ЦИФРЛАНДЫРУҒА БЕТ БҰРҒАН

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр Үкіметке “Цифрлық Қазақстан” кешенді бағдарламасын қабылдауды тапсырған болатын. Бұл мәселе үстіміздегі жылғы “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауда да көрініс тапты. Біздің өңірде цифрландыру бойынша нақты жобаларды ұсынып отырған өндіріс орындарының бірі де бірегейі “С.М.Киров атын­дағы зауыт” акционерлік қоғамы болып табылады. Жуырда біз зауыттың цехтарында болып, оның жұмысының жаңа бағытымен, атап айт­қанда, электронды өнеркәсіпті өркендету үшін қажетті шағынсызбалар мен баспа платаларының өндірісімен танысып қайттық.

1941 жылы қазығы қағылған бұл зауыт – бүгіндері цифрлық спутниктік және эфирлік телерадиохабар­ларын таратуға арналған жабдықтардың толық топтамасының өндірісін жүйелі жолға қойған отандық бірден-бір кәсіпорын. Әлеуетті өндіріс ошақтары арасында жетекші орынға ие зауытта Индустрияландыру бағдарламасы табысты жүзеге асырылып, заманауи инновациялар кеңінен қолданылуда. Цехтарды жаңа қондырғылармен жабдықтаудың арқасында еңбек өнімділігі, өнімдердің саны да, сапасы да арта түскен акционерлік қоғамда темір жол, мұнай-газ кешендері мен радиоэлектронды аппаратура, сандық теледидарды ұйымдастырудың техникалық құралдары шығарылады.

Бізді зауыттың тыныс-тіршілігімен таныстырған маркетинг-сату департаментінің басшысы Медет Бекшеновтың айтуынша, зауытта “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында қолға алынатын жобаларға басымдық берілуде.

– Облысымызды Қазақстандағы электрониканы дамытушы негізгі өңірге айналдырудың мүмкіндігі бар. Ол үшін өз өндірістерімізді жетілдіріп, инвесторлар үшін жағдай жасауымыз қажет. Бүгіндері кәсіпорында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, цифрландыруға бағытталған құрал-жабдықтар қолданысқа енгізілуде. Бұл зауыттағы еңбек өнімділігін екі есеге ұлғайтып, бұйымдардың жаңа үлгілерін игеруге және шығарылатын азаматтық өнімдердің түрлерін айтарлықтай кеңейте түсуге мүмкіндік береді, – дейді Медет Ерікұлы.

КСРО кезінде еліміздегі танымал кәсіпорындардың бірі болған өндіріс орны соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнайы тапсырмасы бойынша көпарналы радиорелелі станция сияқты ұтқыр байланыс жүйесі кешендерін, “Отау-ТВ” сандық теледидарының “STV” құрылғысын, темір жол қауіпсіздігіне арналған аспаптарды жасауды қолға алған екен. Сондай-ақ, бірер жыл бұрын доңғалақты техникаларды жаңғырту үшін жаңа корпус салу арқылы өндіріс орны кеңейтілген.

Осындай жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы 4,1 млрд. теңгенің өнімін шығарған іргелі кәсіпорын биыл бұл көрсеткішті 8,9 млрд. теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Алдағы уақытта басшылық өндіріс орындарын ұлғайтып, қуатын арттыру мәселелерін қарастыруда. Бұл ретте “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ы Президент Жолдауында атап көрсетілген міндеттерге сәйкес, көпқабатты баспа платаларының және интегралды шағынсызбалар өндірісі бойынша жобаларды жүзеге асыруды қолға алмақшы. Мұндай отандық өнімдер өндіріс ошақтарындағы автоматтандырылған процестерді басқарудың сандық негізі бола алады. “Цифрлық Қазақстан” және “Кибер қорғау” бағдарламаларының аясында жүзеге асырылатын жобаға 2,2 млрд. теңгенің инвестициясы тартылған.

Зауыттағы конструкторлық-технологиялық бюроның мамандары кезекті Жолдауда басымдық берілген міндеттерді, оның ішінде “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын жүзеге асыру ісінде белсенділік танытуда. Бюроның жетекшісі Игорь Моисеенконың айтуынша, жаңғырту жұмыстары 2019 жылға дейін жалғаспақ.

– Конструкторлық-технологиялық бюроның міндеті – жобаларды жазу, техника және технологияны жетілдіру, қолданбалы зерттеулерді жүргізу, кәсіпорынға жаңа өнімдерді игеруде қолдау көрсету, бағдарламаларды құрастыру және оны енгізу болып табылады. Мұндай маңызды жұмысты сапалы атқару үшін білікті мамандардың қажет екені сөзсіз. Қарамағымдағы 19 қызметкердің барлығы да тәжірибелі де білікті мамандар. Қызметкерлердің басым бөлігі – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің түлектері. Негізінен инженерлік және техникалық мамандықтарын меңгерген жас мамандар. Әлеуеті мен тәжірибелері де жеткілікті, – дейді Игорь Александрович.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауынан туындаған міндеттердің бірі – жаңа сандық технологияларды енгізу. Бұл тұрғыда да “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ы ел бойынша көш басында келеді. Мұнда алғашқы 3D принтерді құрастыруға төрт айдай уақыт кеткен. Инженер-конструкторлар Стас Савченко, Александр Решетан және Максим Кропевьяновтың қолынан шыққан 3D принтердің бағасы жарты миллион теңгенің шамасында, яғни нарықтағы өзге аналогтарға қарағанда әлдеқайда қолжетімді.

– Кәсіпорын мамандары құрастырған 3D принтерлер қазір Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде, ал екіншісі облыстық денсаулық сақтау басқармасында сынақтан сәтті өтіп жатыр. Біздің өнім – Қазақстан бойынша аналогы жоқ, бәсекеге қабілетті өнім. Бағасы да қолжетімді принтерлер алдағы уақытта білім беру, машина жасау, әуесқой модельдеушілер арасында үлкен сұранысқа ие болады. Зауыт алдағы уақытта бұл құрылғының білім беру мекемелеріне арналған жеке бағдарлама қамтылған түрін шығаратын болады, – дейді Медет Ерікұлы.

Шынына келгенде, 3D принтердің мүмкіндігі шексіз. Ол ондаған жылдардан бері автоматтандыру мен ғарыш саласында пайдаланылып келген, құрылғы арқылы жасалған көптеген құрамалы бөлшектер ұшақтарда, адамсыз ұшатын аспаптарда және спутниктерде қолданылуда. Тұрмыс-тіршілікте, ғылым мен білімде кең көлемде қолданысқа ие болатын үш өлшемді игілікті медицинада пайдаланудың кеңістігі де аса зор. Оның көмегімен мамандар медицина саласында титаннан жамбас сүйектің көшірмесін және керамикадан тіс протездерін жасау үшін үш өлшемді кескінді қолданады.

“Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын жүзеге асырып жатқан өндіріс ошағында кадр мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бүгіндері зауытта 700-ге жуық адам еңбек етсе, олардың дені – аға буын өкілдері. Серіктестіктегі орташа жалақы – 156 мың теңгені құрайды. Жыл соңына дейін оны 170 мыңға дейін жеткізу жоспарланған. Ұрпақ сабақтастығын сақтау мақсатында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің техникалық мамандықтарының түлектері жұмысқа тартылуда. Бүгіндері зауыттың бас инженері Евгений Белоусов, сервистік қызметті басқаратын Николай Кожемякин сол кезде жұмысқа тұрған жас мамандардың алғашқы легі болатын. Ал олардың ізін басқан Әнуар Кәкен, Анна Зарецкая және тағы басқа жас мамандар ұжымда еселі еңбек етуде.

Өңіріміздегі байырғы өндіріс орнының “Алтын сапа”, “Қазақстанның үздік тауары” және “Парыз” республикалық байқауларында алған дипломдары да кәсіпорынның беделін айғақтайды. Мәселен, өткен жылы “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ы “Тұрғындарға арналған үздік тауарлар” аталымында сандық теледидарға арналған жабдығы, 3D принтер, жер серіктік қабылдағышы үшін – екінші орынға ие болды.

Серіктестік қаржылық мүмкіндіктеріне қарай жыл сайын цехтарды заманауи құралдармен жабдықтауға көңіл бөлуде. Үкімет қолдауының арқасында әр жылдары “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша рәсімделген несие қаражатына өндіріске қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған. Осы және тағы басқа мемлекеттік, инвестициялық қолдаулардың арқасында ісі өрге басқан кәсіпорын өткен жылы 4,1 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Іргелі кәсіпорын үстіміздегі жылы бұл көрсеткішті 8,9 млрд. теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика