ЖАСТЫҚ ЖІГЕР

Қаламыздағы сауда орындары мен тұтынушылардың сұранысына ие полиэтилен қапшықтарын шығарумен айналысатын “Ашамаев Ш.” жеке кәсіпкерлігі – құрылғанына көп уақыт өтпегеніне қарамастан, өз жұмысын сәтті жүргізіп отырған кәсіпорын. Петропавл қаласында туып-өскен Шыңғыс Ашамаев №43 орта мектепті аяқтағаннан кейін, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін эколог мамандығы бойынша бітірген. Қолында дипломы бар жас жігіт жұмыс іздеп, бірнеше мекемені жағалап көргенімен, онысынан ештеңе шықпайды. Бірақ Шыңғыс ұнжырғасын түсірмейді.

2012 жылы Ресейден өзіміз күнделікті тұрмыста дүкендерге барып, азық-түлік сатып алғанда пайдаланатын полиэтилен пакеттерді әкеліп, көтерме бағамен сатумен айналысқан. Әрине, бұлай жұмыс істеп жүрген адамның ай сайын табатын жалақысы да мардымды болмайтыны белгілі. Мұндай жағдай жас жігітті ойландырмай қоймаған.

– Полиэтилен пакеттерді Ресейден жеткізу бір жұмыс болса, оларды қаладағы сауда нүктелеріне өткізу тағы бар. Кейде таң атқаннан дамыл таппай жүгіруге тура келді. Бес жүз дүкен қамтылды. Осы кәсіппен айналыса жүріп, оң-солымды танығандай болдым. Ойлана келе бұл өнімді Ресейден тасып, алыпсатар болғанша, өз кәсібімді ашып, өндіруші болуға бел будым, – дейді кәсіпкер Шыңғыс Ашамаев.

Бүгінгі күні елімізде кәсіпкерлікпен айналысатындарға жан-жақты жағдай жасалынып, өрісі кеңейе түсуде. Бизнеске Шыңғыс та өзге жастар сияқты белсене кіріседі. Мұндайда уақытты уысыңнан шығармай, ұтымды пайдалана білген жөн. 2016 жылы өзінің жеке кәсіпкерлігін ашпақ болған жас жігіт алдымен полиэтилен өнімдерін шығаруға қолайлы орын іздестіріп, қажетті құрал-жабдықтарды қарастырған. Бірақ осыларға азды-көпті жинаған қаражаты қайдан жетсін?! Кәсіпкер болу үшін есеп-қисаптан да хабарың болуы керек. Сөйтіп, ол ойға алғанын жерге қалдырмай, нақтылы іске асыру үшін “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында “Даму” қорының өңірлік филиалының көмегіне жүгініп, 23 миллион теңгенің несиесін рәсімдейді.

Ресейден сатып алынған полиэтилен шығаратын “Экстудер” және пакет жасайтын станоктары қойылған цех 2017 жылы іске қосылған. Заманауи жабдықтардың арқасында өндіріс толық автоматтандырылған. Бұл күндері жұмысын бір арнаға түсірген “Ашамаев Ш.” жеке кәсіпкерлігінде төрт адам жұмыс істеуде. Өндіріс цехынан бүгінде айына үш тоннаға дейін өнім шығарылады. Станоктардың көмегімен арнайы түйіршіктерден жоғары температура әсерімен сұйық полиэтилен алынады. Содан кейін әлгі шикізаттан пакеттер әзірленіп, тігістері жапсырылады.

– Мен өзімнің бүгінгі атқарып жатқан жұмысыма көңілім толады дер едім. Қазір “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасының қажет әрі тиімді екендігіне көз жеткізіп отырмын. Маған кәсібімді ашуға, оны алға бастыруға мемлекет тарапынан мұндай көмек көрсетілмесе әлі күнге дейін ештеңе бітіре алмас едім. Кәсібімнің жақсарып келе жатқаны қуантады, – дейді кәсіпкер ағынан жарыла.

Биыл Шыңғыс Астана қаласындағы Назарбаев Университетіндегі бизнес-мектепте “Топ-менеджмент” оқыту жобасы бойынша дәріс алған. Ол қол жеткенге тоқмейілсімейді. Белгілеген жоспарын абыроймен жүзеге асыруда сөзіне берік, ұстамды екені көрініп-ақ тұр. Жаз шыға Шыңғыс шағын кәсіпорнының жанынан аумағы 90 шаршы метр болатын жаңа цех салмақшы. Бүгінде соған қатысты жұмыстар жасалуда. Алдымен құрылыс материалдарын дайындап алу керек, оның құрылысын жүргізетіндермен нақтылы келісімшартқа отыру қажет. Жұмыс мұнымен де біте қоймайды. Жаңадан ашылатын цехқа қойылатын станоктарды Қытайдан сатып әкелу ойда бар. Қосымша құрал-жабдықтар қатарына пакеттерге сурет және логотип салатын станоктар да кіреді.

Үлкен жол кішкентай қадамнан басталатынын танытып келе жатқан кәсіпкер алдағы уақытта түрлі өнім шығаратын цехтардың жұмысын үш ауысымда істейтіндей етіп ұйымдастырмақ. Полиэтилен өнімдерін шығаруға қажетті шикізат елімізде өндірілмейтіндіктен, Ресейден жеткізіледі. Цехта қосымша тағы үш жұмыс орны ашылып, шығарылатын өнім көлемі арта түспек. Айына 25 тонна полиэтилен пакеттерін шығару жоспарланып отыр.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Comments   

 
0 #1 Мәрияш 2018-05-16 07:01
Мақаланы оқып отырып, еліміздің жастарына сенім артуға болатынын аңғаруға болады. Елбасының бастамасымен қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды ң арқасында кәсіп ашып, ісін кеңейткісі келгендерге зор қолдау деп есептеймін. Ерінбеген адам үшін істейтін жұмыс қашанда табылады. Мақсат, күш-қайрат болса, қолға алған істің жүзеге асатыны мәлім.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика