ЕҢБЕКТЕНГЕННІҢ ЕҢСЕСІ БИІК

“Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі”, – деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында. Президенттің айтқан сөздері айыртаулық кәсіпкер Данияр Бестаев үшін басты қағидаға айналып отыр.

Бүгінгі таңда ауылда тұратын шаруаға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан түрлі бағыттағы қолдаулар өз нәтижесін беруде. Қолдау бар жерде табысты еңбекке жол ашылатыны белгілі. Осыны терең ұғынған жерлестеріміздің бірі – “Бестаев Д.Ж.” жеке кәсіпкерлігінің басшысы Данияр Бестаев.

Осыдан үш жыл бұрын Астана қаласындағы кәсіпорындардың бірінде жұмыс істеген Данияр зайыбы Гүлдәуренмен және бір жасар сәбиімен туған жері – Айыртау ауданына оралып, өз кәсібін ашуды көздеген. Алғашқыда ол аудан орталығында “Донер Кебаб” шағын асханасын ашты. Жылдар өте келе ісін дөңгелетіп, мал шаруашылығын дамыту мақсатында “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы арқылы 2,5 миллион теңге несие рәсімдеді. Бұл ақшаға 15 ірі қара сатып алды. Арада бір жыл өтісімен, шаруашылықтағы мал басы 30-ға жеткен, оның 24-і – сауын сиыр.

Данияр Бестаев жаз мезгілінде сауылған сүттің әр литрін 88 теңгеден “Гормолзавод” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аудандық филиалына өткізеді. “Новоукраинка” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрып, асылтұқымды мал басын арттыру мақсатын көздеген ол 2016 жылы өз қаражатына 2 бұқа сатып алды. Шаруашылықтың техника паркі “Беларусь” тракторымен, польшалық “Вирикс” роторлық шалғысымен толыққан. Бүгіндері кәсіпкер төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып, еңбекақысын уақытында төлеуде.

Өткен жылдың тамыз айында өз үйінің жанынан ағаш өңдеу цехын ашып, ұзындығы – 50, ені 12 метр болатын мал қораның құрылысын аяқтаған. Қазіргі уақытта малға қажетті жемшөп қоры жеткілікті.

Ісінің оңға басқанын байқаған жас кәсіпкер жақын арада тауарлы-сүт ферма ашып, ірі қара санын арттыруды көздеп отыр. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында 233 гектар алқапты жалға алып, егістік және мал жайылымы үшін пайдаланбақшы. Мал азығын себумен айналысу да жоспарында бар.

Даниярдың игі жобаларына қолдау көрсеткен Астана қаласында кәсіпкерлікпен айналысатын ағасы Азамат Қарабатырдың, туған бауырлары Дәурен мен Жәнияның еңбегін атап өткен жөн. Балаларының мал шаруашылығын дамыту жөніндегі идеясын ата-аналары Жанболат пен Бақыт Бестаевтар да құптап отыр. Кәсіпорынның іргесі қаланғаннан бері механизатор Алексей Клюев, ағаш өңдеу шеберханасының маманы Павел Болдырев пен жұмысшы Алексей Семенков жас кәсіпкерге қолдау көрсетіп келеді.

Қазіргі таңда ауылда жұмыс жоқ деп өкіну қисынсыз. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мол мүмкіндікті пайдаланып, кәсіпке бет бұруға ешқашанда кеш емес.

Бағлан ҚОЖАҚОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Айыртау ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика