ӨҢІРДЕГІ ТҰРМЫС ДЕҢГЕЙІНІҢ КӨРСЕТКІШІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнайтын жыл сайынғы Жолдауларында әлеуметтік бағдарламаға, ел арасында халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, әл-ауқатын арттыру мәселесіне ерекше басымдық беріледі.

Солтүстікқазақстандықтардың тұрмыс деңгейін анықтау үшін материалдық игіліктердің мөлшерін, құрамын, олардың халықтың жекелеген топтары арасында пайдаланылуы мен бөлінуін сипаттайтын статистикалық деректер негізінде қалыптасатын бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер қолданылады.

Солтүстікқазақстандықтардың тұрмыс деңгейі табыс көзінің деңгейіне тікелей байланысты. 2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тұрғындардың атаулы ақшалай табыстары айына 67,9 мың теңгені құрады. Еңбек қызметінен түскен табыс өткен жылғы жалпы ақшалай табыстар көлемінің 64,2 пайызын құрады. Бұл табыс өз кезегінде, жалданып жұмыс істеу бойынша табыстарды және өз бетінше жұмыс істеуден, кәсіпкерлік қызметтен түскен табысты қамтиды. Сәйкесінше, ол 54,5 және 9,7 пайыз болды. Ал әлеуметтік трансферттер ақшалай табыстың жалпы көлемінің 30,1 пайызын құрады.

Ақшалай табыстар құрылымында қалалық жерде жалдамалы жұмыстан түскен табыс – 55,8 пайызды, өзін-өзі жұмыспен қамтудан және кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс – 4,9 пайызды, әлеуметтік трансферттер – 33,7 пайызды, ауылдық жерде сәйкесінше, 53 пайызды, 14,8 пайызды және 26,4 пайызды құрады.

Табыс жерлестеріміздің жұмыспен қамтылуымен айқындалады. 2017 жылы 15 және одан жоғары жастағы тұрғындардың саны 310,3 мың адамға жетті. Ол облыстағы жалпы халық санының 69,4 пайызын құрайды.

Облыста 295,2 мың адам жұмыс істейді. Жұмыспен қамтылған тұрғындар арасында жалдамалы қызметкерлердің саны – 212,9 мың адам (72,1 пайыз), ал өз бетінше жұмыспен қамтылғандар 82,3 мың адам (27,9 пайыз) болды.

Жалдамалы қызметкерлердің басым бөлігі, яғни 197,3 мың адам (92,7 пайыз) жергілікті кәсіпорындар мен ұйымдарда, 10,4 мың адам (4,7 пайыз) жеке кәсіпкерлерге, 5,2 мың адам (2,4 пайыз) шаруа (фермер) қожалықтарында еңбек етеді.

Жұмыспен қамтылғандар, негізінен, ауыл, орман және балық шаруашылығында еңбек етуде. Олардың саны 97,8 мың адамға жеткен. Білім беру саласында – 37 мың, көтерме және бөлшек саудада 39,5 мың адам жұмыспен қамтылған. Өнеркәсіпте – 23,7 мың адам, мемлекеттік басқару және қорғаныста – 19,8 мың адам, көлік және қоймалауда – 19,6 мың адам, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында 15,8 мың адам еңбек етеді.

2017 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың ішінен 55,1 мың адам – ауыл, орман және балық шаруашылығында, 13,2 мың адам – көтерме және бөлшек саудада, 3,7 мың адам көлік қызметтері саласында шоғырланған.

Әдетте өзін-өзі жұмыспен қамтығандар құрылымы бойынша біртекті емес. Бұл топтың 88 пайызын құрайтын 72,5 мың адам қызметкерлерді жалдамайтын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып табылады. Өзін жұмыспен қамтығандардың әрбір сегізіншісі жұмыс берушілердің санатына жатқызылады.

Халықаралық еңбек ұйымының әдіснамасына сәйкес, ғылыми-тәжірибелік айналымға “нәтижелі қамтылғандар” және “нәтижесіз қамтылғандар” ұғымдары енгізілді. Нәтижелі жұмыспен қамтылғандар – өнімді тұтыну және сату мақсатында жұмыс істейтін қызметкерлер. 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы нәтижелі қамтылғандар өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың 97 пайызын құрады.

Өңірімізде жұмыссыздар мәселесін шешу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бүгіндері облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап, жұмыссыздардың саны 15,2 мыңға жетті. Бұл көрсеткіш қала мен ауылды жерде бірдей емес. Егер жұмыссыздардың 5,8 мыңы (38,5 пайыз) Петропавл қаласында тұрса, 9,3 мың жұмыссыз (61,5 пайыз) ауылды жерде мекендеуде.

Жұмыс күші құрамына кірмейтін 15 және одан жоғары жастағы тұрғындардың саны 136,7 мыңды немесе облыстағы жалпы тұрғындар санының 30,6 пайызын құрады. Олардың негізгі үлесі зейнеткерлерге (55,7 пайыз) және күндізгі білім беру мекемелерінде оқитын студенттер мен оқушыларға (22,3 пайыз) тиесілі.

Еңбекақы төлеу саласындағы жағдай орташа айлық жалақының тұрақты өсуімен сипатталады. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша былтырғы қаңтар-желтоқсанда бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 2016 жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 7 пайызға өсіп, 103830 теңгені құрады.

Ауыл, орман және балық шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы – 13,9 пайызға, өнеркәсіпте – 8,9 пайызға, құрылыста – 20,2 пайызға, көлік және қоймалауда 16 пайызға өскен.

Облыс бойынша ең жоғары жалақы қаржы және сақтандыру қызметі кәсіпорындарының қызметкерлеріне тиесілі. Олардың орташа еңбекақысы – 188 273 теңге. Ең төмен жалақы мәдениет, ойын-сауық, демалыс, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету салаларындағы қызметшілерде сақталуда. Олар сәйкесінше, 73 212 және 67 062 теңге еңбекақы алады. 2017 жылы ең төмен күнкөріс деңгейі 3,3 пайызды құрады.

2017 жылы әрбір солтүстікқазақстандықтардың жылдық шығыстары орташа есеппен 566 884 теңгені құрады. Ақшалай шығыстардың 40,3 пайызы азық-түлік тауарларын сатып алуға, 27,9 пайызы азық-түлік емес тауарларға, ал 20,1 пайызы ақылы қызметтерге жұмсалды. Қала және ауыл тұрғындарының азық-түлік тауарларына жұмсаған шығыстары 41 пайыз және 39,3 пайызды құрады. Ақылы қызметтерге қала тұрғындарының шығыстары ауылдықтармен салыстырғанда, біршама жоғары болды. Ал азық-түлік емес тауарларға қала тұрғындарының шығыстар үлесі ауылдық тұрғындардан төмен болды.

Марал НҰРЖАУЫПОВА,

облыстық статистика департаментінің басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика