ТАБИҒАТЫ ШЫРАЙЛЫ, ШАРУАШЫЛЫҚҚА ҚОЛАЙЛЫ

Айыртау ауданы – табиғаты ерекше, туристік әлеуеті жоғары, мүмкіндіктері мол мекен. Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы ұйымдастырған баспасөз туры барысында айыртаулықтардың төрт түлігін өсіріп, бау-бақшаларын баптап, тиянақты тірлік кешіп жатқанына куә болдық.

Жергілікті журналистер тобының жұмысы Саумалкөл ауылының іргесіндегі “Мұхамеджанов” жеке кәсіпкерлігінің тыныс-тіршілігімен танысудан басталды. Шөбі шүйгін, суы мол, жері шұрайлы ауданда ауыл шаруашылығын дамытуды қолайлы деп тапқан астаналық Нұрлан Мұхамеджанов өткен жылы өз қаражатына 104 бас сүтті сиыр және орыстың ауыр жүк тартатын 107 жылқысын сатып алған. Бүгінде аудан орталығындағы сүт зауытының филиалына күніне 80-90 литр сүт тапсырады. Шағын шаруашылықта аудан орталығының іргесіндегі Красногорка ауылының он тұрғыны еңбек етеді. Болашақта тағы да 200 қазақтың ақ бас сиырын сатып алып, қора-қопсыларды жайластыруды жоспарлап отырғандарын айтқан шаруашылық басқарушысы Смағұл Әубәкіров: “Жер жайлы, өңір қолайлы, тек ерінбей, жалықпай еңбек ету қажет”, – дейді.

Көз тоймас көрікті жерде туып-өскендердің сұлулыққа жаны жақын, табиғатқа тәнті болмауы мүмкін емес шығар?! Имантау ауылының өзінде ғана жүз елуден астам жылыжай бар екенін білгенде, журналистердің ойлары ортақ арнаға тоғысқаны рас. Мұнда көкөністермен қатар гүл өсіру ісі де өркен жайып келеді. Имантауда өскен гүлге қазірдің өзінде Петропавл мен Көкшетаудан басқа, еліміздің өзге де ірі қалаларынан сұраныс көп түсетін көрінеді.

“Омарова” жеке кәсіпкерлігі гүл шаруашылығымен тоқсаныншы жылдардан бері айналысып келеді. Бау-бақша ісін әкесінен үйреніп, отбасылық бизнесті жалғастырған Гүлфия Омарова журналистерге жол бастап, әр қатарға орналас­ты­рылған гүлдер мен өсім­дік­тер­дің түр-түсіне тоқталып, ерекше ын­та-ықыласпен түсін­ді­руден жалығар емес.

– Менің әкем Тауфик Омаров осы ауылда бау-бақша ісіне ден қойған алғашқы бағбандардың бірі болатын. Бастапқыда көкөністер мен гүлдерді аудан орталығына, кейін Көкшетауға саудаға шығарды. Сүйікті ісінде сапа мәселесіне көп мән беретін. Бүгін әке ісін жалғастырып, жыл он екі ай жылыжайда жұмыс істеп жатырмыз. 12 сотық жерге гүлдің жүзден астам түрін өсіреміз. Олардың әрқайсысы ерекше күтімді қажет етеді. Гүлдер маусымы аяқталған соң, көкөніс өсіреміз. Ешқандай тыңайтқыштарды пайдаланбаймыз. Өнімдерімізді Солтүстік Қазақстан облысы, Астана, Павлодар, Қостанай, Көкшетау қалаларына сатамыз. Алдағы уақытта тұқым түрлерін көбейтіп, нарықтағы орнымызды кеңейте түссек дейміз, – дейді кәнігі бағбан.

“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамынан 2 жылға 2 миллион теңге несие алған Гүлфия бүгінде жылы-жай бір маусымда 500 мың көшет отырғызатынын айтады. Тұрақты жұмыс істейтін 3-4 бақша күтушісі бар. Гүлдер мен көкөністерді баптап, саудаға шығару науқанында олардың саны 20 адамға жетеді.

Имантау ауылдық округінің әкімі Любовь Сердюк жылыжай бизнесі ауылдықтарға жақсы пайда әкеліп отырғанын айтты. Жыл сайын имантаулықтардың ауылдарын көркейтіп, абаттандыруы, жаңа үйлердің салынуы соның айғағы болса керек.

Ауыл тұрғындарына қолдау көрсетіп отырған кәсіпкерлер Имантау ауылында да баршылық. Округ әкімі тұрғындарға гүл шаруашылығын бастау ісінде қолдау көрсетіп, мешіт салып, Ұлы Отан соғысында опат болғандарға қойылған ескерткішті қайта жөндеуден өткізген Идрис Кузахметовті, 11 отбасыға 470 бас мал берген “Дзауров” шаруа қожалығын ерекше атап, шағын ауылдың жанашырларына тұрғындар атынан ризашылығын білдірді.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика