ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ — ТАБЫС КӨЗІ

Бүгінгі таңда елімізде еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға көп мән беріліп отыр. Бұл ретте, агросектор саласына тамшылатып суару әдісін енгізудің тиімділігі орасан екені сөзсіз, оны бүгінде бүкіл әлем мойындады. Яғни, өндірілген өнімнің экологиялық таза болуы, шығынның азаюы, қаржы үнемдеу, тағы басқа факторлар оңтайлы шешім табады. Тайынша ауданында бұл бастаманы жұрттан бұрын енгізген шаруашылықтардың бірі – “Астық STEM” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Абай ауылдық округіндегі Қарағаш ауылында орналасқан серіктестік 1998 жылы төрт шаруа қожалығының негізінде құрылған. Бастапқыда еншісінде 198 гектар ғана жер телімі болса, бүгінгі таңда оның көлемі 10 мың гектарға дейін ұлғайған. 2008 жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникаларын жаппай жаңғыртуға бел буған серіктестік іргелі өндіріс орталығына айнала бастады. Тың идеялар мен жаңа технологиялық бастамалар да осы шаруашылықтың жұмысы барысында қалыптасып жатыр десек, артық айтқандық болмас. Өңірімізде алғашқылардың бірі болып көкөніс өсіруді қолға алған да осы шаруашылық. Серіктестік соңғы жылдары егіс танаптарын тамшылатып суару тәсілі арқылы өнімділікті арттыруда елеулі көрсеткіштерге қол жеткізуде. Бұл тәсілді қолдану өнімділіктің кепілі деп білетін шаруашылық басшысы Сергей Звольский көкөністен қашанда пайда түсетініне сенімді.

– Біз бірнеше жылдан бері көкөніс дақылдарын өсірумен айналысып келеміз. Алғашында 5 гектардан бастасақ, қазір көкөніс алқабы 325 гектарға дейін ұлғайтылды. Оның 295 гектарына картоптың “Гала”, ал 30 гектарына сәбіздің “Каскад” тұқымы егіледі. Бастапқыда тамшылатып суару жүйесі 10 гектар алқаптағы көкөніс өнімдеріне қолданылса, бүгінде 50 гектар жерде осы технология қолданылады. Ал бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімінің көбеюіне, жаңадан жұмыс орындарының пайда болуына және соның нәтижесінде бюджетке қосымша табыс түсуіне үлкен септігін тигізуде, – дейді Сергей Сергеевич.

Өңірде алғашқылардың бірі болып израильдік тамшылатып суару тәсілін игерген шаруашылық өнімділікті екі есеге арттырған. Үстіміздегі жылы картоптың 30, ал сәбіздің 20 гектарына тамшылатып суару әдісі қолданылуда. Басшының айтуынша, көкөніс – суды жақсы көретін өсімдік. Бұл – қыруар еңбекті, аялы алақанды талап ететін сала. Ал аталмыш шаруашылық суармалы әдіс шығымдылықты арттыратындығын дәлелдеп отыр. Тамшылатып суару әдісінің артықшылығы көп. Біріншіден, өсімдіктің тікелей тамырына су беру арқылы су ресурстары үнемделеді. Пластикалық құбырлар топырақтың үстінде немесе астында орналастырылады. Су белгілі бір уақытта ғана беріледі. Бұл дегеніңіз – суды үнемдеу. Екіншіден, арамшөп қаулап өспейді. Осыған байланысты көкөністің өнімділігі 30-40 пайызға дейін артады. Бір ерекшелігі, тамшылатып суару әдісін қолданған уақытта бір адам 19 гектар жерге бақылау жүргізе алады екен. Маманның міндеті – судың алқапқа дер кезінде жеткізіліп отырылуын қадағалау. Бұл мақсатта ауыл шетінде қолдан жасалған қазаншұңқыр бар. Ол арнайы үш ұңғыманың көмегімен толтырылып отырылады.

– Картоптың қалған алқаптары арнайы техниканың көмегімен суарылады. Ең бастысы – су қорының болуы қажет. Мәселен, бір көлік 100 гектар аумақты 3-4 тәулік ішінде суарып үлгерсе, тамшылатып суару әдісімен бұл аумақты екі апта бойы суарар едік. Заманауи әдіс жоғары өнімділікке жол ашып отыр. Қуаңшылық жылдардың өзінде картоптың гектар берекелі­гі 45-46, ал сәбіз 51-52 тоннадан төмендеген емес, – дейді табыстың көзін тапқан басшы.

Серіктестік дәнді дақылдардан бидай мен арпа, майлы дақылдардан рапс пен зығыр егеді. Майлы дақылдардан да жақсы табыс табуға болатынын сөз еткен басшы бұл саланы да жан-жақты дамытуды жөн көріп отырғандығын жеткізді. Дәнді дақылдарға баға құлдырап кеткен жылдары рапстың бір тоннасын – 80 мың теңгеден, зығырдың бір тоннасын 75 мың теңгеден сатып, пайда тапқан. Шаруашылық диқандары үстіміздегі жылғы көктемгі егіс науқанын ойдағыдай аяқтап отыр. Жалпы 5 мың гектар жерге бидай, бір мың гектар алқапқа рапс, 1200 гектарға күнбағыс, 600 гектарға жасымық сіңірген.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында “Ақылды технологиялар” – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі екенін атап өткен болатын. Осыған орай, агроқұрылым бүгіннен егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, “ақылды суарудың”, минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе арттырудың амалдарын зерттеуде. Нәтижелері де жаман емес. Мәселен, басшы халықаралық ауыл шаруашылығы техникаларының көрмелерінде көрген технологиялар мен тың идеяларды өңірімізде қолдануда. Атап айтқанда, агрофирмада биылдан бастап алқаптарды қашықтықтан суару әдісі жүзеге асырылуда. Белгілі болғандай, басшы ауылдан 70 шақырым қашықтықта орналасқан картоп және сәбіз алқабындағы тамшылатып суару жүйесін ұялы телефон арқылы басқара алады екен. Танап басында бұрынғыдай бір бригада емес, бар-жоғы екі маман ғана жүреді. Сондай-ақ, ұялы телефон арқылы көкөніс қоймасындағы желдеткішті басқаруға болады.

Көкөніс өсірудің қиыншылығы жетерлік. Тұқымды топыраққа отырғызғаннан бастап, өнімді жинап алу, сақтау, сату үлкен еңбекті талап етеді. Көкөніспен айналысуды қолға алған шаруашылық оны сақтау мәселесіне де ерекше көңіл бөлуде. Алғашында агроқұрылым “ҚазАгроФинанс” қаржы институтының қолдауымен несие рәсімдеп, 1,5 мың тонналық көкөніс қоймасын жергілікті климатқа орайластырып салған. Қажетті заманауи тоңазытқыштар мен­ желдеткіштер шетелден жеткізіліп, орнатылған. Ал бүгіндері шаруашылықта 11,6 мың тонна астық сақтайтын 4 және 9,5 мың тонна картоп пен сәбіз сақтайтын 4 сонша қойма бар.

Жеңілдікпен жанармай алу, лизинг арқылы техниканы жаңғырту аталмыш шаруашылықтың жұмысына үлкен серпіліс беруде. Бұл күні 50 техниканың бірқатары жаңартылып, қатарға қосылған заманауи комбайн-тракторлар мен құрал-жабдықтар еңбеккерлердің жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті 20-25 пайызға көтеріп отырған жайы бар.

– Бұл жұмыстардың нәтижесінде тұқым себу және оны жинап алу мерзімдерін кешіктірмейтін болдық. Ұжымда жаңа техниканың “тілін” білетін кадрлар бар. Бас мамандарымызды шетелге жіберіп, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік жасаймыз. Қазіргі уақытта шаруашылықта 57 адам еңбек етеді. Олардың орташа еңбекақысы 63-65 мың теңгені құрайды. “ХХІ ғасыр – жоғары технологиялар ғасыры” деп бекерден айтылмаған ғой. Егіс даласында жүрген техниканың жарамсыздығын, қай алқаптың суарылмай қалғанын ауылдан шықпай-ақ, анықтай алатын күнге жеттік. Заман ағымына біз де ілесуіміз керек. Жаңалыққа ұмтылып, қашанда ізденісте жүру – бүгінгі күннің талабы, – дейді серіктестік басшысы.

Бүтіндей бір ауыл қабырғасының сөгілмеуіне себепкер болып отырған серіктестік басшысының цифрландыру мәселесіне назар аударып, еңбек өнімділігін екі есе арттыруы өзге шаруашылық басшыларына үлгі екендігі сөзсіз.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Тайынша ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика