МОЛ ӨНІМНЕН ҮМІТТІ

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, 12 маусым күні облыс аумағында көктемгі егіс өз мәресіне жетті.

Үстіміздегі жылы өңір диқандары 4,1 млн. гектар алқапқа дән сіңірсе, ондағы дәнді дақылдардың үлесі 2,6 млн. гектарды құрады. Соңғы жылдары егістікті әртараптандыру, майлы дақылдар алқабын кеңейту бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде биыл облысымыздағы майлы дақылдардың алқабы бірінші рет бір миллион гектарға жеткізілді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 41 пайызға көп. Картопқа бөлінген алқап та екі есе ұлғайтылып, 45,4 мың гектарды құрады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқарамасы басшысының орынбасары Қуандық Шақұбаевтың айтуынша, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ортақ іске белсене кіріскен солтүстікқазақстандық диқандар дәнді және майлы дақылдарды себу, көкөніс отырғызу жұмыстарын аяқтады.

– Бүгіндері ауыл шаруашылығы құрылымдары жемазық дақылдарын себу жұмыстарымен айналысуда. Мал шаруашылығына қажетті жемшөп дайындауға баса көңіл бөлген агроқұрылымдар бүгінгі күнге дейін жемазықтың дақылдар тұқымын 153 мың гектарға сіңіріп үлгерді. Оның 130 мың гектары – біржылдық шөп. Ал жоспарлы 9,9 мың гектар көпжылдық шөп алқабын биыл бір мың гектарға арттыруды жоспарлап отырмыз. Бүгіндері танап басындағы ауыл шаруашылығы техникалары тек осы жұмыстармен айналысуда. Облыс аумағында көпжылдық шөп егу науқанын шілде айына дейін жүргізу үшін ауа райы қолайлы болады деп күтілуде, – дейді Қуандық Нұрғазыұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл жердің құнарлығы мен өнім сапасын арттыру үшін егін танаптарын тыңайтқышпен байыту және егіс технологиясын сақтау мәселесіне көп көңіл бөлінген. Атап айтқанда, өңір диқандары қара жерге 110 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңірсе, оның басым бөлігін амофаст пен аммиак селитрасы құрады. Бұл гектар өнімділігін 3-5 центнерге арттыруға мүмкіндік бермек.

Егіс науқанына қажетті жанар-жағармайды жеткізу мәселесі де уақтылы шешілуінің арқасында диқандар еш қиындық көрмеген. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биылғы көктемгі дала жұмыстарын қолайлы уақытта жүргізуге қажетті арзандатылған жанар-жағармаймен қамтылған агроқұрылымдар 13,6 мың трактор, 16,2 мың тұқымсепкіш, 1,1 мың кешенді жауапты науқанға жұмылдырған.

Қазіргі уақытта диқандар тың жерлерге тыңайтқыш сіңіру жұмыстарын жүргізуде. Бүгіндері бұл жұмыс 100 мың гектар аумақта атқарылды. Бұдан бөлек, танаптарда арамшөптер мен зиянкестерге қарсы фунгицидпен және гербицидпен дәрілеу жұмыстары қолға алынды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика