған. Әр камераның сыйымдылығы – 162 текше метр, онда 18 тоннаға дейін ет сақтауға болады.

– Өңірімізде егіншілік және мал шаруашылығы жақсы дамығандықтан, бұл жоба өте тиiмдi. Біз қажетті шикізатты ауыл шауашылығы құрылымдарынан, бордақылау алаңдарынан сатып аламыз. Ауыл тұрғындары қара малды ұстаудың қаншалықты тиімді екенін түсінгенін қалаймыз. Сондықтан оларға біраз жеңілдік жасалып, жоғары баға ұсынылады, – дейді серіктестік директоры.

Басшының айтуынша, өндіріс орнының мақсаты – ішкі нарықты сапасы жоғары ірі қара мал етімен қамтамасыз ету, сондай-ақ, облыстың агроөнеркәсіптік кәсіпорындарының экспорттық әлеуетін арттыру. Заманауи технология экологиялық таза ет өнімдерін өндіруге мүмкіндік беруде. Мұнда жылқыдан бастап ұсақ малға дейін сойылады.

Шуми Ромбоевич өнімдері еліміздің ғана емес, көрші Ресейдің Омбы, Түмен облыстарына экспортқа шығарылатынын айтады.

Етті тереңдетіп қайта өңдеу ісін қолға алуды мақсат еткен кәсіпкер жуырда шұжық және жартылай дайындалған ет өнімдерін шығаратын цехты іске қосты. Ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу, қажетті құрал-жабдықтарды жеткізу үшін “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында “Сбербанк” АҚ-ның филиалынан 365 млн. теңгенің несиесі рәсімделді. Жалпы аумағы 750 шаршы метрді құраған цехқа Қытайдан “Siemens” маркалы құрал-жабдықтар сатып алынды. Қазіргі уақытта Германиядан арнайы келген маман жаңа құрылғыларды жұмысқа дайындауда. Цехтың жылына 864 тонна шұжық және жартылай дайындалған ет өнімдерін шығаратын мүмкіндігі бар.

Учаске басшысы Татьяна Зволинскаяның айтуынша, өңіріміздің индустриялық-инновациялық даму картасына енгізілген жобаны жүзеге асырудың арқасында тағы сегіз жұмыс орны ашылған.

– Тәулігіне үш тонна шұжық және деликатестік топтың өнімдері дайындайтын боламыз. Қалдықсыз технология қолданудың нәтижесінде малдың еті, сүті, ішек-қарыны сияқты қосалқы өнімдерінің бәрі кәдеге асады. Біз осы нысанның жобалық қуаттылығын толығымен пайдалануға тиіспіз. Болашақта тауарларымызды Ресейдің өзге қалаларына да жөнелтпекшіміз. Жақында көршілес елдің үш өңірін басқаратын билік өкілдерімен келісөздер жүргіздік. Өніміміз Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарына сай. Барлық өнім арнайы брендпен шығарылатын болады. Жыл соңына дейін цехты толық қуаттылық күшіне енгізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Татьяна Геннадьевна.

Бизнес саласында ісі өрге басқан кәсіпкер жұмысшыларының жағдайын ұмыт қалдырмайды. Кешенде асхана, киім шешу, душ, кір жуу бөлмелері бар. Кәсіпорын шетелдік инновациялық жылыту станциясының арқасында жылумен, ыстық сумен қамтамасыз етілген. Жұмысшылардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар.

Әңгіме барысында кәсіпкер өңірімізде мал шаруашылығын дамытуда да олқылықтар орын алып отырғанын айтып, қой-ешкі саны азайып кеткендігіне қынжылыс білдірді. Бескөл ауылында ашылған өндірістік мал сою цехы өңір әлеуетін арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Дегенмен, шикізат мәселесі күн тәртібінен түспей отыр.

– Шикізаттың тапшылығынан мал сою цехы тек 15-20 пайыз қуаттылықта жұмыс істеуде. Қазір жылқы етінің бір килограмын 1100 теңгеден, қара мал етін 1000 теңгеде сатып алудамыз. Бірақ басқа өңірлердің делдалдары шаруашылықтардың ғана емес, өңір тұрғындарының маңдай терін тамшылатып өсірген малына бұдан сәл жоғары баға ұсынып, алдымызды орап кетуде. Ал тұрғындар малын біздің цехқа өткізу әлдеқайда тиімді екенінен бейхабар. Олар өткізген малдың ақысына қоса мемлекеттен әр басқа 20-24 мың теңгеден демеуқаржы ала алады. Мұның өзі – шаруа адамына көп көмек емес пе?! – дейді Шуми Исаков.

Былтыр кәсіпкер 60 тоннаға жуық өнімді экспортқа шығарған. Мал сою цехы, ет өнімдерін қайта өңдеу бойынша жұмыстар айтар ауызға оңай болғанымен, оның жұрт білмейтін ішкі иірімдері көп. Кәсіпкер бірінші кезекте білікті мамандар, шаруалардан мал сатып алатын айналым қаражаты, заманауи техника керектігін айтады. Оның сыртында мал эпизоотиясы мәселелері тұр. Бүгінде серіктестік өндірісін дамыту үшін Белоруссия мен Ресейдің ауыл шаруашылығы құрылымдарымен байланысты нығайта түсуде.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген автор.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.