БАСЫМДЫҚ ӨНІМДІЛІКТІ АРТТЫРУҒА БЕРІЛМЕК

“Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұтамыз. Алайда, қазір ол жеткіліксіз. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет. Бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды”, – деген болатын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында. Иә, аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуға бағытталуы тиіс.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірімізде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 510,6 млрд. теңгені құрады. Шал ақын, Тайынша және Уәлиханов аудандарынан басқаларында жалпы өнім көлемінің өсімі қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға 72,2 млрд. теңгенің инвестициясы құйылды. Былтыр Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы сыртқы сауда айналымы 56,2 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2016 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 39 пайызға көп. Оның ішінде 24,7 млн. АҚШ доллары экспортқа тиесілі.

Аграрлы өңірімізде соңғы жылдары мал шаруашылығы саласына көңіл бөлінуде. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында өсім байқалуда. Өңірімізде ірі қара мал басы – 343,7 мың, қой-ешкі – 386,7 мың, жылқы – 115,5 мың, шошқа 142,0 мың және құс 4,3 миллион болды. Тірі салмақта 92 мың тонна мал мен құс еті өндіріліп, 546,1 мың тонна сүт сауылып, 695,7 млн. дана жұмыртқа алынды. Ет өндіруде Уәлиханов және Тайынша аудандары артта қалды. Экспортқа шығарылған 463,9 тонна еттің 367,1 тоннасы – сиыр еті, 11,2 тоннасы – қой еті және 85,6 тоннасы – шошқа еті. Есіл ауданы – 2 тонна, тайыншалықтар – 3,1 тонна, тимирязевтіктер 5 тонна ғана ет экспорттады. Ал Уәлиханов және Шал ақын аудандары еттің бір тоннасын да шекара асырмады. Биыл ет экспортын 1500 тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Өндірілген ет экспортының көлемін ұлғайту үшін мынадай жоспарымыз бар. Әуелі, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мүйізді ірі қараның төлін өсіруге тұрғындарға беріп, ол 300-350 килограмға жеткенде бордақылау алаңына алынып, мұнда оның салмағы 400 килограмм болғанша дейін ұсталады. Бұдан соң семіртілген мал өңдеу кәсіпорындарына жіберіліп, олар өз кезегінде оны экспорттайды. Бұл жоспар ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, табысын көбейтуге мүмкіндік береді. Ал фермерлер союға семіртілген бұқа өткізгені үшін салмағы 400-450 килограмдық әрбір басқа 45 мың теңгеден 75 мың теңгеге дейінгі демеуқаржы ала алады. Егер бұқаның салмағы 551 килограмнан асса, норматив 75 мың теңгені құрайды.

Жолдауда белгіленген маңызды бағыттардың бірі – агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру болып табылады. Оның аясында тиімділігі жоғары көп астық өсірудің оңтайлы уақытын болжамдауға және “ақылды ферма” элементтерін енгізуге басымдық беріледі. Бүгіндері өңіріміздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен 400 мың гектар егістік жерде “Геозис”, “АгроСтрим”, “АгроНетфортТехнолоджи” сияқты жерсеріктік мониторинг жүйелері қолданылуда. Мәселен, олардың қатарынан “Атамекен Агро”, “Тайынша Астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін атай кетуге болады. Бұл жүйелердің арқасында шығынды азайтып, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік туады.

Цифрландырудың заманауи әдістері мал шаруашылығында да пайдаланылуда. Мысалы, чиптеу әдісі өңіріміздің бес шаруашылығында қолданылады. Өндірілген сүтті автоматтандырылған жағдайда есептеу облыстың он сүт кешенінде жүргізіледі. Атап айтқанда, “Зенченко және К” командиттік серіктестігі және “Тайынша Астық”, “Нұрсен Агро”, “Петерфельд Агро”, “Якорь СК”, “Полтавское”, “Нежинка-Ерке” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен “Бекет”, “Леонов”, “Редин” шаруа қожалықтары осы жүйенің тиімділігін көріп отыр. Жалпы 8,6 мың сиыры бар бұл шаруашылықтар құнарландырылған жемазықтың қажетті мөлшерін беруді есептеу, сиырды өзінің тобына немесе емдеу қашасына бағыттау жүйелері де іске қосылған. Агроқұрылымдар заманауи сүт есептегішпен және электронды пульсатормен жабдықталған. Олардың сиырға тұрақты мониторинг жасап, бағалауға мүмкіндік беруі жалпы табынды жоғары сүт өнімділігіне жеткізуде рөлі маңызды. Ал электронды бақташы мен электр тогы жүргізілген қоршаудың берекесіне “Шатило және К”, “Атамекен-Агро-Шұқыркөл”, “Атамекен-Агро-Тимирязево”, “Мичурин” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен “Прекрасное” шаруа қожалығы кенелуде.

Елбасы Жолдауда атап өткендей, ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет. Бұл бүкіл әлемге танылатын “Қазақстанда жасалған” табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, дамытуға мүмкіндік береді. Былтыр Ақжар, Аққайың, Қызылжар және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда төрт тауарлы-сүт фермасы ашылды. Атап айтқанда, мұндай қадамға “Бекет”, “Колос” фермерлік және “Афа”, “Редин” шаруа қожалықтары барды. Биыл Аққайың, Мамлют, Тайынша, Мағжан Жұмабаев және Қызылжар аудандарында жеті заманауи сүт кешенін салу көзделіп отыр. Олардың жобалық қуатына қол жеткізілсе, қосымша 10 мың тонна сүт шығарылады. Бұл жұмысты барлық аудан атқаруы тиіс. Өйткені, бұл ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Жылдың маңызды құжатында жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керектігі айтылған. Өткен жылы өңірімізде 1,4 млн. гектар жерге 90,8 мың тонна минералды тыңайтқыш себілді. Бұл жұмыс гектар берекелігін 5 центнерге дейін өсірсе, кей аудандарда топырақ құнарлылығын арттыру ісі тиісті деңгейде атқарылмады. Мәселен, бір ғана Ақжар ауданында жоспарланған 6,8 мың тонна тыңайтқыштың тек 1,1 мың тоннасы ғана егістік алқапқа сіңірілді. Яғни, 309 шаруашылықтың тек 17-сі ғана егістік алқабын тыңайтты. Сонымен қатар Уәлиханов, Аққайың және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың бірқатар агроқұрылымдары да бұл тұрғыда енжарлық танытты. Осы орайда, биыл өңірімізде 3 млн. гектар жерге 110 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңіру жоспарланып, агроқұрылымдармен оларды сатып алу жөнінде келісімшарт жасалды.

Биыл ауыл шаруашылығы басқармасы алдында дақылдар шығымдылығын арттырып, техниканы жаңарту және жаңа ақпараттық технологияларды енгізу арқылы саладағы еңбек өнімділігін жоғарылату мақсаты тұр. Мал шаруашылығы тауарларын, яғни ет пен жұмыртқа өндіруді екі пайызға, сүтті үш пайызға арттыру және өңдеуші кәсіпорындардың өндіріс қуаты жүктемесін көбейту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту да жоспарланған.

Қайрат ОМАРОВ,

облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика