СЕНІМ ЗОР, ТАЛАП ЖОҒАРЫ

Соңғы 20 жылда еліміз Дүниежүзілік банктің “Үкіметтің тиімділігі” рейтингінде 154-тен 102-нші орынға дейін көтеріліп, мемлекеттік қызметтің халықаралық стандарттарға сәйкестігіне қол жеткізді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеріп, сапасын арттыру жайына баса назар аударып келеді. Бұл салаға деген қызығушылық жыл санап артып отыр. Дегенмен, жауапкершілікті ауырсынған, жалақысын азсынған кейбір жастардың “жеңілдің астымен, ауырдың үстімен” жүруді жөн көріп, мемлекеттік қызметке ұмтыла қоймайтыны жасырын емес. Ал мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру үшін жоғары білімі бар, бәсекеге қабілетті жас мамандардың ауадай қажет екендігі айтпаса да түсінікті.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, облыста мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны 2907 болса, 224 орын бос тұр. Бос жұмыс орны бар мемлекеттік органдарға денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, тағы басқа салалар жатады. Ал аудандарға келетін болсақ, Жамбыл ауданында 6, Тайынша ауданында 5 және Уәлиханов ауданында 5 бос жұмыс орны бар.

– Еліміздегі мемлекеттік қызмет мансаптық өсу үлгісіне көшкені белгілі. Оның негізінде мемлекеттік қызметке орналасқысы келгендер төменгі лауазымнан бастап, мансаптық өсу кезең-кезеңімен және конкурстық негізде жүзеге асырылады. Төменгі лауазым дегеніміз мемлекеттік органдағы ең бастапқы баспалдақ болып табылады. Мәселен, облыстық әкімдікте ол жетекші маманнан басталады. Бұл лауазымға орналасу үшін еңбек өтілі талап етілмейді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, былтыр облыста үш кезеңнен тұратын конкурстық іріктеуден өткен 621 адам мемлекеттік қызметке кірісті. Олардың 15 пайызы – жоғары оқу орнының студенттері, – дейді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының орынбасары Елена Степаненко.

Былтыр облыста Қазақстан Республикасының заңнамаларын білу бойынша тестілеуге 2965 адам қатысса, соның 54,5 пайызы оң нәтижеге қол жеткізген. Осылайша, облысымыз өңірлер арасында жоғары көрсеткішке ие болды.

Тестілеудің барлық кезеңінен сүрінбей өткен азаматтар мемлекеттік қызметке орналасады. Мемлекеттік қызметшілерге министрліктерде, салықтық және басқа да төлемдерді қоспағанда, ең кемі 104 мың, ал орташа есеппен 200 мың теңге, облыстық деңгейде ең азы 83 мың, орташа 129 мың, аудан деңгейінде кем дегенде 69 мың, ал орташа есеппен 106 мың теңге еңбекақы қарастырылған.

Оқу орнын жаңа тамамдаған түлектер мемлекеттік қызметке бірден кіре алмай жатады. Сондықтан жастарды мемлекеттік қызметке дайындау мақсатында өңірімізде “Мемлекеттік қызмет мектебі” жобасы жүзеге асырылмақ. Биылғы қыркүйек айынан басталатын жобаға 3 және 4 курстың студенттері қатыса алады. Оның аясында жастар мемлекеттік басқару негіздері мен Қазақстан Республикасының заңнамаларын оқиды. Ал курстарды мемлекеттік басқару академиясы филиалының оқытушылық құрамы мен мемлекеттік қызметшілер жүргізбек. Курстың теориялық бөлімінен кейін студенттер тағылымдамадан өтіп, мемлекеттік органдардың жұмысымен танысып қана қоймай, оған араласу мүмкіндігіне де ие болады. Жоба аяқталған соң қатысушыларға сертификаттар табысталады.

Сонымен қатар жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту және мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арнайы жоба әзірлеуде. Бағдарлама аясында ауылдық әкімдіктердің жетекші және бас мамандары лауазымдарына орналасуға болады. Бағдарламаға қатысушыларға баспана алуға немесе жаңадан салуға қажетті несие мен көтерме ақы беріледі.

Өңірімізде жас мамандарды жұмысқа қабылдайтын мемлекеттік органдардың қатарында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент те бар. Департаменттің “Өрт сөндiру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметi” мемлекеттік мекемесінің кадр жұмысы бөлімінің басшысы Серік Шақабаевтың айтуынша, мекеменің штаттық саны 128 мемлекеттік қызметшіден тұрса, бүгінде соның 17-сі бос тұр.

– №1 өрт сөндіру және №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдері бастығының орынбасары лауазымдары бос. Сонымен қатар бос лауазымдарға жарияланған конкурстарға қатысу арқылы аудандарға да жұмысқа орналасуға болады. Ақжар, Аққайың, Есіл, Жамбыл, Қызылжар, Мамлют, М.Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы өрт сөндіру бөлімдерінде бос жұмыс орындары бар. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да зор. Сонымен қатар 2020 жылдың қаңтар айынан бастап еңбекақы 2 есе көтерілмек. Біз жас мамандармен жұмыс істеуге қашанда дайынбыз, – деген Серік Асылтайұлы журналистика мамандығында оқитын студенттердің де департаментте баспасөз хатшысы ретінде тағылымдамадан өте алатындығын жеткізді.

Мемлекеттік қызметтің ауқымды жүгін көтеріп жүрген жас мамандардың бірі – Нұрсұлтан Байзақ. “М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 4 курсында оқып жүргенде, облыстық әкімдікте тағылымдамадан өттім. Әкімдіктің жұмысымен жақынырақ танысып, бір ай тәжірибеден өткеннен кейін алдағы өмірімді мемлекеттік қызметке арнауға шешім қабылдадым. 2015 жылы университетті тамамдағаннан кейін екі жыл Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімінің көмекшісі болып қызмет еттім. Содан кейін облыс әкімі орынбасарының көмекшісі болып ауыстым”, – деген жас маман мемлекет тарапынан тиісінше қолдау көрсетілетінін айтты.

Бүгінде өңір жастарын халықтың мүддесі үшін еңбек етуге үгіттеу мақсатында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті мен мемлекеттік органдар түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, колледждер мен университеттің студенттерімен кездесулер өткізуде.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Текстиль для дома, Вышивка, Фурнитура, Ткани
автоновости