СУАРМАЛЫ ЕГІСТІК — ЕЛ ЫРЫСЫ

Агроөнеркәсіптік кешеннің алдында тұрған басты міндеттердің бірі – тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету, импортқа тәуелсіздіктен құтқару. Бұған қалай қол жеткізуге болады? Әрине, оның жолдары мен әдістері сан алуан. Соның бірі – өңірлерде суармалы егіс алқаптарын қалпына келтіру.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында Үкіметке алдағы бес жылдың ішінде суармалы жерлердің көлемін 40 пайызға ұлғайтып, 2 млн. гектарға дейін жеткізу міндетін қойған болатын.

Суармалы егістіктің көлемін арттыру жобасы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемле­кеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы және жергілікті трансшекаралық өзендер пайдаланылып, қалпына келтірілетін суармалы алқаптар бақылауға алынды. Бұл жерлерден суарылмайтын егіс алқабымен салыстырғанда, 8-10 есе артық өнім алынатындығын атап өткен жөн. Және суармалы жерлердің көлемін арттыру арқылы ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі еселене түседі. Сарапшылардың пікірінше, суармалы алқапқа егілген дақылдың түріне қарай 60-тан 200-ге дейін адамды жұмыспен қамтуға болады.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемле­кеттік бағдарламасына сәйкес, ел бойынша 610 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру көзделген. Тұрақты суару әдісімен қатар, 370 мың гектарды көлдетіп суару арқылы қалпына келтіру жоспарлануда. Нәтижесінде суармалы жерлердің көлемі 1,4 есе артады. Бұл мақсатқа, жобалық-сметалық құжаттамаларға жұмсалатын шығындарды есептемегенде, 277,7 млрд. теңге қаражат қарастырылып отыр.

Бірінші кезекте халықаралық қаржы ұйымы есебінен бөлінген 103,043 млрд. теңгеге 128,1 мың гектар тұрақты суармалы егістікті қалпына келтіру жоспарланған. Бұл қаражат Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің “Қазсушар” республикалық мемлекеттік кәсіпорны арқылы беріледі. Ал қалған 482 мың гектарды қалпына келтіру жұмыстары ел бюджетінің есебінен жүргізілмек. Жобаны 2018-2021 жылдар аралығында жүзеге асыру көзделуде. Егер үстіміздегі жылы 283,11 млн. теңгенің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленетін болса, 2019-2021 жылдар аралығында 7,56 млрд. теңгенің құрылыс-қайта құру жұмыстары жүргізілмек.

Бағдарлама аясында республикалық бюджеттен бөлінген 7,84 млрд. теңгеге Солтүстік Қазақстан облысының 27,9 мың гектар суармалы алқабын қалпына келтіру жоспарлануда. Мемлекеттік бағдарламаны өңірімізде сәтті жүзеге асыру мақсатында “Қазсушар” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, облыс бойынша суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша атқарылатын жұмыстың жоспарын жасады.

Өңіріміздегі суармалы жерлердің көлемін 1991 жылдың деңгейіне жеткізу үшін облыстың алты ауданында жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Суармалы жерлерді түгендеу нәтижесінде қажетті алқаптар есепке алынды. Атап айтқанда, Ақжар ауданында – 1717 гектар, Есіл ауданында – 5203 гектар, Қызылжар ауданында – 6973 гектар, Тайынша ауданында – 1619 гектар, Шал ақын ауданында – 7221 гектар және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 5211 гектар суармалы жерді қалпына келтіру қажеттігі туындап отыр.

Ендігі кезекте жергілікті атқарушы органдар бұл жұмыстарды қолға алатын әлеуетті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді табулары қажет. Қазіргі уақытта бағдарламаға қатысуға ниет танытқан 38 ауыл шаруашылығы құрылымымен келісімшарт жасалды. Шаруашылықтар алдағы уақытта иелігіндегі 13681 гектар суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстарын бастағалы отыр, оның 1717 гектары – Ақжар ауданында, 2202 гектары – Есіл ауданында, 3080 гектары – Қызылжар ауданында, 2456 гектары – Шал ақын ауданында және 4226 гектары Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан.

Суарудың жай-күйін сөз еткенде су көздерін тиімді әрі ұтымды пайдаланудың және ысырапқа жол бермеу­дің маңызы жоғары. Бұл іс, бірін­ші кезекте, су ресурс­тарын үнемдеп, суару техно­логия­сын жетілдіруді қажет етеді. Суармалы жерлерді қалпына келтіру кезінде тамшылатып суару, арық арқылы су жіберу әдістері қолданылатын болады. Бұл каналдар мен ирригектарциялық жүйелерді тиімді пайдаланып, барлық шығындар көрсетілген тариф төлемдерін жинауды жеңілдете түспек. Ендігі кезекте шаруашылықтар тамшылатып суару техникаларын өз қаражатына сатып алулары керек. Ниет білдірген агрофирмаларды ынталандыру мақсатында мемлекет та­рапынан қолдаулар қарастырылған. Бұл ретте Үкіметтің 2017 жылғы 1 ақпандағы №48 қаулысына сәйкес, тамшылатып суару техникасын сатып алу 30 пайызға және пайдаланған судың тарифі 50 пайызға дейін субсидияланады. 2019-2021 жылдары суармалы учаскелерге сорғы станциялары, тамшылатып суару техникасы гидрантына электр және су желістері тартылатын болады.

Мемлекет қолдау көрсетіп отырса да, әлі күнге дейін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен 12,6 мың гектар алқап бойынша келісімшарт жасалған жоқ. Мәселен, бұл көрсеткіш Есіл ауданында 3001 гектарды, Қызылжар ауданында 3893 гектарды, Шал ақын ауданында 4765 гектарды, ал Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 985 гектарды құрайды. Мемлекеттік бағдарламаны толықтай жүзеге асыру үшін аталған аудандардың жергілікті атқарушы органдары қысқа мерзімде шаруашылықтармен келісілген суару учаскелері бойынша ақпаратты біздің мекемеге тапсырулары қажет.

Суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары өңірімізде мал шаруашылығының табысты дамуына, асылтұқымды мал санын көбейтуге және жемшөп базасын нығайтуға басымдық береді. Мысалы, Тайынша ауданындағы “Тайынша Астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражатына 1500 гектар суармалы алқапқа қажетті инфрақұрылым желілерін тартып, суару жүйесін дұрыс ұйымдастыра білді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде, шаруашылық көпжылдық шөптердің әр гектарынан – 120, ал жүгерінің гектарынан 240 центнерден жылына екі рет өнім алуда.

Межеленген 610 мың гектар алқап – бір кездері кәде­ге жаратылып, кейін иесіз қалған суармалы жерлер. Бүгінде бар гәп су жүйеле­рінің жарамсыздығына, тіршілік нәрін жеткізетін құбырлардың тозуына келіп тіреледі. Оларды қалпы­на келтіру алдағы 4-5 жылдың еншісіндегі шаруа болмақ.

Серікжан ЖАҚАЕВ,

“Қазсушар” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика