ҚАР АЗ ЖАУҒАН ЖЫЛЫ ЖАЗ ЖАҢБЫРЛЫ БОЛАДЫ

Көп ұзамай көктемгі дала жұмыстары басталады. Солтүстікқазақстандық агроқұрылымдар биыл 4,1 млн. гектар алқапқа егін егуді жоспарласа, дәнді дақылдардың үлесі 2,6 млн. гектар болмақ. Үстіміздегі жылы майлы дақылдар егістігі бір миллион гектар болады деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 41 пайызға көп. Жемазықтық өсімдіктер 294 мың гектарға егілетін болса, картоп алқабы екі есе ұлғайтылмақ.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған биылғы “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында алдағы кезде аграрлық сектор ел экономикасының жаңа әрі қуатты көшбасшысына айналуы керектігін, бұл салада “ақылды технологияларды” қолданудың маңыздылығын ерекше атап көр­сетіп, соған сай атқарылуға тиісті мін­деттерді айқындап берді. Маңызды міндетке қол жеткізу үшін Үкімет диқандарға қаржылай қолдау көрсетіп, өсімдік шаруашылығына жаңа технологиялар енгізуге, көктемгі егіс кезінде жоғары сапалы тұқым материалын пайдалануға, минералды тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын кеңінен қолдануға, озық ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдығын сатып алуға ынталандыруда.

Дегенмен, әрбір ауыл шаруашылығы маусымының өз ерекшеліктері кездесетіні сияқты, биылғы науқан өзгеше болғалы тұр. Себебі, былтырғы күзде жауын-шашынның, ал қыста қардың аз жаууы және қар тығыздығының төмен болуына байланысты топырақ ылғалының айтарлықтай тапшылығы орын алып отыр. Тарқатып айтар болсақ, егін танаптарындағы ылғал қоры жылдағы орташа нормалардан көп төмен. Өткен жылы топырақтың жоғары қабатындағы нақты күзгі ылғал қоры мен қыста түскен қар деңгейі Уәлиханов ауданында 102-136 миллиметрді, Аққайың ауданында – 113, Жамбыл ауданында – 100-126, Айыртау ауданында – 119, Мағжан Жұмабаев ауданында – 116-144, Тимирязев ауданында 105 миллиметрді құрады. Ал кей жерлерде ылғал қорының көрсеткіші бұдан да төмен. Мәселен, Тайынша, Чкалово, Вагулино, Талшық, Сергеевка және Явленка елді мекендеріндегі танаптарда бұл көрсеткіш тек 43-47 миллиметр аралығында тіркелді. Осыған орай себілген дәннің жетілуінде қиындықтар туындауы ықтимал.

Облыс диқандары өткен қуа­ң­шылық жылдары да ылғал жабу технологиясының арқасында гектар берекелігін төмендеткен жоқ. Жоғары өнім алу үшін алқапқа ауыспалы егіс технологиясын енгізіп, дәнді дақылдардың ауруға шалдығуының алдын алу және зиянкестерге қарсы дәстүрлі фунгицидпен, гербицидпен дәрілеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Нәтижесінде өткен жылы өңір диқандары 5,5 миллион тонна, яғни ел бойынша өндірілетін дәнді дақылдардың 30 пайызын қамбаға құйды. Алайда, бүгіндері жауапты науқан қарсаңында облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері табиғаттың тосын мінезіне тәуелді болып отыр.

Күзде мол өнім алғымыз келсе, көктемгі егіс науқанына кіріспес бұрын танаптарда ылғалды сақтау жұмыстары сапалы жүргізілуі тиіс.

Мұндай жағдай біздің өңірімізде бірнеше рет тіркелген болатын. Соңғы рет 2011 жылы орын алды. Осы орайда, қызықты фактіге көңіл аударатын болсақ, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ж.Сүлейменов бұл жөнінде көп жылғы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірқатар қорытындыға келгенін атап айтқан жөн. Белгілі ғалым еліміздегі соңғы 80 жылдың метеорологиялық жағдайын зерттеп, қар аз жауған қыстан кейін көп жағдайда жаңбырлы жаз болады деген қорытындыға келген. Ал қарсыз қыстан кейін жазда қуаңшылық болу мүмкіндігі тек 9 пайыз шамасында. Ылғал қорының ең көбі көктемде жиналады, яғни дәнді дақылдардың дамып жетілуі үшін көктемгі жауын-шашынның маңызы зор.

Біздің бұл болжамымызды “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының мамандары да растап отыр. Биылғы сәуірдегі ауа райының болжамына сәйкес, облыстың барлық аумағы бойынша ауаның орташа тәуліктік температурасы нормадан 3,7-4,1 градусқа жоғары болады деп күтілуде. Ауа температурасының көтерілуі қардың тез еріп, топырақ бетіндегі ылғалдың ұшып кетуіне ықпал етіп, егіс алқаптарында ылғал қорының сақталуына теріс әсерін тигізеді. Мұндай ауа райы уақтылы ылғал жабуды және дақылдар себудің оңтайлы мерзімдерін мұқият таңдауды қажет етеді. Мамыр айында 28-36 миллиметр жауын-шашын түседі деп күтілуде. Маусым айының көрсеткіші көп жылғы норманың маңайында, ал шілде айында ауа температурасы көтеріліп, ылғалдылық 55-66 миллиметрді құрамақ.

Қардың ерте еруіне байланысты, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге агрофондарға қарамастан, барлық алқаптарда ылғал жабу жұмыстарын уақтылы және қысқа мерзім ішінде жүргізу қажет. Біздің ғалымдар жүргізген зерттеулердің нәтижесі осындай технологиялар сақталған жағдайда топырақта көктем мезгілінде ғана емес, барлық өсіп-өну барысында да ылғалдың көбірек сақталатынына көз жеткізіп отыр.

Күзде жақсы өнім алу үшін диқандар жауын-шашыннан бөлек, тыңайтқыш қолдану жүйесі құрғақ егіншілік жағдайында ерекше маңызға ие екенін назарда ұстаулары керек. Өйткені, ылғал кем жерлерде топырақтағы ылғал қорының тиімді пайдаланылуына тыңайтқыштардың оң әсері бар. Егер ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары егіншілік саласындағы ғылыми-техникалық жетістіктерді тиімді пайдалана білсе, минералды тыңайтқыштармен өңдеуді қолдану дәнді дақылдардың өнімділігін арттырып, шығын көлемін де азайтады. Қуаңшылық жылдары егін танаптарын тыңайтқышпен байыту мәселесінде топырақтағы азот-фосфорлық тыңайтқыштарды сіңіру қажеттігі туындайды. Атап айтқанда, топырақты азотпен байыту үшін бір гектар аумаққа 40-80 килограмм аммофос пен суперфосфат тыңайтқыштарын сіңіру керек.

Табиғаттың осындай қолайсыз құбылыстарымен күресу немесе алдын алу үшін құрғақшылыққа төзімді дақылдарды егу, егіншілікте топырақ қорғау жүйесін жүзеге асыра отырып, ғылыми тұрғыда дәлелденген ауыспалы егісті кеңінен қолдану, топырақты өңдеудің жаңа жүйесін қалыптастыру, топырақтың үстіңгі қабатын құрғақшылық пен қуаңшылықтан және жел, су эрозиясынан қорғайтын тиімді агротәсілдерді қолдана білу қажет. Тек сауатты әзірленген бағдарламалардың, жаңа технологиялардың көздеген көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік берері сөзсіз. Осы орайда, тәжірибе станциясының мамандары климат ерекшелігіне және қыста қардың аз түсуіне байланысты көктемгі егіс жұмыстарын үстіміздегі жылдың 15 мамыры мен 5 маусым аралығында жүргізуді ұсынады.

Белгібай ҚАНАФИН,

“Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” ЖШС-нің директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

Текстиль для дома, Вышивка, Фурнитура, Ткани
автоновости