ЕЛОРДАЛЫҚТАР ТӘЖІРИБЕСІ МАҢЫЗДЫ

Елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған шаралар аясында Петропавл қаласында “Астана – Солтүстік Қазақстан облысы. Аймақаралық ынтымақтастық” бизнес-форумы өтті. Облыстық кәсіпкерлер палатасында ұйымдастырылған жиынға Астана қаласы мәслихатының хатшысы Жанат Нұрпейісов бастаған делегация мен өңір кәсіпкерлері қатысты.

Шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек бұл жиын аймақаралық байланысты нығайтуға септігін тигізетінін айтты.

– Өңір кәсіпорындары Астана қаласының кәсіпорындарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Мәселен, өткен жылы облыс кәсіпкерлері елордаға 16 млрд. теңгенің тауарын сатты. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 6 есеге көп. Тауар өндірушілер ай сайын елордаға ет, сүт, макарон, кондитер өнімдері мен жартылай фабрикаттарды жеткізіп тұрады. Өткен жылы облыстың әрбір төртінші тұрғыны “ЭКСПО” халықаралық көрмесіне барды. Бұл уақытта өңірімізден елордаға азық-түліктің 100 түрінің 4700 тоннасы жіберілді. Алдағы уақытта бәсекеге қабілетті, сапалы азық-түлік өнімдерін жеткізуді жалғастыратын боламыз, – деген Дәурен Жандарбекұлы өңір кәсіпкерлері елордалықтардың индустрия мен әлеуметтік салаға жаңа технологияларды енгізудегі тәжірибесін үйренуге дайын екенін тілге тиек етті.

Астана қалалық мәслихатының хатшысы Жанат Нұрпейісовтің айтуынша, 20 жылдың ішінде елорданың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті әлдеқайда жақсарған. Биыл мұнда 1,5 млн. шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріледі. Күн сайын құлпыра түскен қалаға келуші туристер ағыны 5 есеге өсіп, 800 мыңға жеткен. Жергілікті тұрғындар саны миллионнан асқан ару қала Астананың 20 жылдығына орай 650-ге тарта іс-шара өткізу жоспарланған. Саяси тұрғыда маңызы зор шаралардың қатарында Дүниежүзілік экономикалық форум мен “Астана” халықаралық қаржы орталығының ресми тұсаукесері бар. Мерейлі шараның абыройлы аталып өтуінен өңірлер де қалыс қалмақ емес. Солтүстік Қазақстан облысы бұл мерейтойға 2,5 шақырым веложаяу жүргіншілер жолын сыйға тартпақ.

Жиын барысында Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Рысгүл Қауғабаева елорданың даму стратегиясы туралы айтып берді. Былтыр мұнда өнеркәсіп саласының өндірісі 550 млрд. теңгені құрап, шағын және орта бизнес субъектілері өндірген тауардың көлемі 4 трлн. теңгеден асқан. Жиырма жылда 8 трлн. теңге инвестиция тартылған бас шаһар дотациялық қаладан республикалық бюджет үшін донорға айналған. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш рекордтық деңгейге жетіп, қала қазынасына 1 трлн. теңгеге жуық қаражат құйылған.

Кездесуде “Smart city” тұжырымдамасы және қала экономикасын цифрландырудағы инновациялық жобалар жайы да әңгіме болды. Мәселен,“Smartnet” жеке кәсіпкерлігінің “е-КСК” бағдарламасы пәтер иелері кооперативі мен үй тұрғындарын смартфон арқылы байланыстыруға жол ашпақ.

Кездесу соңында қос тарап ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика