ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ҚОЛДАУЫ

Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды пайдаланып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған қыз-келіншектер саны жыл санап қалыңдай түсуде. Заман талабына сай болуға ұмтылған нәзік жандар көздеген мақсатқа қол жеткізу жолында аянбай қызмет етіп жүр. Келесі даму белесін айқындап берген Елбасының Қазақстан халқына арнаған “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауын іскер әйелдер бірауыздан қолдап, “дөңгелек үстел” басында талқылады.

Жиынға денсаулық сақтау, білім беру салаларында, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында еңбек етіп жүрген нәзік жандар қатысты. Шарада маңызды бағдарламалық құжатта көрсетілген он негізгі бағыт тілге тиек етілді. Кәсіптің көзін тапқандар жетінші міндетте айтылған “Адами капитал – жаңғыру негізі” бағытына тоқталып, өз ойларын ортаға сала отыра, цифрландыру ісіне байланысты қазірдің өзінде қолға алынған жұмыстарды саралады.

– “Клишина” жеке кәсіпкерлігі өз жобасын “Смарт Петропавл” бағдарламасына енгізді. Енді сол бойынша жұмыс істейтін болады. Бұл басы ғана, алдағы уақытта осы бағытта жүзеге асырылатын істер ауқымды, – деді облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева.

“Здравствуйте” ЖШС-нің директоры Надежда Пирожкова Жолдауда айтылғандай, білім беру және денсаулық сақтау салаларына цифрлық жүйені енгізу қажеттілігіне байланысты өз көзқарасын білдірді. Фармацевтикалық компания үшін Елбасы алға қойып отырған міндеттің маңызы зор.

– Қазір барлық сала даму үстінде. Солардың қатарында денсаулық сақтау саласы да бар. Өзіміздің орталыққа заманауи технологияны енгіземіз. Осылайша, тұрғындарға сапалы қызмет көрсететін боламыз. Қазір бізде медициналық қызмет көрсетуге рұқсат беретін жеті лицензия бар. Алдағы уақытта тағы екеуін алмақпыз, – дейді жиынға қатысушы Надежда Пирожкова.

Жиынға қатысушылар Жолдаудың әр бағытына тоқталып, оның қажеттілігімен қатар, жүктелген міндеттерді іске асыру бағытында атқарылып жатқан нақты жұмыстар жайында айтты.

Дамудың жаңа кезеңіне тың серпін беретін Жолдауды талдауға арналған шараны облыстық іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырды. Бүгінде қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде қатысатын бұл ұйымға 500 адам мүше болып отыр. Олардың барлығы Жолдау жүктеген он міндетті әріптестері мен өздері жетекшілік етіп отырған кәсіпорындағы қызметкерлерге түсіндіруде.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика