АТ ТҰЯҒЫН ТАЙ БАСАР

Қазақта “Ат тұяғын тай басар” деген мақал бар. Осы бір орайлы сөз Евгений мен Вячеслав есімді балаларын жанынан бір елі тастамай, ақыл-кеңесін айтып, өзі сияқты ағаш шеберлігіне үйреткен “В.Еремеев” жеке кәсіпкерлігінің директоры Виктор Еремеевке қарата айтылғандай.

Виктор Алексеевич жинаған азды-көпті қаражатына жиһаз цехын ашуды ұйғарады. Бастапқы кезден оның өз шаруасын ұйымдастыру барысында көрген қиындықтары да аз болмайды. Басқасын былай қойғанда, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін адамның бірқатар мекеменің табалдырығын тоздыратыны белгілі.

Өзінің кәсібін ашқан Виктор Алексеевич жиһаз жасау үшін қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға кіріскен. Бұл орайда да, бәрі оңай тындырыла қалмағаны түсінікті. Дегенмен, қарап қалуға болмайды. Жастайынан еңбекке етене өскен ол кешікпей шаруасын оңтайлы жолға қойып, түрлі жиһаздар шығаруды бастайды. Жанына баласы Викторды алып, оны да осы мамандықтың қыр-сырына ерінбей-талмай үйретеді.

Ал 2007 жылы отбасылық кәсіпке екінші ұлы Вячеслав қосылады. Шынын айтқанда, бұған дейін оның бұл мамандықтан ешқандай хабары жоқ болатын. Ол орта мектепті бітірген соң, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне түседі. Іргелі оқу орнын фермерлік іс мамандығы бойынша тамамдайды. Нарық заманында жас мамандарға аяқастынан жұмыс табыла қойсын ба? Содан да болар, ол жұмыссыз жүргенше әкесі мен ағасына қолғабыс жасауды жөн көреді. Бұл шешіміне Вячеслав бүгіндері қуанбаса, өкінбейді. Жиһаз жасаудың өзі ұсақ-түйек емес, бұл да бір өнер екенін түсінген ол көп нәрсеге қаныққанын жасырмайды.

Өткен жылдың желтоқсан айында “Жылдың үздік кәсіпкері – 2017” өңірлік байқауының жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты шара өткізілді. Оған 11 кәсіпкер іріктеліп алынса, олардың бірі “Отбасылық бизнес” аталымы бойынша жеңімпаз атанған жеке кәсіпкер Вячеслав Еремеев еді.

– Жұмысымыз жанданып, шығаратын өнімдеріміз көпшілікке таныла бастаған кез болатын. Ажалға кім қарсы тұра алады. Бізге қашанда ақылын айтып, қамқор көңілмен қарайтын әкеміз өмірден озды. Бірақ жұмысымызды тоқтатқан жоқпыз. Қайта оны барынша ширата түсуге тырыстық. “Жұмысты ырқыңа көндіре алмасаң, өндіре де алмайсың” демекші, еңбегіміз жыл сайын табысты бола түсті. Ісіміз алға баса беруі үшін басты назарды сапаға аударамыз, – дейді кәсіпкер.

Есімі қала тұрғындарына жақсы таныс кәсіпкердің ағасы Евгений бұдан бір-екі жыл бұрын Ресейге қоныс аударыпты. Бұл жағдай Вячеславқа қиындау соққанымен, жігерін жасыта қоймаса керек. Қазір ол жанындағы көмекшілерімен бірге өндірте жұмыс істеуде. Цехта кез келген ескірген жиһаз танымастай қалпына келтіріледі, қажет кезде тапсырыс бойынша жаңадан жасалады. Жиһаздардың түрі сан алуан. Бұларға ас үйлік, кеңселік жиһаздарды қосыңыз. Балалар жиһазы, диван, кресло, шкаф, жатын бөлмеге қойылатын гарнитур, сервант, есіктер де осы цехта еңбек ететін шеберлердің қолдарымен жасалады. Ал тауарлардың өтпей, шаң басып тұрып қалған кезі жоқ. Тапсырыс бергендердің бірі оны өз автокөлігімен алып кетіп жатса, келесілерін мекенжайға дейін жеткізіп беруді жеке кәсіпкер өз мойнына алған. Бұл жерде қажет жиһазға тапсырысты қала тұрғындарына қоса, ауылдық жерлерден әдейі келіп беріп жататындардың баршылық екені цех жұмысының жақсы жолға қойылғандығын көрсетсе керек.

– Бір жылдың ісі, бір күннің шаруасы емес. Сондықтан атқарылған жұмыстарымызды таразыдан өткізіп, тиянақты түрде есептеп, алдағы уақытқа жаңадан жоспар жасаймыз. Қол жеткен жетістіктеріміз жұмыс ауқымын кеңейте түсуге мүмкіндік береді. Оның табысты жалғасын таба білуіміз керек. Ұмтылмасаң ұтарың аз болатынын кез келген еңбек адам түсінуі тиіс. Өз ісіне сенімді жандар ғана көздегеніне жетеді емес пе?! Бұл орайда, біз сияқты кәсіпкерлердің ісі өрге басуы үшін мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін айтпай кетуге болмайды, – дейді Вячеслав Еремеев.

Кәсіпкердің айтуынша, адам бір орында отырып қалмауы тиіс. Осыған орай ол М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен алған фермерлік іс мамандығы бойынша жаңадан кәсібін ашуды жоспарлауда. Жиһаз жасайтын цех та жұмысын жалғастыра беретін болады. Ондағы шаруаны кәсіпкер қолынан іс келетін шәкірттерінің біріне сеніп тапсырмақ.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика