ӘКЕ КӨРГЕН ҮЙ САЛАР

Бұдан екі-үш жыл бұрын қалалық әкімдікте құрылысшылар күні қарсаңында облыс орталығының басшысы Марат Тасмағанбетов оқушылардың жазғы каникулы кезінде демалатын лагерьлерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын уақтылы, сапалы жүргізген және қосымша нысандар салумен айналысқан бірқатар құрылыс фирмаларының басшыларына алғыс білдіріп, қошемет көрсетті. Солардың қатарында Оксана Грибанова басшылық ететін “Пилон” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бар еді. Құрылыс жұмысы ауыр, ерлерге ғана тән сала саналатындықтан, олардың арасынан нәзік жандарды көремін деп ойлай да қоймайсың.

Жақында Оксана Юрьевнамен кездесудің сәті түсті. “Амандасып алмай арыз айтпа” демекші, қызметі жайлы сыр суыртпақтамас бұрын, өзі жайлы, өмір жолындағы баспалдақтары жайлы сұрай отырып, әрі қарай жалғасатын әңгімемізге жол ашып алдым. Мектеп қабырғысында оқып жүргенде ұстаздарымыз: “Әкең қандай жұмыс істейді?” – деп сауал қойып, ертең өзіңнің кім болатыныңды сұраушы еді ғой. Оксананың әкесі Юрий Александрович құрылысшы болып істейтінін, қалада алғаш бой көтере бастаған 9-10 қабатты тұрғын үйлерде оның да қолтаңбасы бар екенін мақтана жеткізетін. Оксана кей күндері әкесіне еріп, құрылыс жұмыстары қызу жүріп жататын учаскелерге жиі барып тұратын.

“Әке көрген оқ жонар” деп басталатын мақал есейе келе мамандық таңдауда әкесіне ұқсап бағуға ұмтылған, жолын қуған Оксанаға да қатысты айтылғандай. Ол орта мектепті аяқтағаннан кейін көп ойланбастан құжаттарын Новосібір құрылыс институтына тапсырып, кейін құрылысшы-техник мамандығын алып шықты.

Жас кезінен түрлі құрылыс алаңдарында еңбек етіп, майталман маман, танымал құрылысшы атанған әкесінің жанынан ол қалай ғана алысқа ұзап кетсін?! Жанына жақын тәлімгері сол кісі болған. Заман ағымына сай бүгінде еліміз бойынша құрылыс индустриясы алға басты. Юрий Викторович те уақыт өте келе қызының жұмысқа ыңғайы барын, қабілет-қарымын тап басып байқағандықтан, өзіне ізбасарлыққа лайық санап, серіктестік директорының орынбасары қызметіне көтереді.

– Құрылыс жұмыстарын біз өз алдымызға жеке мақсат қойып, өзіміз үшін жүргізбейміз. Бәрі де алдымен халық үшін, қаламыздың көркеюі үшін, яғни көпшіліктің жақсы тұрмысы, баршаның игілігі үшін жасалады. Сондықтан да талап бәрімізге бірдей болуы тиіс. Жұмысымызға қатысты не істеп, не тындырып жатқанымыздың бағасын ертеңгі күні солар беретіндігін білдіріп, әкеміз бізге ақыл-кеңесін айтудан жалықпайтын, – деп көңілдегі ойын Оксана бүкпесіз білдіріп жатты.

Бүгінде отбасылық құрылыс компаниясын басқарып отырған Оксана Грибанованың бұл жерде “бізге” деп айтуының да өзіндік себебі бар. Олай болатыны, оның ағасы Станислав Шмагнов серіктестікте алғашқы еңбек жолын заңгер болып бастаса, қазір директордың орынбасары қызметін атқарып жүр. Ал Оксана Юрьевнаның ұлы Юрий Петропавл құрылыс-экономикалық колледжін құрылысшы-шебер мамандығы бойынша бітірген. Құрылыс жұмысына төселіп алған ол да салынып жатқан немесе жөндеу жұмыстары жүргізілетін нысандардың сапасына жауапты. Болашағынан үміт күттіретін Юрий құрылысшылар әулетінің мәртебесін биікке көтермек ниетте. Ол бүгінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің құрылыс факультетінде сырттай білім алып жүр.

“Пилон” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өңіріміз бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізуде қалдырған қолтаңбалары айшықты. Бәрін тізіп жатпай-ақ, бірер мысал келтіре кетсек, алдымен ауызға 2015 жылы Мамлют ауданының орталығында бой көтерген 320 орындық заманауи талаптарға сай мектепті атауға болады. Онда құрылыс компаниясы қосалқы мердігерлер, қаладағы іргелі кәсіпорын саналатын “Основание” және “Лира” ЖШС-імен бірлесе жұмыс істеген. Серіктестіктің құрылысшылары өткен жылдары бірнеше балабақшаға, мектепке және түрлі медициналық мекемелерге күрделі жөндеу жұмыстарын және қайта құру жұмыстарын жүргізген. Бүгінде кәсіпорын жұмысшыларының бір бөлігі “Береке” шағынауданында салынып жатқан 75 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына жұмылдырылған. Өткен жылы басталған нысанды олар биылғы тамыз айында аяқтауды көздеп отыр.

– Серіктестікте елу адам жыл бойы тұрақты жұмыс істейді. Жаз шыға атқарылатын жұмыстарымыздың көлемі біршама ұлғаяды. Ол уақытта жұмысшылар саны 200-ге дейін жетеді. Біздің өзіміздің үлкен өндірістік базамыз, ағаш өңдейтін басқа да цехтарымыз бар. Құрылыс болған соң ондағы жұмыстардың көпшілігі техниканың күшімен тындырылады. Ол жағы да толықтай ескеріліп, қажеттілерінің біразы сатылып алынған, – дейді серіктестік директоры Оксана Грибанова.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика