КЕПІЛДІК БЕРУ — КӘСІПКЕРГЕ КӨМЕК

Былтыр қазақстандық шаруалар үшін қаржыландыруды қолжетімді ететін және ауыл бизнесін қарқынды дамытуға мүмкіндік беретін жаңа қолдау құралдары пайда болды. Үкімет қаулысымен нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. “ҚазАгроКепіл” АҚ-ы бағдарламаның екінші бағытына сәйкес, яғни ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге қолдау көрсету, сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейту үшін несиелерді кепілдендіру бойынша жұмыс істейді. Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” Үндеуі жарияланғаннан кейін біздің кәсібіміздің аясы тіптен кеңейе түсті.

Қазіргі уақытта кепілдендіру жүйесіне 2453 ауыл мен 44 шағын қалалар қосылған. Кепілдендіруге қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін Алматы қаласында және облыс орталықтарында “ҚазАгроКепіл” АҚ-ның 14 өкілдігі ашылған. Кепілдендіру жүйесінің кәсіпкерлерге берер пайдасы мол екені сөзсіз. Өйткені, әсіресе, ауылдық жердегі азаматтарға кепілге мүлкін қою – күрделі мәселе. Кепілі жоқ болғандықтан, олар несиені тым қысқа мерзімге алуға немесе пайызы жоғары қаржы институттарына жүгінуге мәжбүр болып жатады. Ал біздің акционерлік қоғам алдымен кәсіпкердің бизнес-жоспарын қарап, жетпей тұрған көлеміне кепілдік береміз. Кепілдендіру Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған көмек болады.

Жоғарыда аталған бағдарлама аясында кез келген кәсіпкер ауылдық жерлерде және шағын қалаларда “Аграрлық несие корпорациясының” кредиттік серіктестіктерінен және микроқаржы ұйымдарынан несие ала алады. Ал кепіл жетіспеген жағдайда, кәсіпкер оны “ҚазАгроКепіл” АҚ-нан алуына болады. Былтыр облыста 37 кәсіпкерге сомасы 194 млн. теңге болатын кепілдік бердік. Кепілдендіру құралдарын пайдаланған кәсіпкерлер арасында 1 жылдан 3 жылға дейін жұмыс істеп жатқандардың үлесі 56 пайыз (41 пайызы бизнесті жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлер) болса, 44 пайызы жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлігіне кепілдік алуға өтініш білдіргендер. Ал жыл басынан бері 58 млн. теңге сомасында 10 кепілдік бойынша шешім шығардық. “2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілді. Алайда, “Бизнес бастау” жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмады”, – деп атап көрсеткен Елбасы 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырған болатын. Сондықтан биыл кепілдендіруге өтініштер артады деген ойдамыз.

Кәсібін жаңа бастаған азаматтарға 85 пайызға дейін кепілдік бере аламыз. Мәселен, 450 мың теңге нақты кепілдік болса, ісін жаңадан бастаған кәсіпкер 3 млн. теңгеге дейін несие алады. Ал жұмысы жүріп тұрған кәсіпкерлерге несие сомасының 50 пайызына дейін кепілдік беру қарастырылған.

Несиелер мен шағын несиелерге кепілдік беруде қызмет түріне шектеу жоқ. Яғни, кепілдіктері жетіспеген жағдайда, бағдарламаға қатысушылардың барлығы біздің акционерлік қоғамға өтініш бере алады. Кәсіпкердің ауылдық жерде немесе шағын қалада шаштараз, наубайхана, тігін ательесін немесе жем дайындау цехын ашқандығы маңызды емес. Ең бастысы, кредиттік серіктестік немесе микроқаржы ұйымы бағдарлама аясында несиені мақұлдаса болғаны. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер арасында ірі қара мал өсіру және бордақылаумен айналысатындар басым. Біздің облыста ғана емес, бұл еліміздің басқа өңірлеріне де тән.

Кепілдендіру үшін қойылатын тағы бір талап – несие 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап берілуге тиіс. Жалпы кепілдендіру мерзімі 5 жыл болса, мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін ашу саласында – 7 жыл. Кепілдендіруге жылына 6 пайыздық өсіммен берілетін несиелер жатады.

“ҚазАгроКепіл” акционерлік қоғамының пайда табуды көздемейтін, коммерциялық емес ұйым екенін ерекше атап өткеніміз жөн. Кепілдіктер өтеусіз негізде беріледі. Комиссия да жоқ. Несие бойынша төлемді кешіктірген жағдайда, “ҚазАгроКепіл” 180 күн өткен соң, кредиттік серіктестіктің немесе микроқаржы ұйымының кепілдігін төлейді.

Кепілдік алу үшін кәсіпкер тек өтініш және мәліметтерді өңдеуге келісім берсе жеткілікті. Қалған құжаттарды бізге несие беретін кредиттік серіктестік немесе микроқаржы ұйымы табыстайды. Былтырғы қараша айынан бастап электронды өтініш беру жүйесін іске қостық. Сонымен қатар жақында “ҚазАгро” холдингінің несиелік өтініштерді жинау және өңдеу жүйесіне енгізіледі. Жүйе клиенттерді тек электронды түрде өтініш беруге міндеттемейді. Кәсіпкер өзіне ыңғайлы тәсілді таңдай алады. Жүйенің ең басты артықшылығы – құжаттарды тапсыру үшін облыс орталығына барудың қажеті жоқ. Мұны интернет желісі арқылы ауылдық жерде оңай іске асыруға болады. Біз былтырғы жылдың қараша айында “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы “Бизнес бастау” жобасының бизнес-тренерлерімен кездесу өткіздік, олар фермерлерді кәсіпкерлікпен айналысудың негіздерімен таныстырып, электронды өтініштерді қалай беру керектігін үйретті.

Бүгінде несиелендіретін компаниялармен бірлесіп, құжаттарды берудің біріздендірілген жүйесін әзірлеп жатырмыз. Атап айтқанда, несие және кепілдік алуға өтініш беру үшін қажетті құжаттардың жалпы тізімі құрылады. Құжаттардың бірыңғай формуляры талқылануда, бизнес-жоспар жобасының талаптары жүйеге келтіріледі.

Айгүл ҚОНАЕВА,

“ҚазАгроКепіл” АҚ-ы облыстық өкілдігінің директоры.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика