ТАБЫС КӨЗІ

Бүгінгі таңда елімізде шағын бизнесті, әсіресе, жастардың кәсіпкерлігін дамытуға айрықша назар аударылуда. Осыған сәйкес, Петропавл қаласында жастардың кәсіп­керлігін дамыту мен қолдауды көздейтін “Жас кәсіпкерлер мектебі” жобасының кезекті легі оқу курсын бастады. Бұл жолы жергілікті мектептердің алпыс жоғары сынып оқушысы бизнестің қыр-сырын үйреніп, білімдерін жетілдіру мүмкіндігіне ие болды.

“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның мақсаты жастарға бизнес-идеяларын жүзеге асыруға, сондай-ақ, өз кәсібін ашу арқылы табыс табуға көмектесу болып табылады.

Кәсіпкерлер палатасының бизнес-жаттықтырушысы Елена Коняхинаның айтуынша, оқу барысында тыңдаушыларға кәсіпкерлік қызметін жүргізу негіздері және бизнес-жоспар дайындау бойынша оқу-әдістемелік материалдары, сондай-ақ, шағын кәсіпкерлікті құру идеяларының анықтамалары ұсынылады. Екі апта бойы жүргізілетін сабақ қазақ және орыс тіліндерінде өтеді.

– Біздің мақсатымыз – оларды дұрыс бағытқа салу, бизнес-жоспарды дұрыс құруды үйрету, жалпы алғанда, бойларына сенімділік ұялату. Мен жастарға бизнеспен өмір сүру керек деп түсіндіремін. Оқу курсының алғашқы екі күнінде қатысушылар идеяларын жүзеге асыруды, нарықты зерттеуді, қаржы көзін табуды, мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгіне білуді, жобаны жүзеге асыруға жұмсалатын шығынның көлемін анықтауды үйренді, – дейді бизнес-жаттықтырушы Елена Коняхина.

“Жас кәсіпкерлер мектебі” жобасы шеңберінде жүргізілетін жұмыс барысында орталықтың бизнес-жаттықтырушылары, салық органдарының мамандары мен облыстың табысты кәсіпкерлері дәріс оқитын болады. Оқу қорытындысы бойынша бизнес-жоспарларын жоғары деңгейде қорғап шыққан қатысушыларға сертификаттар табыс етіледі. Ал палатаның мамандары сарапшы комиссияның іріктеуінен өтіп, мемлекеттік грант алуға үміткер атанған үздік жобаларға жүзеге асырылуынан бастап, алғашқы табысын алғанға дейін көмек көрсетеді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика