ПАЙДАСЫ ТИГЕН ЖОБА

Бүгіндері “Бастау бизнес” жобасы ауылдықтардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетуде.

Тайынша ауданындағы Қарағаш ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Мәулітбай Қожабеков пен Бақытгүл Қайдалина былтыр осы жоба аясында білім алған. Бақытгүл оқудан соң жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз қаражатына ауылда азық-түлік дүкенін ашты. Ал оның жұбайы “Ауыл шаруашылығын қолдау қоры” акционерлік қоғамынан үш жылға жылдық мөлшерлемесі 6 пайызбен 3 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп, шағын автобус сатып алды. Сөйтіп, Қарағаш – Көкшетау және Қарағаш – Тайынша бағыттарына автобус қатынасын ашқан. Енді елді мекеннің тұрғындары аудан орталығына ғана емес, Көкшетау қаласына да еш қиындықсыз қатынау мүмкіндігіне ие болды.

– Жоба көңілімізден шықты. Оның аясында оқып, ауылда жұмыс істеймін деген әрбір кәсіпкер осылай ойлайды деген сенімдемін. Бизнес-жаттықтырушы Ажар Байбақшиеваның жетекшілігімен біз қажетті білімді алып қана қоймай, жан-жақты ойластырылған бизнес-жоспар құруды үйрендік, – дейді жеке кәсіпкер.

Бақытгүл Қайдалина алдағы уақытта өзінің жұбайы секілді “Ауыл шаруашылығын қолдау қоры” акционерлік қоғамының филиалына көмекке жүгінуді жоспарлап отыр. Осылайша, кәсібін кеңейтіп, тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етпек.

“Бастау бизнес” жобасы “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы” шеңберінде жүзеге асырылуда. Бүгінде ол өңіріміздің Ақжар, Мағжан Жұмабаев, Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов атындағы және Тайынша аудандарында қолға алынған. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарға және жұмыссыздарға қолдау білдіруге арналған тегін айлық курстар “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өткізіледі. Жобаның басты мақсаты – тұрғындарға кәсіпкерлік негіздері бойынша қажетті білім беріп, өз ісін ашулары үшін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік туғызу. Биылдан бастап облысымыздың басқа да аудандарының тұрғындары жоба аясында білімдерін жетілдіре алады.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика