ШАРУАНЫ ҚОЛДАУ — АУЫЛҒА КӨМЕК

Ауыл шаруашылығы – экономикамыздың тірегі. Оны дамыту жолында үздіксіз жұмыс жүргізіліп келеді, мемлекеттік қолдаудың арқасында агроөнеркәсіптік кешен айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Осы орайда мемлекет пен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер арасында алтын көпірге айналып, қаржылай қолдаудың уақтылы және толыққанды төленуін, әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етушілердің жұмысы айрықша маңызға ие. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жанар Мұсақұлова – бұл саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген қызметшілердің бірі. Тәуелсіздік күні қарсаңында “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталған білікті маманмен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Жанар Поселкеқызы, өткен жылды алып қарайтын болсақ, демеуқаржы қай бағыттарға көбірек бөлінді? Және өңіріміз үшін негізгі салада қандай жетістіктерге қол жеткізілді?

– Былтыр өңіріміздің агроқұрылымдары үшін бөлінген демеуқаржы сомасы 41,6 млрд. теңгені құрады. Бұл – облыс бюджетінің 22 пайызына тең. Жалпы ауыл шаруашылығына 11 бағдарлама бойынша қолдау көрсетіледі. Әрине, арасында басымдылық берілетін бағыттар да бар. Мәселен, минералды тыңайтқыштар сатып алу үшін былтыр диқандарға 4,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде тыңайтқыштар көлемін 46,7 мың тоннадан 90,7 мың тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндігі туды. Бұл шаруалардың тыңайтқыштардың топырақ құнарлығы мен өндірілетін астық сапасын арттырудағы маңызын түсініп, кеңінен қолдана бастағанын көрсетеді. Минералды тыңайтқыштардың арқасында бізде гектарынан 42 центнер өнім алған шаруашылықтар болды. Ал зиянкестермен күреске мемлекет тарапынан 7,2 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл сома 3,5 млн. гектар жерді өңдеуге жетті. Ал агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық салымдарға жұмсаған шығынының жартысын өтеу үшін 11,6 млрд. теңге қаражат бөлінді. Мемлекеттік қолдаудың бұл бағыты кейінгі жылдары пайда болса да, кеңінен танылып үлгерді. Ол ауыл шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығының артуына, техникалар мен құрал-жабдықтардың жаңартылуына септігін тигізді. Соның арқасында техникалық парк былтыр 3597 жаңа комбайн-трактормен толықты.

Былтыр 1739 шаруашылық субъектісі несиелік және лизингтік міндеттемелер бойынша сыйақылардың пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау шараларын пайдаланды. Ол үшін мемлекет бюджетінен 6,4 млрд. теңге қарастырылды. Ал несиелік және лизингтік келісімшарттардың құны 160,5 млрд. теңгені құрады. Бұдан басқа жоғары өнімді тұқыммен қамтамасыз етуге, мал басын арттыруға, сүт өндірісін жолға қоюға бағытталған қолдау шаралары бойынша да қыруар қаржы бөлінді. Айта кету керек, былтыр алқаптың әр гектары үшін бөлінетін демеуқаржы сақталды, бірақ ол жемазық дайындау және майлы дақылдар өндірісіне бағытталды.

Қазіргі таңда отандық агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті жоғары, біздің өнімдер шетелдік баламасымен бәсекелесе алады. Осының бәрі мемлекет тарапынан көрсетілетін үздіксіз қолдау нәтижесінде мүмкін болып отыр. Сондықтан берілген мүмкіндіктер тиімді пайдаланылуда деп айта аламын.

– Сіз бұл салада 2010 жылдан бері жұмыс істейсіз. Ауыл шаруашылығына қолдау көрсету тәртібі содан бері қаншалықты өзгерді? Мұнымен бірге демеуқаржыны рәсімдеу ісіндегі өзгешеліктер жөнінде айта кетсеңіз.

– Ол кезде демеуқаржы бүгінгідей емес, азырақ еді. Бөлінетін қаражат көлемі жөнінде айтпаса да түсінікті, ол жылдан-жылға арту үстінде. Мәселен, соңғы бес жылда өңірлік агроқұрылымдарға құйылған қаржы 5,5 есеге өсіп, яғни 34,1 млрд. теңгеге жетті.

Бұрындары шаруашылық иелері демеуқаржы алу үшін аудандық бөлімдерге бірнеше мәрте барып, құжат жинап, оларды өткізгенше әлекке түсетін. Қазір мұндай шаруалар электрондық нұсқада жасалады. Жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы өтініш берушіге тиісті жауап қайтарылады. Ал биылдан бастап субсидиялау ісі ақпараттық есеп жүйесі арқылы жүзеге асырылатын болады.

– Тәуелсіздік күні қарсаңында “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталдыңыз. Бұл – құрмет қажырлы еңбегіңізге берілген жоғары баға. Ендеше, нәтижелі еңбектің бастауы неде деп ойлайсыз?

– Ұйымшылдықта. Әр басшы білікті қызметшілердің бірлесе жұмыс істеуін ұйымдастыра білуі тиіс. Мен өзім адамдардың дер кезінде шешім қабылдай білетін қасиеттерін бағалаймын. Талап қойғышпын.

– Көпшілік әйел үшін ауыл шаруашылығы сияқты салада жауапты қызмет атқару оңай емес деп есептейді. Бұл пікірмен келісесіз бе?

– Меніңше, білікті қаржыгер-экономист маман ауыл шаруашылығы, мейлі құрылыс болсын, кез келген салаға қатысты қаржылық мәселелердің жілігін шаға білуі тиіс. Бұл жерде әйел, ер деп бөлудің қажеті жоқ. Мен еңбек жолын Тимирязев аудандық білім бөлімінде экономист болып бастадым. Содан өзім туған Шал ақын ауданында экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы болып, кейін Мағжан Жұмабаев және Шал ақын аудандары әкімдерінің экономика мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Аудандардағы негізгі есеп-қисап менің мойныма жүктелді десем болады. Осының бәрі мол тәжірибе жинақтауыма септігін тигізді. Қазіргі жұмысым күрделірек болса да, ауыл-аймақты дамытудағы ісімді жалғастырып жүргеніме ризамын.

– Жұмыста талапшыл екеніңізді айттыңыз, үйде, жақындарыңыздың арасында қандай жансыз?

– Әу бастан маңызды шешімдерді өзім қабылдап үйренгенмін. Газет бетінен қаржыгер-экономист мамандығына студенттер қабылданатындығы жөнінде хабарландыруды көріп, Алматыға оқуға жиналғаным есімде. Үйдегілер бұл жөнінен кейінірек барып құлағдар болды. Осылайша, өз қалауым бойынша мамандық таңдап, бүгінгі биіктеріме қол жеткіздім. Бұл әке-шешемнің берген тәрбиесімен бойға сіңген қасиет те болар. Мен Афанасьевка ауылында дүниеге келдім. Әкем Поселке Құсайынұлы – басшылық қызметте болған адам. Анам Мағрипа Қуандыққызы алты баланың қамымен жүрді. Әкеміз орнатқан темірдей тәртіпке бағынып өссек те, таңдау мәселесіне келгенде толық еркіндік берілетін. Ешқашан бетімізді қайтарған жоқ. Мен де өз қызымды солай тәрбиеледім. Ол құқық саласы бойынша оқу бітірді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.