ТҰТЫНУШЫ ҚАЛАУЫ — САПАЛЫ ӨНІМ

Қызылжар өңірі – еліміздегі астыққа бай облыстардың бірі. Былтыр облыс диқандары гектар басынан орташа есеппен 18,2 центнерден өнім жинап, соңғы бес жылдағы жалпы астық өнімінің рекордтық көрсеткішіне қол жеткізді. Яғни 5,6 миллион тонна астық қамбаға құйылды. Ал енді жиналған мол астықты сақтап, кептіріп, игілікке асыру мәселесі де ұшан-теңіз жұмыс. Өңірімізде осы іспен айналысатын он шақты кәсіпорын бар. Солардың бірі – “Нұр Астық ЛТД” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгіндері облыс экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда.

Серіктестіктің директоры Ғалымжан Сейітжанов маңдай термен өсірілген ризықты өз кәсіпорнында ұқсатып, одан алынған өнімді өткізу туралы шешімге келу үшін он ойланып, мың толғанған екен. Алға қойған игі мақсатын жүзеге асыру үшін нарықты жан-жақты зерттеп, ой сүзгісінен өткізген. Осылайша, 2014 жылы “Даму” қорының көмегіне жүгініп, “Казкоммерцбанк” акционерлік қоғамының облыстық филиалынан жылына алты пайыздық мөлшерлемемен несие рәсімдеген.

– Банктен алған несиеге Қызылжар ауданындағы Кондратовка ауылында жұмысы тоқтап тұрған диірмен кешенін сатып алып, бірнеше жыл жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Әрине, бастапқыда біраз қиыншылыққа кезіктік. Сол жылы жиі жауған жаңбыр атқарып жатқан жұмысымызға кедергі келтірді. Дегенмен, орақ науқаны қарсаңында ширақ қимылдап, кабельдерді тартып, кептіргіштер мен трансформаторларды орнатып үлгердік, – дейді Ғалымжан Керімжанұлы.

Міне, осылайша білек сыбана кіріскен кәсіпорын жұмысшылары жергілікті шаруашылықтардан бидайды қабылдап, оны тазалау, кептіру бойынша қызмет көрсетіп келеді. Компаниядағы “Соп-32” агрегатымен тәулігіне 500 тонна бидайды кептіруге болады. Кейін серіктестіктегі темір жол бойында орналасқан екі диірмен іске қосылды. Бүгінде олардың бірі тәулігіне 150 тонна өнім шығара алатын түріктің “Ак-дегирмен” диірмені бидайдың сапасына қарай жалпы өнімнің 70-75 пайызын өңдейді. Ал әйгілі “Бюллер” технологиясы негізінде жасалған ескі орыс диірмені 2016 жылы іске қосылған. Кәсіпкердің айтуына қарағанда, оны іске қосу үшін біраз күш жұмсалыпты. Қазіргі таңда түріктің диірмені ғана үздіксіз жұмыс істеп тұр. Екінші диірмен компанияның қызметіне сұраныс артқан уақытта, яғни күзгі орақ науқаны барысында іске қосылады.

Қазіргі уақытта ісі өрге басқан кәсіпкердің диірмендерінде жоғары, бірінші және екінші сұрыпты ұн үгіледі. Егер алғашқысы “Қазақстанда жасалған” сауда белгісімен ішкі нарықта саудаланса, соңғы екеуі Ауғанстан мен Өзбекстанға экспортталады. Бүгіндері серіктестіктің тұрақты тұтынушылары қалыптасқан. Серіктестік олардан бүгінге дейін 25 мың тоннаға жуық астық қабылдапты.

Бүгінде тоқсан адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған компаниядағы орташа айлық еңбекақы 70-75 мың теңгені құрайды. Кәсіпорын жұмысшыларының жартысы Кондратовка ауылының, ал қалғаны Петропавл мен Мамлютка қалаларының тұрғындары.

Астықтың сапасына серіктестік аумағында орналасқан зертхананың жоғары білімді үш зертханашысы жауапты. Зертхана заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталғанына қарамастан, ұн үгуге мүлдем жарамсыз бидайдың қабылданған кездері болған. Мәселен, үстіміздегі жылы шаруалардан қабылданған бидайдың бір бөлігі қаракүйе ауруына шалдыққаны анықталды. Ол бидай кейін иелеріне қайтарылған. Әңгіме барысында Ғалымжан Сейітжанов қазір ұн бизнесін дағдарыс қысып тұрғанын ашық айтты.

– Өкінішке қарай, бүгінде өткізу нарығының көкжиегі тарылуда. Бұрын Өзбекстан елі Қазақстаннан бір миллион тонна ұн, 200-300 мың тонна бидай импорттайтын болса, кейінгі бір-екі жылда жағдай түбегейлі өзгерді. Қазір олар керісінше, бидайдың көлемін арттырып, бар-жоғы 200-250 мың тонна ұн сатып алатын болды. Біздің бидайдан өздері ұн шығарып, ауған нарығына біздің бағадан 20-30 долларға төмен ұсынып отыр. Өзбекстан Үкіметі бидай экспорттаушыларға тариф бойынша жеңілдік жасаған. Осыған байланысты Сарыағаш бекетінде бірінші сұрыпты ұн тоннасының бағасы 190 доллардан 175 долларға дейін төмендеді. Ауғанстанның Хайратон бекетіне Өзбекстан арқылы өту үшін транзиттік тариф – 55 доллар. Сөйтіп, жерлестеріміз ұнның бір тоннасын 230 долларға ұсынады. Ал өзбек ағайындарымыз бағаны бізден төмен қойып, тауарының бір тоннасын 205-210 долларға саудалауда. Сол себепті, елімізде бірқатар диірмен жабылып қалды, – дейді Ғалымжан Сейітжанов.

Нарық жағдайын жақсы түсінетін кәсіпкер диірмен кешеніне Мамлютка бекетінен локомотив келетінін атап айтты. Кондратовка бекеті жанында жұмысын жүргізіп отырған субъектілер аз болған соң, жабылып қалыпты. Бұл өнімнің өзіндік құнына әсер етіп, қалтаға салмақ түсіруде. Мәселен, локомотивтің бір келіп кетуі 180 мың теңгеге бағаланады. Сондай-ақ, электр қуаты мен тасымалдау тарифтері де көтерілген. Кәсіпкер жоғары орган араласпаса, жағдайдың түзелмейтінін тілге тиек етті. Бір кездері ұнды шығаруға 20 пайыздық баж салығы енгізілген болатын. Кейін ол 10 пайызға түссе, қазір ол мүлдем жоқ. Бүгіндері Түркия ұн экспорты бойынша көш бастаса, сапасы қазақстандық бидайдан біршама төмен Өзбекстан екінші орынға шыққалы тұр. Кәсіпкер алдағы уақытта бұл мәселенің шешімін табатынына үміттенеді.

Бүгінде кәсіпорын директоры саладағы бәсекелестікті арттыру үшін 3 мың тонна ұн үгіп, оның 20-25 вагонын экспортқа жіберуді алдына мақсат етіп қойып отыр. Ал 500-600 тоннасын жергілікті нарықта сатуға ниетті. Осы мақсатта серіктестік басшылығы облыс орталығындағы “Қызылжар” коммуналдық базарында сауда нүктесін ашып, жоғары сұрыпты дайын өнімді 50, 25, 10, 5 және 2 килограмм өлшеммен қаптап, сатуда. Сондай-ақ, өңделген бидайдың бір бөлігі өңіріміздің және Оңтүстік Қазақстан облысының тұтынушылары мен құс фабрикаларына жөнелтілуде.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика