ҚАЙТА ӨҢДЕУДІҢ ҚАЙТАРЫМЫ МОЛ

Тұрмыстық қатты қалдықтарға қатысты мәселе әлі де өзекті. Жыл өткен сайын өңірімізде қоқыс қалдықтарының көлемі мен оны жинайтын кәсіпорындардың саны артып келеді. “Жасыл” экономиканы дамыту үшін тұрғындардың ішкі мәдениетін қалыптастыру қажет. Ең бастысы – қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялап, қор үнемдеу.

Күн сайын қалдықтарды қоқыс жәшігіне тастай салып, оның қайда жөнелтілетіні туралы ойланбаймыз. Өңір аумағында қатты тұрмыстық қалдыққа арналған 472 нысан бар. Мамандардың айтуынша, жыл сайын 4000 тонна қағазды, пластмассаны, шыны мен металды қайта өңдеуге болады. Бұл дегеніміз қалдықтарды екінші рет пайдалануда үлкен әлеуеттің барын көрсетеді.

Облыста “қалдықтарды өңдеп, кәдеге жаратамыз” деп бекінген он бес шақты кәсіпорын жұмыс істеуде. Олардың жұмысы бір ізге түсіп, өндірістік қалдықтарды өңдеу алға басып келеді. Бірақ қалдықтарды сұрыптап жинау мәдениетінің төмендігі кәсіпорындардың жұмысына кері әсерін тигізуде. Қоқыс салатын жәшіктерге қалдықтарды тау етіп үйгеннен алысқа ұзай алмай отырмыз.

Дамыған елдерде тұрғындар қалдықтарды бөлек, яғни металл, пластмасса, қағазды жеке-жеке жинауға үйренген. Ал біздің өңірде жеке жинамақ түгілі, көшеге шашып кететіндер де бар. Арнайы жәшіктерге жетпей, шашылып жатқан қоқысты жиі көретініміз рас. Осылайша, өзіміз тұрып жатқан мекеннің келбетін өзіміз бұзып жатамыз. Қоршаған орта біз жасаған қиянаттан зардап шегуде.

– Қалада жыл өткен сайын қоқыс жинау жүйесі жетілдірілуде. Бүгіндері пластикке арналған контейнерлер ірілі-ұсақты мекемелердің, көпқабатты үйлердің аулаларында орнатылған. Сонымен қатар білім ордалары мен мекемелерде қағазға арналған жәшіктер де қойылған. Қоқыс күніне бір рет шығарылады. Бірақ қаланың қарқынды дамып, өсіп келе жатқаны ескеріліп, кейде күніне 2-3 реттен де шығарылады. Тұрғындар арасында қоқысты бөліп жинау насихатталуда, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Зарина Меңдібаева.

Шаруашылық саласы мамандарының мәліметінше, облыс орталығының өзінен жылына – 60 мың, күніне 150-165 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, олармен бірге әртүрлі зиянды заттар қоқыс полигонына жөнелтіледі. Өкініштісі сол, олардың арасында пластик заттар, ауыр металдары бар аккумуляторлар мен батареялар, тіпті, улы сынап та кездесіп жатады.

Қоқысқа тасталатын ең қауіпті заттардың бірі – электр үнемдегіш шамдар. Люминесцентті шамдар әдеттегі жарық көздерімен салыстырғанда, сегіз есе көп жарық беріп, электр қуатын бес есеге дейін аз тұтынады. Әрі пайдалану мерзімі де ұзақ, қалыпты жағдайда сегіз мың сағатқа дейін қызмет етеді. Алайда, қаражат жағынан тиімді болғанымен, зиянды тұстары да баршылық. Олардың құрамында сынап қоспасы болғандықтан, шамдар аса қауіпті. Мұндай шамдар сынып, құрамындағы улы зат топырақ пен суға төгілсе, аса көп зиян келтіретінін айта кету керек. Оны ескеріп жатқан тұрғындар жоқ. Істен шыққан шамдарды арнайы контейнерлер мен қоқыс жәшігіне емес, кез келген жерге тастай салады. Бұл экологияға зиян келтіретінін ескермейміз. Осының алдын алу үшін қаланың әр ауданында электр үнемдегіш шамдар мен басқа да электр құрылғыларын, зиянды химиялық қуат көздерін қабылдайтын 79 арнайы контейнер орналастырылып, тұрғындар арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Облысымызда қоршаған ортаны қорғауға бағытталған кешенді шаралар қолға алынып, бірқатар білім ордаларында экологиялық акциялар басталды. Оның аясында мектептерде қағаз, пластик, шыны және басқа да қоқыс жеке-жеке жиналады.

Қоқыс үйінділері және қатты қалдықтардың қоршаған ортаға зиянын азайту мақсатында жыл сайын полигондар саны кемітіліп, қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі шешілуде. Бұл шаруаға аса мән беріп, экологияға өз үлесін қосып жүрген жекеменшік кәсіпорындар да жоқ емес. Қауіпті қалдықтарды қабылдайтын, іріктейтін және қайта өңдейтін ірі кәсіпорынның бірі – “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорынның негізгі мақсаты – макулатура, пластмасса, шыны, металл сияқты қалдықтарды полигонға жеткізбей, қайта өңдеуден өткізу және экологиялық жағдайды жақсарту. Кәсіпорын жылына 4000 тонна пластамасса қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жаратуды жоспарлап отыр.

– Қалдықтарды өңдеумен бес жылдан артық айналысып келеміз. Қала аумағында және Бескөл ауылында қоқыс сұрыптайтын арнайы контейнерлеріміз бар. Барлық қоқыс сұрыпталып, сығымдалып, қайта өңдеуге жөнелтіледі. Биыл өндіріс көлемін ұлғайтып, айына 300 тонна қалдықты қайта өңдемекпіз, – деген серіктестік директорының орынбасары Дәурен Қатыранов қоқысты сұрыптаудың тәсілдері жөнінде де мәлімет берді.

Бүгінде қалада бұл кәсіпорынның 500-ге жуық контейнері орнатылған. Пластик бөтелке қабылдайтын бөлек контейнерлер де бар. Аузы жабық қоқыс жәшігіне тұрғындар тек өңделуге жарамды құрғақ заттарды тастай алады. Тағы 500 контейнер орнату жоспарланып отыр. Осылайша, кәсіпорын қоқыс қалдықтарының қоршаған ортаға зиянын азайтуды көздейді.

Жыл сайын сәуір айынан бастап облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы түрлі ынталандыру акцияларын өткізеді. Ондағы мақсат – тұрғындардың қоршаған ортаға жанашырлығын ояту. Осы шаралардың нәтижесінде қоқыс тек белгіленген жерлерге ғана тасталып, қалдықтарды сұрыптайтын контейнерлер тиімді пайдаланылады деген үміт бар.

– Жиналатын қалдықтардың біраз бөлігі ғана өндіріске жарамды. Кейбірі сол күйінде көму үшін полигонға жіберіледі. Бүгіндері өңірімізде қоқыстың тек 3-4 пайызы ғана өңделеді, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Владислав Орлов. Оның айтуынша, 2019 жылдың қаңтар айынан бастап экологиялық заңнамаға өзгерістер енгізіледі. Жаңа заңға сәйкес, қайта өңдеуге жарамды қоқысты, яғни пластмасса, шыны мен қағаз қалдықтарды полигонда көмуге тыйым салынады деп күтіліп отыр. Заң күшіне енгеннен кейін қоқысты қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар дами түседі деген болжам бар.

Жанаргүл МЕЙРАМ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика