АУАҒА ПАЙДА, АҚШАҒА ҮНЕМ

Бүгінгі заманда жүйрік көлігіңнің болғаны жақсы-ақ. “Темір тұлпарды” тақымдап аласың да, діттеген жеріңе жылдам жетесің. Алайда, техника тозбай тұрмайды. Ақауды жөндеу үшін қыруар ақша жұмсайсыз. Оның үстіне бүгінде жанармайдың бағасы да аспандап тұр.

Иә, бензин бағасы жиі көтеріліп, жүргізушілердің қалтасына салмақ түсіруде. Қазір “АИ-92” маркалы бензиннің бір литрі 159-162 теңге тұрады. Бір бак бензинге қаншама қаржы қажет екенін әрі оның қанша шақырымға жететінін кәнігі көлік жүргізушілері есептемей-ақ айтады. Сонда қымбатшылық қыспаққа алғанда, қаражатты қалай үнемдеуге болады? Бұл сауалдың жауабын экологтер тауып отыр. Олар ауаның ластану деңгейін төмендететін әрі арзанырақ тұратын жанармайдың баламалы түріне көшуге, яғни көлікке газ-баллон жабдығын орнатуға кеңес береді. Қазір сұйылтылған газдың бір литрі 73 теңгеден сатылуда. Өңірімізде бензинге қарағанда екі есеге арзан әрі әлдеқайда таза өнімге сұраныс қандай?

Жақында “СҚО Автогаз” жеке кәсіпкерлігінің директоры Денис Саксоновқа жолықтық. Осы салада 14 жыл бойы қызмет етіп жүрген ол өңірімізде “темір тұлпарларына” газ-баллон жабдығын орнатқысы келетіндердің қатары, әсіресе, жаз айларында артатынын айтты. Алайда, қыс мезгілінде бұл толқын саябырлайтын көрінеді. Өйткені, көлік жүргізушілердің дені газ-баллон жабдығы орнатылған көлік солтүстіктің қысында оталмайды деп ойлайды екен. “Көлікті газға ауыстыру бензиннен мүлдем бас тарту дегенді білдірмейді. Қозғалтқыш алдымен бензин арқылы оталып, температура 40 градусқа жеткенде автоматты түрде газ іске қосылады”, – дейді Денис Саксонов.

Кәсіпкер бұл жабдықтың артықшылықтарын түсіндіру мақсатымен әлеуметтік желілерде арнайы парақшалар да ашыпты. Желі қолданушыларынан келіп түсетін сұрақтардың дені осы оталдыру мәселесінен басталады екен. Дегенмен, тәжірибелі маман көлік жүргізушілерінің күдігін сейілтуден жалыққан емес. Әрбір сауалға егжей-тегжейлі жауап берген ол тауарын сатып алушылардың қатарын ұлғайтқан. Қазір кәсіпкер алдын ала жазылғандарды ғана қабылдап жүр.

Кәсіпкер Денис Саксонов “темір тұлпарларына” газ-баллон жабдығын орнатқан тұрғындар орталыққа 2-3 айда бір рет келіп, тексертіп тұрулары жөн деп есептейді. Сондай-ақ, газбен жүретін көлік редукторының сүзгілерін жиі ауыстырып отыру да маңызды. Ал қозғалтқыштан немесе көлік ішінен газ иісі шықса, дереу мамандарға көрсеткен абзал. Одан бөлек, газ-баллонын жүйелі түрде тазартып отырған дұрыс. Бұл ондағы қысымның шамадан тыс көбеймеуіне септеседі. Сондықтан маман әр азаматтың салғырттыққа жол бермеуі керектігін еске салды.

Оқырманға бұл мақала кәсіпкердің тауарына жасалған жарнама ретінде де көрінуі бек мүмкін. Алайда, біз ондай мақсат қойған жоқпыз. Біз мәселенің мән-жайын көлік жүргізушілерінен де сұрап білдік. Жанармай құю бекетінде көлігін газбен “қуаттандырып” тұрған Жұмабек есімді такси жүргізушісін әңгімеге тартқанбыз. “Жұмыс бабымен көлігіммен қаланың түкпір-түкпіріне қатынаймын. Кейде жолаушыларды ауылдарға да тасимын. Табысымның жартысы бензинге кететін. Қалтаның қамын ойлағандықтан, осыдан жарты жыл бұрын көлігіме газ-баллон қондырғысын орнаттым. Содан бері, шыны керек, аз шығынданатын болдым”, – деп ағынан жарылды ол.

Дегенмен, тағы бір респондентіміз алаңдаушылық білдірді. Өзін Аманжол деп таныстырған “Тойота” көлігінің иесі газды үш ай бұрын 68 теңгеге сатып алып жүргенін, содан бері аз уақыттың ішінде 73 теңгеге дейін қымбаттағанын айтты. “Газға ауыстық деп мәз болып жүргенімізде, оның құны да бензинмен бірдей болып кетпесе игі еді. Аумалы-төкпелі заманыңда баға тұрлаусыз болып кетті ғой”, – деп бір күрсінген ол газ-баллон жабдығына күніне жүздеген шақырым жүретін көлік жүргізушілері ғана ауысқанын қалайды. Өйткені, бұл жабдық солар үшін тиімді.

Газ-баллоны қаншалықты қауіпсіз? Білікті маман бұл күдігімізді де дәлелді жауабымен біржола сейілтіп тастады. Заманауи баллонның қабырғасының қалыңдығы 3-7 милиметрді құрайды екен. Бұл апаттық жағдайда да тесіле қоймайды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.