ЖАҺАНДЫҚ ҮНҚАТЫСУ АЛАҢЫ

Елордада жыл сайын өткізілетін аса ауқымды халықаралық жиын – Астана экономикалық форумы өз жұмысын 17 мамырда бастайды. Биылғы форумның өз ерекшелігі бар, ол – жаңа форматта өтпек, ал күн тәртібінде жаһандық мәселелер талқыланады.

Дүниенің түкпір-түкпірінен атақты экономистерді жинап, ғалымдардың басын қосатын, Нобель сыйлығы лауреаттарын шақырып, жаһандық мəселелерді бірге отырып талқылайтын жыл сайынғы шараға бүгінге дейін əлемнің 150 елінен 50 мыңнан астам делегат қатысқан екен. Əлбетте, шараның жыл сайын өткізіліп отырғанына қарағанда, форумның ел үшін де, əлем үшін де қажеттілігін аңғару қиын емес. Ендеше, осыған дейін он рет өткізілген ауқымды жиынның негізгі нəтижелеріне тоқталып көрелік.

Жалпы, АЭФ ұсыныстары тек мəселеге көңіл бөлу ғана емес, нақты əрекеттерді орындау кезінде оларды ескеруге негізделген. Айталық, форум G8 жəне G20, БҰҰ ЭКОСОС, ЮНКТАД, ЭСКАТО форматтары аясындағы және дағдарысқа қарсы шаралардың қабылдануымен байланысты ғаламдық процестерге ықпал ете бастады. Мысалы, 2012 жылы Астана экономикалық форумының ұсыныстары БҰҰ Бас Ассамблеясының пленарлық сессиясында таныстырылып, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның, БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясының президенті Ан-Насердің жəне G20-дағы Мексика өкілдігінің жоғары бағасына ие болды.

2013 жылы VI Астана экономикалық форумында өткізілген аса маңызды шара – БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауымен, Қазақстан Республикасы халықаралық ұйымдармен бірлесіп бастамашы болған бірінші Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция болды. Оның қорытындысы бойынша Астана декларациясы мен БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге арналған Əлемдік дағдарысқа қарсы жоспар жобасының негізгі бағыттары қабылданды.

2014 жылы VII Астана экономикалық форумы алаңында БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық банктерінің басшылары, экономика, қаржы министрлерінің деңгейінде ІІ Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция өткізілді. Оның қорытындысы бойынша БҰҰ-ға мүше елдерге арналған Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы жоспардың тұжырымдамасы қабылданған болатын.

2015 жылғы 22 мамырда “Инфрақұрылым: экономиканың тұрақты өсімінің драйвері” VIII форумы аяқталып, оған 3000-нан астам делегат қатысты. Форум барысында Қазақстан Президентінің бес институттық реформасын іске асыру бойынша “100 нақты қадам” Ұлт жоспары жоғары бағаланды.

АЭФ-ті тоғызыншы рет өткізген кезде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев əлемдік экономиканы қалпына келтіруге жəне дамушы елдерге қолдау көрсетуге, сондай-ақ, “жасыл экономиканы” дамыту мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды. Сондай-ақ, “Жаңа энергия – жаңа экономика” мерейтойлы Х Астана экономикалық форумы еуразиялық кеңістік үшін тарихи өзгерісті кезеңде өткізілді.

Ал ұйымдастырушылар биылғы форумның түбегейлі жаңа форматта өтетінін мəлімдеп отыр. Жаңартылған форум əлемнің жетекші саммиттерінің біріне айналатынына сенімді. “Global Challenges Summit – 2018” негізгі планеталық сын-тегеуріндер мəселелерін талқыламақ. Конгреске қатысушылардың, əлемдік сарапшылар қауымдастығы, технологиялық элита, қала жəне мемлекеттік басқару өкілдері, визионерлер мен ірі корпорациялардың басшыларының міндеті – аталған сын-тегеуріндерге жауап табу жəне жаһандық ауқымдағы тиісті шешімдерді əзірлеу.

Биыл барлық шаралар үш блокқа бөлінеді: іскерлік бағдарлама, стратегиялық сессия жəне зерттеу. Формасы мен ақпарат беру тəсілі өзгерген. Бұған дейін дəстүрлі панельдік сессиялар өткізілсе, енді мұнда TED talks, инновациялық презентациялар, воркшоптар мен нарықтың болашақта дамуын болжай алатын жəне оған əсер ете алатын сарапшы-визионерлердің баяндамалары тыңдалады. АЭФ алғаш рет жастарға арналған арнайы бағдарлама ұсынады. Астананың жетекші жоғары оқу орындарының базасында ең үздік экономистермен дəрістер, презентациялар жəне кездесулер өтеді. Бұрынғы форумдарда спикерлердің дені саясаткерлер, ғалымдар жəне экономистер, əлемдік деңгейдегі журналистер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар, қаржы институттары жəне бизнес-элиталардың өкілдері болған. Ал биылғы форумға қатысатындар қатарында физик, футуролог жəне ғылымды дəріптеуші, ғылыми-көпшілік əдебиет жанрының авторлары болады деп күтілуде.

“Global Challenges Summit – 2018” алаңында əлемнің 24 елінен 450-ден астам спикер пікір алмасады. Форум қорытындысы бойынша əлем жəне Қазақстан үшін тиімді шешімдер мен практикалық ұсыныстар əзірлеу, жаһандық инвесторлардың қызығушылығын арттыру көзделген. Елдер, қалалар мен компаниялар арасында маңызды келісімдер жасалады. Тағы бір маңыздысы – экономистердің жаңа буынын қалыптастыру мүмкіндігі, себебі, АЭФ – экономикалық ғылым бойынша əлемдегі ең үздік сарапшылар мен ғалымдардың, Нобель сыйлығы лауреаттарының бас қосатын орны, сондықтан мұнда жас қазақстандық экономистерге баға жетпес білім, үлкен тəжірибе алуға мүмкіндік мол.

Динара БІТІК.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика