ИГІЛІКТІ ІСТЕР УАҚЫТЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” атты Үндеуі мемлекет қашанда өз азаматтарының мұң-мұқтажы мен әлеуметтік жағынан қорғалуына үздіксіз көңіл бөлетіндігін көрсетті. Бұл бастамалардың жүзеге асырылуын облыстық мәслихаттағы “Нұр Отан” партиясының депутаттық фракциясы басты назарда ұстайды. Партияның облыстық филиалының ғимаратында өткен алқалы жиын осы мәселені талқылауға арналды.

Жиынды ашқан “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов Мемлекет басшысының үстіміздегі жылы жария еткен бес бастамасы партия мүшелері тарапынан зор қолдауға ие болғанын және оны жүзеге асыруға өздерінің сүбелі үлестерін қосып жүргенін тілге тиек етті. Содан кейін әр бастама бағыты бойынша спикерлерге сөз берді.

– Бес әлеуметтік бастаманың “Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беруден” басталуының өзіндік сыры бар. Себебі, “Отбасы – шағын мемлекет”, демек, әрбір Қазақстан азаматының “7 – 20 – 25” бағдарламасы аясында баспаналы болуы – халықтың еңсесін көтеріп, ертеңгі күнге деген сенімін арттырады, – деді Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Бақыт Сәбиева. – Ұлттық банк басқармасының 2018 жылғы 31 мамырдағы қаулысымен ипотекалық тұрғын үйді несиелеу бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама 2018-2022 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Ипотекалық тұрғын үйді несиелеу бағдарламасын жүзеге асыру үшін арнаулы оператор – “Баспана” ипотекалық ұйымы” акционерлік қоғамы құрылған. Бұл бағдарлама шеңберінде біздің өңірдің баспанасы жоқ азаматтары жаңа үйден 15 миллион теңгеге дейінгі бағамен пәтер сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Тек олар бағдарлама талаптарына сәйкес келуі тиіс.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Владислав Лукин осы бағдарлама аясында өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында бүгіндері облыстық әкімдік 332 пәтерлік бір және 721 пәтерлік алты көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл нысандардың құрылысын қаржыландыру “Бәйтерек Девелопмент” акционерлік қоғамының қаржысы арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар жеке компаниялар “Солнечный” кентінде 211 жер үй салуда. Тұтастай алғанда 2018-2019 жылдары облыс орталығының аумағында 1,5 мың пәтерлік бес кешен бой көтеріп, олардың барлығы “7 – 20 – 25” бағдарламасы бойынша иелерін табатын болады.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті өкілінің айтуынша, екінші бастамада жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту мәселесі айтылған. Бұл – жалақысы төмен халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген тобына жасалған үлкен жеңілдік. Жалақысына салынатын салық жүктемесінің азаюы – жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ, еңбекақының өсуіне ықпал етеді.

Үшінші бастама – жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту – дер кезінде көтерілген әлеуметтік мәселе.

– Жастар – еліміздің болашағы. Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында төртінші өнеркәсіптік төңкеріс мүмкіндіктерін қоғамымыздың барлық саласында кеңінен қолдануды тапсырды, – деді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің стратегия және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Айдос Мұқатаев. Сондықтан жастарға заман талабына сай, бәсекеге қабілетті жоғары сапалы білім беруіміз керек. 54 мың мемлекеттік грантқа қосымша 20 мың грант бөлінді, бұл жастарға жасалып отырған зор мүмкіндік дер едім. Студенттерге 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды жүзеге асыру әрбір студент жастың алаңсыз жан-жақты білім алуына жағдай жасайды. Оның жарқын мысалын өңіріміздегі бірден-бір жоғары оқу орны – біздің университеттен көруге болады. Биыл біздің жоғары оқу орнына бір мың грант бөлінеді, ол былтырғы жылмен салыстырғанда бес есе көп. Осының барлығы мектеп түлектерін жоғары біліммен қамтуды ұлғайта түсуге мүмкіндік береді.

Қазір университетте 5,5 мың студент білім алуда. Келесі жылы олардың санын 7 мыңға дейін ұлғайту көзделген. Сондай-ақ, қазір жоғары оқу орындарына білім алу бағасын реттеуде еркіндік беру жоспарланған. Бұл қадам көрші елдерге барып оқитын түлектердің санын азайтуы тиіс. Облыстық әкімдік пен Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен университет жанынан заманауи оқу-зертханалық корпус салынатыны біздің ұжымды зор қуанышқа бөледі. Ол мамандарды даярлау сапасын арттыруға септігін тигізеді. Оның үстіне бөлінген қаржы есебінен әрқайсысы 600 орындық екі студент жатақханасы бой көтермек.

Елбасының төртінші бастамасы – “Шағын несие беруді көбейту”. Бұл – өз кезегінде халықты еңбекпен қамтамасыз етудің ыңғайлы жолы. Нәтижесінде, кәсіпкерлік дамып, жеңілдетілген шағын несие беру тұрғындардың банктерге деген сенімін арттыра түседі және жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына септігін тигізеді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және туризм, ауыл шаруашылығы басқармаларының, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аграрлық несие корпорациясы филиалының өкілдері айтып берді.

Шағын несие алғысы келгендер “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының филиалдарына бара алады. Әрі қарай “Бастау бизнес” бағдарламасы бойынша ең кемі 25 күн оқуы тиіс. Оқыту соңында үміткер тест тапсырып, арнайы сертификат алады. Ықтимал қатысушы оқып жатқанда, жергілікті палата қызметкерлері несие алуға қажетті құжаттарды жинауға көмектеседі, қаржы институтында өтінім екі апта қаралады.

“Шағын несие беруді көбейту” бастамасы аясында өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындар арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген шағын несие беріледі. 2018 жылы Елбасы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Соның нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 14 мың адамға жететін болады. Жыл басынан бері біздің облысымызда 271 миллион теңгеге 26 шағын несие берілген. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өзінің жалғасын табатын болады.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика