ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ

“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Жандар Омаров ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мен шаруаларға жеңілдетілген несие беру талаптарын түсіндірді. Басқарма басшысының айтуынша, мемлекет жеңілдетілген несие беруді 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы жүзеге асырады.

– Мемлекет басшысы халықты әлеуметтік жаңғыртуға бағытталған бес бастама ішінде шағын несиелеуді көбейту туралы мәселені көтерді. Биыл шағын несиелеудің көлемі 20 млрд. теңгеге ұлғайып, жылына 62 млрд. теңгеге дейін өседі. Сондай-ақ, өз бизнесін бастауға және кеңейтуге мүмкіндік алған қазақстандықтардың саны 14 мыңға жетеді деп күтілуде, – деп атап өтті Жандар Омаров “Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру аясында ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға” атты тақырыпта өткен баспасөз мәслихатында.

Шағын несиелеудің негізгі қағидалары мен механизмдері, шарттары бағдарламаның өзінде және несиелеу ережелерінде қарастырылған. Яғни жеңілдетілген несиелер жылына 6 пайызбен бес жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы несиелер – жеті жылға дейінгі мерзімге беріледі. Берілетін несие мөлшері 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 19 миллион 240 мың теңгені құрайды. Бағдарлама аясында “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы 19,3 млрд. теңгеге 5694 жобаны қаржыландырады. Оның ішінде 11,5 млрд. теңге бөлінген 3 426 жоба-стартаптар болады. Яғни, қаржыландырудың 60 пайызы стартап-жобаларға бөлініп отыр. Сондай-ақ, өзге қаржылық институттармен салыстырғанда “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамының кепілдік саясаты да шаруаларға қолайлы болмақ. “Мәселен, екінші деңгейлі банктер несие берерде қала сыртындағы жер телімін, ауыл шаруашылығына арналған жерлерді кепіл есебінде қабылдамайды. Ал бізде еш шектеу жоқ. Жылжитын және жылжымайтын мүліктер, салынған жылы мен материалына қарамастан, үйлер мен ғимараттар кепіл ретінде қабылданады”, – деді Жандар Омаров.

Алмас СЕРІКБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика