ШҰЖЫҒЫ ШЕТЕЛДЕ ДЕ ӨТІМДІ

Нарық бәсекесінде табыс кілтін таба білген, өндірісі өрге домалаған “Казмясопродукт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің соңғы жылдары қол жеткізген табыстары ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Серіктестік облыстық және республикалық байқауларға жүйелі қатысып қана қоймай, солардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанған. Үнемі оза шауып, бәйге алып жүрген ұжым 2007 және 2014 жылдары “Қазақстанның үздік тауары”, 2007, 2009, 2012, 2013 жылдары “Алтын сапа” аталымы бойынша республикалық байқаулардың жеңімпазы деп танылды, 2014 жылы ел бойынша өткен “Парыз” байқауына қатысты. 2006 және 2014 жылдары “Солтүстік Қазақстанның үздік тауары” аймақтық байқауында, сондай-ақ, 2007 жылы кәсіпорындарды басқаруда тиімді жүйе енгізгені үшін облыс әкімінің дипломымен марапатталды. 2009 жылы отандық өндірісті дамытуға қосқан сүбелі үлестері бағаланып, Индустрия және сауда министрлігінің Алғыс хатына ие болды.

Серіктестік 2005 жылы құрылған. Бұл кезде іргеміздегі Ресейден біздің өңірге арзан ет пен одан жасалған өнімдер толассыз келіп жатқан болатын. Елімізде енді құрылып жатқан мал шаруашылығы кешендері мардымды жұмыс істей алмады. Сол жылдары агроөнеркәсіп кешенін мемлекет тарапынан қаржыландыру да өз дәрежесінде жүргізілмеді. Сондықтан “Агропищекомбинат” өндірістік базасы негізінде құрылған серіктестіктің жұмысы алғашында тұралап қалған болатын. Бірақ кәсіпорын басшылары компанияның жұмысын ілгері бастыруға жұмыла кірісіп, кері тартып келген қиындықтардан қисынын тауып шығуды көздеді. Ұйымшыл ұжым үш жыл қатарынан тер төге, аянбай жұмыс істеп, кәсіпорынды аяғынан тік тұрғызды. Ондағы цехтардың барлығы заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жарақтандырылып, жаңаша жұмыс істей бастады. Қосымша өндіріс алаңдары ашылып, сапа менеджменті жүйесі енгізілді.

Серіктестік басшыларының алдында тұрған басты міндет оны өңіріміздегі іргелі кәсіпорынға айналдыру болатын. Бұл үшін “Тек сапалы өнім!” деген сөзді ұран қылып ұстанулары, сол биіктен көрінуге бір кісідей атсалысулары керек болды. Осы бағыттағы істер бүгінде жарасты жалғасын табуда. Өнімдерді сапалы өңдеуді ұйымдастыру, тұтынушыларды көңілдері қалап сатып алатын тауарлармен, ал ет өңдейтін цехтарды сапалы шикізатпен қамтамасыз етуде іркіліске жол бермеу мәселелері қолға алынып, ол түпкілікті шешімін тапты. Тағам өнімдерін шығару барысында шикізаттың сапасына үлкен талап қойылады.

Уақыт өткен сайын жұмысы жандана түскен серіктестіктің кешегісі мен бүгінгісін салыстырсақ, айырмашылық жер мен көктей деуге болады. Бүгінде кәсіпорын бір айда 60 тоннадан астам шұжық өнімдерін шығарады. Ал мұнда таңдап жүріп сатып алатын талғампаз тұтынушыларға ұсынылатын шұжық және деликатестердің өзі бір жүзге жуықтаған. Жыл сайын тауарлардың ассортименті 10 пайызға ұлғайтылып отырады. Ол үшін жаңадан жасалынатын рецептуралар тексеруден өткізіліп, кезекті өнімді шығару өндіріске енгізіледі. Мұндай жаңашылдықтар серіктестікке өздері сияқты басқа да өндірушілермен бәсекелес болуға жол ашады. Бұл жерде, бәсекелестік өнімнің сапасына ғана емес, тұтынушыларға да тікелей қатысты. Кәсіпкерлікпен айналысатындар “тұтынушыларсыз – нарыққа жол жоқ” деп біліп айтқан ғой. Осыдан да шығар, серіктестікте маркетинг мәселесіне баса назар аударылады. Сыртқы және ішкі маркетингтік талдау ай сайын жүргізіліп, өндірілетін өнімнің сатып алушыларға жеткізілуі, сұранысқа қаншалықты ие екендігі мұқият зерттеледі.

– Біздің кәсіпорын жұмысының алға басып, табысты болуы шығарылатын өнімдерімізді “брендтік өнімдер” деп танып, сатып алатын тұтынушыларымыздың арқасы деп білемін. Оларға жоғары сапалы, пісірілген, ысталған, жартылай ысталған, сүрленген шұжықтардың, жартылай фабрикаттар, жылқы, сиыр, шошқа еті деликатестерінің түр-түрі ұсынылады. Мүшелеп сатылатын жылқы етінің сауда сөрелерінде жатып қалған кезі жоқ. Қаламызда фирмалық 12 дүкен жұмыс істейді, сондай-ақ еліміздің ірі қалаларындағы сауда нүктелеріне шұжық өнімдері үзбей жеткізіліп отырылады. Еуразиялық экономикалық одаққа еліміздің мүше болуы компания шығаратын өнімдерді шетелге экспорттауға кең мүмкіндік туғызып отыр. Біздің өніміміз еліміз бойынша ғана емес, сауда және өкілдік жүйелер құрылып, жұмыс істей бастаған шетелдерге де жақсы таныс. Жоғары сапа көрсеткішін мақсат тұта жұмыс істеуді біз өзімізге артылған зор міндет, абырой деп санаймыз, – дейді серіктестік директоры Серік Ілиясов.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.