КІРПІШКЕ ЖАРЫТПАҒАН ҮШ ЗАУЫТ

Ертедегінің бәрі есте тұра бермесе керек. Дегенмен, кейде өткен-кеткенді ойға оралтуға тура келіп жатады. Қызылжар ауданы Затон стансасындағы Петропавл теміржол бөлімшесіне қарайтын кірпіш зауыты 90-шы жылдары ескі жүйе, тозығы жеткен технологияға байланысты өндіртіп жұмыс істей алмаған еді. 2004 жылы кәсіпорын “Қызылжар кірпіш зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайтадан құрылғанды. Сол кезде бұл зауыт кешікпей өңіріміздегі таңдаулы кәсіпорындардың біріне айналып, құрылыс индустриясын дамытуға оң ықпал ететіндігіне сенгендер көп болды.

Бастапқыда кәсіпорынның аяқ алысы жаман емес еді. Сол кездің өзінде зауыт отқа төзімді 2,5 мың текше метр керамикалық кірпіш шығарды. Зауыт директоры Михаил Вагановтың айтуынша, серіктестікте 50-ге жуық адам еңбек етті. Сапасы жақсы, бағасы қолжетімді зауыт өнімі сол жылдары облыс орталығында салынып жатқан орталық мешіттің, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің аумағында бой көтерген емдеу корпусының, Бескөл ауылындағы қазақ орта мектебінің құрылыстарына пайдаланылған. Көршілес Көкшетаудағы “Маредос” ЖШС-і кірпішті үнемі осы зауыттан алып отырған.

Зауыт директоры жұмыс ауқымын кеңейте түсу мақсатында кәсіпорын қайта құрудан өткізіліп, цехтардағы кірпіш шығаруға қажетті қондырғылар кезең-кезеңімен ауыстырылатынын, әзірше М-75, М-100 маркалы кірпіштер ғана шығарылып жатса, өнім түрлері келешекте көбейтілетінін, өндіріске қажетті саз балшық зауыттың дәл іргесіндегі карьерде екендігін де айтып өткен.

Өкінішке қарай, болашағынан көп үміт күттірген зауыттың ғұмыры ұзаққа бармады. Күндердің-күнінде өндірісті тоқтатып, жабылып тынды.

“Қызылжар кірпіш зауыты” ЖШС-і жұмысы қыза түскен 2006 жылы қаламыздың Жамбыл көшесінде “Жансая” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз күштерімен жаңадан салып жатқан кірпіш зауытының құрылысын аяқтауға таяп қалған болатын. Жаңа зауыт жылына 20 миллион дана кірпіш шығарады деп жоспарланғаны көпшіліктің көңіліне қуаныш ұялатты.

Өкінішке қарай, бұл қуаныш та ұзаққа бармай, су сепкендей басылды. Зауыт 20 миллион түгілі 20 мың дана кірпіш шығаруға шамасы келмей, жұмыстары басталмай жатып тасталды.

Қызылжар кірпішіне қатысты жыр мұнымен де таусылған жоқ. Бұдан соң осынау маңызды іспен облыс орталығын газбен жабдықтайтын “Алаугаз СК” ЖШС-і айналыспақ болды. Өңірімізде құрылыс кірпішін шығаратын зауыт жоқтығын алға тартқан алаугаздықтар 2013 жылдың сәуір айында “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-на іргелес жатқан аумақтан 1,5 гектар жер алып, кірпіш зауытының құрылысына құлшына кірісті. Болашақ кәсіпорынға қажетті құрал-жабдықтар сол кездің өзінде сатылып алына басталды. Мәселен, кірпіш қалыптаушы қондырғының өзі 120 мың АҚШ долларына сатылып алынған. Кәсіпорынға қажетті басқа да керек-жарақтарды сатып алу үшін “БТВ” банкінен 25 миллион теңге көлемінде несие ресімделген. Мемлекет тарапынан демеуқаржы алуға сол кездегі облыс әкімінің өзі тікелей ықпал еткен. Бұл жұмыстың толық құны 800 мың АҚШ долларын құрады.

Жаңа зауыттың жылдық қуаты 4 миллион дана кірпіш шығаруға жетеді делінді. Сөйтіп, бұл кәсіпорын шыққан шығынды екі-үш жылдың ішінде толық ақтай алады екен. Өнім өндіруге қажетті шикізат мәселесіне тоқтала кетсек, ол ескі әуежай аумағындағы кірпіш соғатын балшыққа қоса, құмы да жоғары технологиялық сараптамадан өткен “Южный” карьерінен алынатын болып шешілді. Мамандардың есептеуінше, оның қоры сол кезде 30 миллион тоннадан астам екен. Яғни, кемінде 40-50 жылға жетерліктей. Кірпішке қосылатын таза көмір күлі №2 Петропавл жылу-электр орталығынан жеткізілетін болды. “Алаугаз СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сөйтіп, 2014 жылы біртіндеп керамикалық кірпіш шығара бастайды. Бірақ жұмыстары жүріп кете қоймады. Кәсіпорын керамикалық кірпіш шығаруға технологиялық жағынан сай келмегенге ұқсайды. Зауытты қайтсе де ірі өндіріс ошағына айналдырмақ болған алаугаздықтар енді ел-жұртты қыш кірпіш шығарамыз деп сендірген. Сөйтіп, 2015 жылы шілде айында, Астана күні мерекесі қарсаңында Ресей мен Қытайдың технологиялық құрал-жабдықтарымен жарақтанған қыш кірпіш өндіретін зауыт іске қосылған болатын. Оның жылдық жобалық қуаты – 3,6 миллион дана кірпіш. Сол кезде облысымызда осы өнімге деген сұраныс жылына 10 миллион данаға жуық еді. Жаңа кірпіш зауыты іске қосылса, жергілікті құрылысшылардың өзге өңірлерден жеткізілетін кірпішке деген тәуелділігі үш есе азаяды деп күтілген болатын. Кірпіштің бағасы 50 теңгеден белгіленгенді. Тіпті қаламыздағы құрылыс компанияларының басшылары жаңа зауытпен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойып та қойған.

Бүгінде бұл зауыттың да үні өшкен. Кәсіпорынның алғашқы да соңғы директоры Александр Фильдман зауыт жайлы:

– Өзім бүгінде зейнет демалысына шықтым. Зауыт тоқтап тұр. Оған қажетті құрал-жабдықтардың барлығы кезінде сатылып алынған. Олар Ресей мен Қытайда шығарылған. Бірақ қалай тырыссақ та, кәсіпорынның жұмысын алға жылжыта алмадық. Енді оны сатуды ұйымдастырған жөн болар. Оған Алматы мен Шымкент қалаларынан кәсіпкерлер ниет білдіріп жатқан сыңайлы. Тіпті болмаса, дәмхана, мейрамханаға лайықтап қайтадан жасау керек, – дейді.

Міне, осылай қыруар қаржы жұмсалып салынған, бір емес, екі рет ашылған зауыт та етпетінен түскендей күй кешуде.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика