ЫНТЫМАҒЫ БАРҒА ЫРЫС ҚОНАДЫ

Уәлиханов ауданындағы “Жолдасбай Арго” фермерлік шаруашылығы – жомарт жерді идіріп, төрт түлігін өсіріп, ризығын еңбекпен тауып келе жатқан облыстағы ірі шаруашылықтардың бірі. Ата кәсіпті игеріп, туған ауылын көркейтуге атсалысып, жерлестерін жұмыспен қамтамасыз етіп отырған ағайынды азаматтар аз уақыт ішінде елге танылып үлгерді.

 

МАЛ ҚОҢЫ — КҮТІМНЕН

2011 жылы құрылған іргелі ұжымның тынымсыз тірлігі мал фермасынан басталады. Қожалық иелігіне кіреберістегі ашық алаңда бусанған сабанның үстінде жайбарақат күйсеп жатқан асылтұқымды қара сиырларға көзіміз түсті. Әкесінің ізімен ата кәсіпке бел шеше араласып жүрген Ардақ Қайырбек бірден ферма жұмысымен таныстыра бастады. Бұзаулау бөлімшесін, жаңа төлдеген сиыр базаларын араладық. Жан-жақтан мөңіреген бұзаулар, көңнің иісі өрістен мал қайтқан жазғы кештерді еріксіз еске түсірді. “Төлдеген уақыттан бастап қараша айына дейін бұзауларды кестеге сәйкес емізіп отырамыз. Көк тебіндеген соң барлық малды сыртқа шығарамыз. Әзірге жылы қоралардың ішінде болады”, – дейді төрт түліктің жайына қанық маман.

Мұндағы малдың тәуліктік салмақ қосуы 2 килограмнан асып, көрсеткіштері өзге қожалықтардан әлдеқайда артық болатыны мақтанышпен емес, өзгелердің тілі тимесін деген қазақи наным-сенімге сүйенген сақтықпен айтылады. Бағалы түліктің тілін таба білген шаруашылық басшылығы мал төлін жылы сумен суарып, уақытымен жемдеп, баптаса, өсім беретінін айтады. Сол себепті де мал шаруашылығын дамытуға ниетті қожалықтардың, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың тарапынан асылтұқымды ангус құнажындары мен бұқаларына деген сұраныс жоғары.

– Бүгінде етті мал шаруашылығын дамытуға, оның экспорттық әлеуетін арттыруға айрықша мән беріп отырмыз. Асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесін иелене отырып, етті әрі сүтті ірі қараны 900 бастан асырдық. 350 жылқы бар. Сиырларымыздың 75 пайызы бұзаулады. Алдағы уақытта мал басын көбейтсек дейміз. Шаруашылық әлеуетін кеңейтіп, сүт фермасын ашу да жоспарда бар,– дейді фермерлік шаруашылық басшысының орынбасары Серік Жолдасбаев.

 

ТАБЫС — ТУҒАН ТОПЫРАҚТА

Шаруашылық жайылымдары көктемгі күннің шуағына төсін кере, кең тыныстап жатыр. Сәлден кейін диқандар қыстың қыспағынан құтылып, бусанып жатқан алқаптардың тыныштығын ұрлап, көліктерін қаз-қатар тізіп, дән себу жұмыстарын бастайды. Бұл істе бірнеше серіктестікпен тізе қосуды ұйғарған шаруашылық биыл 25 мың гектар жерге дәнді және майлы дақылдар сеуіп, жемазық егуді жоспарлап отыр. Таңдаулы тұқым шаруашылығы болғандықтан, бұл жерде жоғары сапалы бидай, сұлы, зығыр, жүгері, күнбағыс өсіріледі.

Дала жұмыстарына дайындық техника паркінде де бірден сезіледі. Мұндағы 14 комбайн, ресейлік, француз, неміс тракторлары, 10 “КамАЗ” көлігі, бірнеше себу кешені дайын екендіктерін баяндағандай бір сапқа тізіліп тұр. Тек қаңтарылған бірнеше көліктің жанында жүрген диқандар өздері тізгіндейтін техникалардың тетіктерін тексеріп, ақауларын анықтап, қызу жұмыс үстінде. Ауыл шаруашылығы техникаларының қызметі мен қауіпсіздігіне жауапты механизатор шаруашылықтағы әр көлікке жеке тоқталып, техника тілімен оларды егжей-тегжейлі сипаттап жатыр. Түсінгеніміз, заманауи техника жұмысында мін жоқ – дала жұмыстарына сақадай сай. Астық сақтау ісіне зор мән берілетінін айтқан шаруашылық басшысы Сүйіндік Жолдасбаев: “Элеватор салып, астықты сапалы сақтау амалдарын жетілдіруді де жоспарлап отырмыз. Бүгінде көктемгі дала жұмыстарына 85 пайыз дайынбыз деп айта аламын. 400 тонна тыңайтқыш келді. Тұқымдар дайын”, – деді.

 

МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ӨТЕУІ

Былтыр Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін мал дәрігері мамандығы бойынша бітірген Ерғұлан Сәбитбектің қожалықта еңбек етіп жатқанына бір жыл болыпты. Ерғұлан – “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында осы шаруашылықта еңбек етуді қош көрген екінші маман. Бос орындар жәрмеңкесінде Сүйіндік Жолдасбаевтың көзіне түскен талапты жас шаруашылық басшысының ұсынысын бірден қабыл алып, Кішкенекөлге келген. “Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Мәселен, кеше ғана келген менің шаруашылық берген жеке баспанам, көлігім бар. Еңбекақым да жақсы. Тек өз ісіңді жетік біліп, ерінбей, аянбай, адал еңбек етсең болғаны”, – дейді мал дәрігері. Сол маңайдағы ірілі-ұсақты қожалықтармен бірлескен шаруашылықта еңбек ететін 140 жұмысшының орташа еңбекақысы 96 мыңның үстінде.

Сиырлар бұзаулап жатқан уақытта мал дәрігеріне үлкен міндет жүктеледі. Шаруашылықтағы екі ветеринар жаңа туған бұзауларды қадағалау ісіне жауапты. Оларға оңтүстікқазақстандық 4 жас қолғабыс етіп жатыр. “Серпін – 2050” бағдарламасы аясында Қотыркөл ауыл шаруашылығы колледжінің соңғы курсында оқып жатқан студенттер мұнда өндірістік тәжірибеден өтуге келген.

Ерғұлан сияқты мемлекеттік бағдарлама аясында мал дәрігері болып шаруашылыққа жұмысқа тұрған тағы бір жас маман бүгінде Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен екен. Әскердегі жігіттің үйі де, жұмыс орны да сақтаулы. Шаруашылық басшысы оған жұмысына қайта оралса, үймен қоса, бір жылғы еңбекақыны да толық беретінін айтқан. Басшының қамқорлығына ризашылығын білдірген жас маман әскер қатарынан босаған соң, Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын анасы мен қарындасын Кішкенекөлге көшіруді жоспарлап қойыпты.

Ұжым мүшелерінің тұрмыстық жағдайы дұрыс болса, олар да жасаған жақсылығыңды жақсылықпен қайтарып, аянбай еңбек етеді. Осыны жете түсінген Сүйіндік Қайырбекұлы шаруашылықты құрған сәттен бастап, қарамағындағыларға қамқорлық көрсетіп, барлық жағдайларын жасап келеді. Жылда жұмысшыларына тегін жемшөп, соғым етін беріп, сырттан келгендерді міндетті түрде баспанамен қамтамасыз етеді. Үй бес жыл жұмыс істеген жұмысшының атына түсіріліп, жеке иелігіне өтеді. Оңтүстіктен келген осындай 4 отбасы шаруашылықтың жайлы үйлерінде тұрып, аянбай еңбек етіп жатыр. Қыс уақытында демалысқа жіберілген жұмысшыларға жалақыларының 50 пайызы төленеді. Көктем келгенде олардың орнына басқа адам іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Биыл 35 жұмысшы тегін жолдамамен Қостанайдағы “Сосновый бор” санаторийінде демалып келген.

– Көңіл алаң болса, іс те алға баспайды емес пе? Қызметкерлеріміздің отбасыларында той болып жатса, қолдау көрсетеміз. Қайғылы жағдай орын алса, онда да көмегімізді аяған емеспіз. Бірақ талапты да сәйкесінше қоямын. Арақ-шарапқа қарсымын. Иісін сезсем, бірден жұмыстан шығарып жіберемін. Ағамның бірі қара мал басында, енді бірі – жылқыда, инженер ағам бар. Жұмыс барысын сол кісілерден сұраймын. Басты талап – қарамағымдағы жұмысшылардың қай-қайсысы болсын, атқарып жатқан істерін менен артық білулері керек. Егер істің мән-жайын мамандарымнан артық білетін болсам, олардың маған не керегі бар? Сол себепті оларды жұмысқа аларда, білім мен біліктілік деңгейі басты орында тұрады, – дейді фермерлік шаруашылық басшысы.

Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етумен қатар, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту ісінде де шаруашылықтың атқарып жатқан жұмыстары елеулі, еңбектері ерен. Былтыр Сүйіндік Қайырбекұлының облыс орталығындағы “Қызылжар” орталық мешітіне 4 миллион теңге көлемінде қайырымдылық қаржысын бергенін оның өзінен емес, басшылары туралы ерекше мақтанышпен айтқан жұмысшыларынан естідік. Елдің экономикасына елеулі үлесін қосып, туған ауылының гүлденуі үшін тынымсыз тер төккен ел азаматтарына амандық тілеп аттандық.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика