БІРІККЕННІҢ ІСІ ТИІМДІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін атап көрсеткен болатын. Осы орайда, Айыртау ауданында ауыл шаруашылығы саласына қатысты мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көріп отырғандардың қатары жыл санап артып келеді.

Елецкий ауылдық округінің тұрғыны Қыдырбек Сыздықов ауылда сүт өткізу қосынының қажеттілігін түрлі жиындарда көптен бері айтып жүрген болатын. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан қолдау зор екенін естіген ол аталмыш елді мекенде “Кругловка” ауыл шаруашылығы кооперативін құрды.

Қыдырбек Мұратбекұлы, осылайша, ауыл-аймақтарда кооператив арқылы тұрғындардың өз өнімдерін тиімді бағаға өткізуге мүмкіндік алатындығына көз жеткізген. Кооперативтің арқасында тұрғындардың мал өсіруге, сүт, ет өнімдерін тапсыруға ықыласы артып, материалдық жағдайы жақсара түскен. 2007 жылдан бері сүтті бағыттағы ірі қара өсірумен айналысып келген кәсіпкер бүгіндері егіншілікті де қолға алуда.

– “Көп түкірсе – көл” демекші, нарық заманында бірігудің қажеттігін түсіндік. Ауылдың бірқатар азаматтары кооперативке өз ниеттерімен келіп қосылды. Бүгіндері кооперативтің құрамында округтің Елецкий, Колесниковка, Междуозерное, Айыртау орман шаруашылығы ауылдарының тұрғындары бар. Алдағы уақытта көрші Сырымбет ауылдық округінің тұрғындарынан да сүт қабылдауды жоспарлап отырмын. Сүттің әр литрін 70 теңгеден сатып алып, Саумалкөл ауылындағы “Гормолзавод” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалына өткіземіз, – дейді Қыдырбек Мұратбекұлы.

Кәсіпкер ісін кеңейту мақсатында “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы арқылы алған 3 миллион теңге несиені бір жылдан соң қайтарғаннан кейін мемлекеттен демеуқаржыға қол жеткізді. Ал өткен жылы “Шалқар” несиелік серіктестігі арқылы 10 миллион теңгенің несиесін рәсімдеп, салқындатқыш пен шөп артқышы бар “МТЗ-82” маркалы тракторды сатып алған. Алдағы уақытта шаруашылыққа қажетті шөп жинақтағыш алу ойында бар.

Ауыл азаматы сауын малды асылдандыру мақсатында он шақты қазақтың ақбас бұқасын да сатып алған. Алдағы уақытта олардың қатарына симментал бұқаларын да қоспақшы.

– Шаруашылықта отбасыммен бірге жұмыс істеймін. Жазда екі ауыл тұрғынын жұмысқа алып, сүт қабылдау бойынша жұмысымды кеңейтуді көздеп отырмын, – дейді кооператив басшысы.

Бағлан ҚОЖАҚОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Айыртау ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.