ҚАҒАЗ ҚАЛДЫҚТАРЫ ДА КӘДЕГЕ АСПАҚ

Бұдан былай керексіз болған қағазды жұмарлап, қоқыс жәшігіне лақтырып жібермей, арнайы экобоксқа тастаған жөн. Бұл ісімізден Табиғат-Анаға да, жарымжан жандарға да, кәсіпкерге де келер пайда елеулі болмақ. Мәселе қағаз қалдықтарына арналған жәшіктер жайында болып отыр.

Мұндай жәшіктер облыс орталығындағы мемлекеттік мекемелерге орнатылып жатыр. Үшқабатты қалың қатырма қағаздан жасалған әрбір контейнерге шамамен 20 килограмм қағаз сияды екен. “Вторсырье” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қайыржан Айсин осындай бір мың экобокс сатып алыпты. Енді оларды өтініш берген қала ұйымдары мен білім ордаларына орнату қажет.

Кәсіпкер айына 20 тонна макулатура жиналса, 40 ағаш кесуден құтқарылады деп топшылайды. Қызығушылық білдірген компаниялар қатары көбейсе, жанға сая жасыл желек қорына да сирек қол сұғатын боламыз. Ал түскен табыстың бір бөлігі мүгедек кәсіпкерлер мен емге зәру балаларға берілмек.

– Әрбір мекемеде күн сайын қаншама қағаз қоқысқа лақтырылып жатады. Біз қоқыс жәшігін экобоксқа алмастыруды ұсынып отырмыз. Кәсіпорындар үшін бұл қызмет түрі тегін. Жәшік толған жағдайда, оны өзіміз алып кетеміз. Әрбір 60 килограмм макулатура, яғни толық үш экобокс үшін ынталандыру ретінде бір бума кеңсе қағазын береміз. Алматыға жеткізілген макулатура қайта өңделіп, одан қағаз майлықтар мен дәретхана қағаздары шығарылады, – дейді “Вторсырье” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қайыржан Айсин.

Қалдықтарды заманауи тәсілмен жою арқылы полигондарға түсетін қағаз қалдықтарын барынша азайту көзделіп отыр. Әрі 2019 жылдың қаңтар айынан бастап Экологиялық кодекске енгізілетін жаңа нормаға сәйкес, өңдеуге болатын қалдық түрлерін қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына қабылдамайтын болады.

– Бүгінде мұндай жәшіктерді облыстық экология департаменті, орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы және басқа да мемлекеттік кәсіпорындардың кабинеттеріне орнатып жатырмыз. Аудан орталықтарында және ірі елді мекендерде қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру ісіне көмектесетін боламыз, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Владислав Орлов.

Облыс орталығына қоқыстарды бөліп жинауға арналған контейнерлердің орнатылғанына біраз болды. Қала бойынша пластик, қаңылтыр, шыны және қағаз қалдықтарына арналған 400-ге жуық жәшік бар. Осындай контейнерлер Ақжар, Қызылжар және Мамлют аудандарында орнатылып, өзге аудандарға да жеткізу жоспарланып отыр.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика