ҚАЛДЫҚТЫ ҚАЙТА ӨҢДЕЙДІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында еліміздегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізуді міндеттеген болатын. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін елімізде кәсіпкерлікті қолдауға арналған бірнеше бағдарлама сәтті жүзеге асырылуда.

Мәселен, жерлесіміз Талғатбек Ғалеев “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында “Даму” қорының көмегімен “Сбербанк России” қаржы орталығынан қомақты несие алып, кәсібін ашқан. Бүгінде ол басқаратын “Soltustik rubber recycling” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көлік доңғалақтарын қайта өңдеп, одан балалар және спорт алаңдарына қажетті резеңке кілемшелер жасаумен айналысуда.

Кәсіпкердің айтуынша, өңірімізде қайта өңдеу бизнесінің болашағы зор. Өйткені, облысымызда жыл сайын 14-18 мың тонна доңғалақ жасалса, компания оның 1,5-2 мың тоннасын ғана қайта өңдейді. Серіктестік жасайтын дене жарақаттарын болдырмайтын төсеніштің балалар үшін маңызы зор. Алдағы уақытта кәсіпкер өндіріс қуатын арттырмақ.

Бүгіндері пайдаланылған қағазды, пластикті, шыныны және істен шыққан тұрмыстық техниканы да қайтадан кәдеге жаратуға болады. Өңірімізде бұл іспен “Вторсырье” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Мәселен, мемлекеттік қызметшілер мен дәрігерлер қалдықтарды бірден осы компанияға тапсырады. Серіктестік алдағы уақытта бұл жұмысқа барлық тұрғындарды тартуды жоспарлап отыр.

– Жақында Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен әрбір тұрғын үйдің ауласына контейнер қою жөнінде келісімшартқа отырдық. Жиналған қалдықты сұрыптап, қайта өңдеуге жөнелтетін боламыз. Қазіргі таңда барлығы 350 контейнер орнатылса, алдағы уақытта оның санын 700-ге жеткізуді көздеп отырмыз, – дейді серіктестік директоры Қайыржан Айсин.

Қазіргі уақытта компанияда 18 адам жұмыс істейді. Былтыр олар еліміздің өзге қалаларына қайта өңдеуге 1200 тонна қалдықты жөнелткен.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: “Soltustik rubber recycling” ЖШС-нің өнімдері.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.