РӘСІМДЕР ЖЕҢІЛДЕТІЛДІ

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы тиімді жеңілдіктер ең алдымен кәсіпкерлердің өрісін кеңейтуге бағытталған. Осы саладағы заңға енгізілген толықтырулар мен өзгерістер туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев айтып берді.

Палата директорының айтуынша, “Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы” Заңға енгізілген өзгерістер өз ісін осы саламен байластыратын кәсіпкерлер үшін қолайлы болмақ. Бастысы – әріптестік аясындағы жобаларды үдерісі 5-тен 3 кезеңге дейін қысқартылады. Яғни, үдеріс инвестициялық ұсыныстардың сараптамасы жасалып, конкурсты өткізу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшартына отырумен шектелмек. Екіншіден, “Бағдарламалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік” ұғымы енгізілді. Бұл қосымша сараптама жасамай-ақ, жеке серіктесті іріктеудің барлық рәсімдерін жеңілдетілген түрде жасауға мүмкіндік береді. Әріптестік жобалары бойынша тұтыну кепілі де ұзартылды. Яғни, мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша тауарды, жұмысты, қызмет түрлерін тұтыну кепілі үш жылдан кем болмайды. Жобаларды дайындау мерзімінің жеті айдан үш айға дейін қысқартылуы да тиімді серіктестікті қолжетімді етуге бағытталған шаралардың бірі.

Заңға мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлаудың ерекше тәртібін бекітуге, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында жеке серіктесті іріктеуге, мемлекеттік міндеттерді қабылдауға қатысты өзгерістер енгізілді.

– Егер де мемлекеттік бастама болса, мемлекеттік әріптестік жобаны жүзеге асырудың мақсаттылығы туралы мемлекеттік инвестициялық жобаның ұсынысына конкурстық құжаттаманы әзірлейді. Егер тікелей келіссөздер болса, бизнес-жоспар әзірленеді, – деп түсіндірді Дархан Қалиев.

Ықтимал жеке серіктестердің тізілімін жасау, ұзақмерзімді мемлекеттік міндеттерді орындау кепілдігі ретінде мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің келісімшарттарын тіркеу сияқты толықтырулар да заңда көрініс тапқан.

– Бүгінгі таңда облысымызда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында төрт жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде екі балабақша, теннис орталығы және офтальмологиялық орталық ашылмақ. Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің аймақтық орталығымен бірлесе отырып, аталған жобалардың орындалуын қадағалап, мемлекетпен әріптестік аясында жұмыс істеуге ниетті кәсіпкерлерді тарту бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз, – дейді кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика