ТӘЖІРИБЕ ЖИНАДЫ

Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінде нәзік жандар кәсіпкерлігі бойынша тегін оқыту курсы өтті.

Кеңес жетекшісі Лейла Сайдашеваның айтуынша, үш күнге созылған тренинг барысында солтүстікқазақстандық қыз-келіншектер кәсіпті дамыту әдістері, кадрлық мәселені шешу, уақытты тиімді пайдалану бойынша білім алды. Бұл экспресс-курс әрекет етіп тұрған бизнестің көбірек қолдау тауып, жаңа жетістіктерге жетуі үшін басқа да құралдарды қолдануына көмектеспек. Астанадан арнайы келген білікті бизнес-жаттықтырушылар Медер Аматов пен Нұржан Қалиев бірнеше күнге созылған оқыту курсы барысында жұмыс бағытын таңдау, нарықты зерттеу, алдағы уақытқа жоспар құру, сату мен қызмет көрсетудің қыр-сырын үйретті.

– Әйелдер кәсіпкерлікте кездесетін тәуекелдерге жауапкершілікпен қарайды. Десе де, оларға әлі де тұрақты табыс әкелетін кәсіпкерлікті дамыту туралы жалпы білім қажет. Сол себепті мен өзімнің тәжірибеммен бөлісіп, бизнесте тек материалдық қажеттілікті ғана өтеп қоймай, сүйікті ісіңе айналдыру жолдарын үйретемін. Яғни, психология мәселелеріне көп көңіл бөлемін. Сондай-ақ, менеджмент жайында әңгіме өрбітіп, персоналды басқару жайын сөз етеміз, – деді бизнес-жаттықтырушы Медер Аматов.

Мұндай тренингтердің қажеттілігін бизнес субъектілері де мойындап отыр. Мәселен, “Restavration” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Айтықан Қалғаева қоғамдық тамақтандыру кәсібімен 12 жылдан бері айналысып келеді. Әуелі шағын асхана ашқан ол кейін мемлекеттік қолдаудың көмегімен жеке мейрамханасын іске қосқан. “Кәсіпкерлікті жүргізу тәжірибесі болса да, үйренетін нәрсе табылады. Мысалы, бізде кадр саясаты әлсіз болып тұр. Білікті мамандар тапшылығы орын алуда. Бизнес-жаттықтырушылар елімізде бұл мәселелермен айналысатын компаниялардың бар екенін айтып, заңнамадағы соңғы өзгерістерді түсіндірді, – деді Айтықан Қалғаева.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика