КҮН ТӘРТІБІНДЕ — ЖАҺАНДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР

Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз орталығында Астана экономикалық форумын ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов он бірінші форумға дайындық барысы туралы айтып берді.

Тимур Сүлейменов үстіміздегі жылдың 17-19 мамыр күндері өтетін Астана экономикалық форумының тақырыптары туралы айта отырып, 11 жаһандық сын-тегеурінді атап өтті. “Он бір трек, яғни Астана экономикалық форумы пікірталастарының негізгі бағыттары әлемдік мәселенің басым бөлігін қамтиды, әр трек аясындағы жекелеген сессиялар, пікірталастар мен “дөңгелек үстелдер” осы негізгі сын-тегеуріндерді егжей-тегжейлі талқылауға және әрекет ету шараларын әзірлеуге арналады”, – деді спикер. Сонымен қатар Тимур Сүлейменов өзі спикер ретінде қатысатын “Бірыңғай экономика әлемі” трегіне нақты тоқталып өтті.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, Мемлекет басшысы жариялаған Қазақстанның төртінші жаңғыруы Үкіметтің экономикалық өсімнің жаңа моделін құруға және еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру саласындағы жұмысының негізі ретінде қабылданды. Бұл – Қазақстан үшін өте ауқымды әрі өмірлік маңызды міндет. Дегенмен, аталған мақсаттарға әлемдік күн тәртібінен тыс қол жеткізу мүмкін емес.

Жаһандық жылыну, ресурстарды орнықты пайдалану, теңдестірілген халықаралық сауда және қауіпсіздік, мемлекетаралық ынтымақтастық секілді мәселелер барынша бірігуді талап етеді. Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк және жалпы сарапшылар орталары 2019 жылдан кейін әлемдік экономика өсімінің бәсеңдеуіне қатысты елеулі сын-тегеуріндер бар деген ортақ пікірге келіп отыр. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, алдағы 20 жылда ЭЫДҰ елдеріндегі жұмыс орындарының 57 пайызы автоматтандырылады. Бұл жұмыс күшінің көптеп босатылуына және осы елдердің экономикасы мен әлеуметтік жүйелері дайын емес құрылымдық жұмыссыздықтың түбегейлі ұлғаюына әкеледі. “Мұндай жағдайларда әлемдік экономиканы қандай драйверлер жүргізеді? Осы және басқа да маңызды мәселелерге Астана экономикалық форумының сессияларында жауап табуға тырысамыз”, – деді спикер. Форум тұтастай тақырыптық түрде өтеді.

Астана экономикалық форумы – жаһандық мәселелерді талқылауға және шешуге арналған жыл сайынғы сұхбат алаңы болып табылады. Өзінің ауқымы бойынша бүкіл Еуразия кеңістігінде теңдесі жоқ бұл форум әлемдік көшбасшылардың, халықаралық сарапшылардың, ғалымдардың, саяси және қоғам қайраткерлерінің, түрлі қаржы институттары мен бизнес-қоғамдастықтар өкілдерінің басын қосады.

Бүгіндері бұл қауымдастық әлемнің 120 елінің ғалымдары мен практиктерін, ойшылдарын, саясаткерлерді, халықаралық ұйымдарды, ғылыми-зерттеу орталықтары басшыларын және іскерлік орта өкілдерін біріктіреді.

Бірінші рет 2008 жылы өткен форум дүниежүзілік экономика мен қаржы жүйесін оңалту және дамыту мәселелерін талқылауға арналған ықпалды халықаралық алаңдардың бірі мәртебесін иеленіп үлгерді. Осы жылдар аралығында форумға 150 елден 43 мыңнан астам делегат қатысты. Жалпы көлемі 17,8 млрд. доллардан астам қаражат болатын 280 меморандум мен келісімге қол қойылды, Еуразиялық іскерлік конгресі, дүниежүзілік МЖК орталығы және Нобель сыйлығы лауреаттарының Астаналық клубы құрылды.

Әсет ҚАНАФИН.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика