САПАЛЫ ӨНІМІМЕН ТАНЫМАЛ

Былтыр облысымызда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бірнеше жоба жүзеге асырылған болатын. Жаңа ашылған кәсіпорындардың бірі – “Масло-Дел” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт зауыты. Өңіріміздегі белді кәсіпорындардың біріне айналған серіктестік Астана қаласының нарығында да сапалы өнімдерімен танымал.

“Масло-Дел” тауар белгісімен шығарылатын өнімдер қазақстандық тұтынушылар арасында ерекше сұранысқа ие. 2004 жылы “Молпродукт” ЖШС-нің Петропавл қаласындағы ескі ғимаратын сатып алған компания онда қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Ісі өрге басқан кәсіпорынның басты мақсаты – сүт және сүттен әртүрлі сапалы өнім шығарып, тұтынушыға уақытында жеткізу. Былтыр қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, екінші тынысы ашылған өндіріс орнының қол жеткізген табыстары ауыз толтырып айтарлықтай.

Кәсіпорынның директоры Тамара Михайлованың айтуынша, зауыт жазда тәулігіне 170 тонна сүт қабылдап, ұзақмерзімді сақтауға арналған 60 тонна сүт, 5 тонна сарымай, 8 тонна құрғақ сүт өндіреді. Сондай-ақ, айран, қатық, қаймақ, ірімшік жасайды. Өндіріс аясын кеңейтуді көздеген серіктестік басшылығы былтыр 3 млрд. теңге инвестиция құйып, жаңа зауытты іске қосқан болатын. Жаңғырту жұмыстарына тартылған қаржының он бес пайызы кәсіпорынның өз қаражаты болса, қалғаны – мемлекеттің қолдауымен берілген арзандатылған несие.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қойылған міндеттер алдағы жұмысымыздың негізгі бағыты болмақ. Себебі, жылдың басты құжатында еліміз жаңа технологияларды енгізуі тиіс екендігі, отандық тауарларды “Қазақстанда жасалған” деген брендпен экспорттау бойынша жұмыс істеуіміздің қажеттігі айтылған. Сондықтан біз кәсіпорынды заманауи құралдармен жабдықтап, цифрландырудың тың әдістерін пайдалануға көшкендердің қатарынан табылуға тырысудамыз. Ендігі мақсатымыз – елімізде экспортты дамытуға атсалысып, Еуразиялық экономикалық одақ нарығында өз орнымызды табу. Бәсекеге қабілеттілігіміз зауыт өнімдерін шетел нарығына қиналмай шығаруға мүмкіндік береді, – дейді Тамара Николаевна.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында швейцариялық “TetraPak” компаниясының жоғары технологиялық қондырғылары орнатылған. Компания экологиялық таза, табиғи өнімдер шығаруды басты бағытына айналдырды. Зауыттың қуаты тәулігіне 10 тонна құрғақ сүт және 320 тонна басқа да сүт өнімдерін шығаруға жетеді.

Өндіріс процесі автоматтандырылған кәсіпорын Қазақстандағы сүт өнеркәсібі көшбасшыларының біріне айналды. Цехтардағы қызу еңбекпен таныстырған өндіріс бойынша меңгеруші Надежда Ковалева пастерленген айран мен сүт өнімдері Қазақстанның барлық өңірлеріне жөнелтілетінін хабарлады. Оның айтуынша, басты тұтынушылардың арасында Астана, Көкшетау, Алматы, Атырау, Ақтау, Қызылорда қалалары бар. Әсіресе, елордамен тығыз әріптестік байланыс орнатылғанын үлкен мақтанышпен айтты. Белгілі болғандай, аптасына екі рет 100 тонна сүт өнімдері Астанаға жөнелтіледі. Яғни, кәсіпорын елорданың сұранысын қанағаттандыруға өзіндік үлесін қосып отыр деген сөз.

Бүгінгі таңда сүт фермалары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерінен бір литр сүтті 150 теңгеден сатып алуда. Зауыттың зертханасында сүттің майлылығына, тазалығына ерекше мән беріледі. Себебі, швейцариялық заманауи жабдық су қосылған сүтті бірден анықтайды. Сондықтан сүтке су қосып, алаяқтық жасайтындардың жолына тосқауыл қоюға ерекше көңіл бөлінеді.

– Заманауи технологияларды қолдану нәтижесінде зауыттың түрлі шығындары азайып, өнімнің бәсекеге қабілеттілігі арта түсті. Өңірімізде тамақ өнеркәсібінің дамуына сүбелі үлестерін қосып жүрген “Молпродукт”, “Зенченко және К”, “Богатырский продукт” кәсіпорындарымен бірге өткен жылы 20 млрд. теңгенің өнімін шығарған болатынбыз. Мұның өзі кәсіпорнымыздың болашағы жарқын, бизнестік ортада беделі бар екенін айғақтайды, – деді серіктестіктің директоры.

Кәсіпорынның материалдық-техникалық жағынан жабдықталуы жақсы. Мұнда жоғары қуатты сепараторлар орнатылған. Әдетте, қондырғылар автоматтандырылған сайын жұмыс күшіне деген сұраныстың азая түсетіні белгілі. Алайда, жаңа цехта, керісінше, 250 жұмысшының санын 360-қа дейін жеткізген. Олардың орташа айлық жалақылары 93 мың теңгені құрайды. Кәсіпорынның бас технологі Евгений Шелегтің айтуынша, сүт және айран шығаруға маманданған Петропавлдағы зауыт шетелдік жаңа қондырғылардың көмегімен өнімдердің санын ғана емес, сапасын жақсартып, сақтау мерзімін ұзарту мүмкіндігіне ие болды. Мәселен, бұрын сүт пен айран сегіз тәулікке ғана жарамды болатын. Енді арнайы технология мен термоқаптаманың арқасында сүтті жарты жыл, ал айранды төрт айға дейін сақтауға мүмкіндік туып отыр. Жаңа құрал-жабдықтарды іске қосу арқылы өндіріс қуаттылығы 2,5 есе артып, электр қуатының шығыны үш есе азайған.

Өңірдің беткеұстар кәсіпорнында өнімнің 30 түрі шығарылады. Өнімді өндірумен қатар, оны өткізу мәселесі де күн тәртібінен түспей отыр. Тауарды сату мәселесін сөз еткенімізде зауыт басшылығы шағын қалада жергілікті тауар өндірушілермен бәсекеге түсу оңай емес екенін тілге тиек етті. Ресей Федерациясымен шекаралас болғандықтан, соңғы жылдары шетелдік сүт өнімдері өңір нарығын жаулап, кәсіпкерліктің тынысын тарылтып отырған жайы бар.

Сүт зауытының жыл сайын қызмет көрсету ауқымы кеңейіп, материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Тынымсыз еңбектің нәтижесі де жоқ емес. Тұтынушының берген бағасы мен өнімнің сапасын қашан да жоғары қоятын өндіріс кешені алда ауқымды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика