“ЖАС ӨРКЕН” – ШАТТЫҚ МЕКЕНІ

Ерке Есілдің бойындағы елордамызға қарап өзге қалалар да бой түзейді. Біздің Қызылжар да солардың қатарында. Жыл сайын жасарып, күн сайын көркейіп келе жатқан шаһарымыздағы өзгерістерге қарап, көңілің марқаяды. Әсіресе, “Жас өркен” шағынауданындағы қызу құрылыстың біткенін көпшілік асыға күтуде. Қала күні қарсаңында осы ауқымды іске қатысы бар бір топ жерлесімізге сөз беріп отырмыз.

 

ҚОНЫСТОЙЫ КӨБЕЙДІ

 

Қызылжар қаласының байырғы тұрғынымын. Біреулер қатты аязын, өзгелері суық желін айтып, қаламызға мін таққысы келсе де, мен оны мыңдаған шаһарлардың біріне де айырбастамаймын. Қызылжар – еліміздегі көне қалалардың бірі. Ескіден естелік болып қалған кейбір ғимараттар қаламызға әлі күнге дейін көрік беріп тұр. Бірақ бүгінде сыны мен сыры кеткен, қазіргі заман талабына сай еместері қаншама?! Қала әкімдігі олардың орнына заманауи көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салуды қолға алды. Шағынауданның талай жылдардан бергі тұрғындары бұған қатты қуандық. Жүздеген отбасы ескі үйлерін жаңасына ауыстырды.

Бүгінде шағынауданымыздың күн санап өзгеріп келе жатқанын көріп марқаямыз. Қазір құрылыстың нағыз қызған шағы. “Жас өркен” шағынауданы Пестрое көлінің жағалауынан басталады. Көл жағалауының кеңейтілуіне де көп мән берілуде. Бұрынғы жағажайдың қандай болғанын қазір көзге елестетудің өзі қиын. Биыл туғанына 355 жыл толатын Қожаберген жырауға арналған алып ескерткіш те қалаға кірер бойда орнатылмақ. Қызылжар қазақтың ұлы перзенттерінің киелі мекені екенін осы ескерткіштің өзі-ақ айтып тұратын болады.

Жаңа шағынауданда екі жарым мыңнан астам отбасы үшін баспаналар салынады деп жоспарланған. Олардың алды бой көтеріп те үлгерді. “Казградстрой” компаниясы салған бірнеше тұрғын үй кешені жүздеген петропавлдыққа баспана бақытын сыйлады. Олар сапалылығымен ерекшеленіп, көркем сәулетімен бірден көзге түседі. Мәселен, “Қызылжар” тұрғын үй кешені – қаладағы ең биік баспана. Мұндағы балалар алаңы, көлік қоятын орын, тұрғындарға қызмет көрсету жүйесі толығымен бүгінгі заман талаптарына сай келеді.

Зәуреш БІРІМОВА,

қала тұрғыны.

 

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ

 

Бұрынғы ДСР шағынауданын түбегейлі өзгертудің алғашқы талпынысы кеңес өкіметі кезеңінде жасалған болатын. Алайда, қаланың шеткі жағына инженерлік желі тарту оңайға түспейтін болған соң бұл жұмыс кейінгі уақыт еншісіне қалдырылған еді. 2005-2006 жылдары қаланың бас жоспары қабылданды. “Жас өркен” шағынауданының жобасы осы кезде пайда болды. Алайда, экономикалық жағдайларға байланысты бұл жолы да кешенді құрылыс жұмысы кейінге шегерілген. Енді, міне, діттегенді жүзеге асыру үшін облыс, қала әкімдіктері жұмыла іске кірісіп отыр. Осы күнге дейін едәуір іс тындырылды. Бірнеше нысан құрылыстарымен бірге жылу жүйесін, инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту жұмысы қатар жүргізілуде. Бұл жерде ең маңыздысы – жұмыстың бәрін келісе отырып, сапалы орындау.

Біздің “Основание” серіктестігіне жаңа шағынауданда көпқабатты тұрғын үй салу ісі тапсырылды. 332 пәтерлі жайлы баспана бой көтеруде. Баспанадан үміткер азаматтардың қалтасына көп салмақ түсірмеу үшін пәтерлердің ауданы да шағын етіп жоспарланған. Бұл орташа табысты тұрғындар үшін нағыз қолайлы шешім болмақ.

Тоғызқабатты үйдің астыңғы қабатында балаларға арналған шағын орталықтар жайғасады. Бұл жерде де үнемдеу қағидаты қаперге алынған. Яғни, мемлекет балабақша салуға жұмсалатын шығынды, ата-аналар жолға кететін уақыттарын үнемдейді. Жалпы тұрғын үй кешені жобасын жасауда осындай тиімді тәжірибелерге неғұрлым көбірек сүйенгеніміз абзал.

Қаламызда құрылыстың ғана емес, көшелерді жөндеу жұмыстарының да қызу жүріп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Қазіргі уақытта бірден он көше жөндеуден өтуде. Жаз бойы жиырма шақырымдай қалаішілік жол ретке келтірілмекші. Жиектастар, жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, жаңа аялдамалар, жол белгілері мен бағдаршамдар орнатылады, жарық шамдары ауыстырылады.

Сергей ТИМОФЕЕВ,

“Основание” ЖШС-нің директоры, облыстық құрылысшылар қауымдастығының төрағасы.

 

БОЛАШАҚ – ІТ ТЕХНОЛОГИЯДА

 

 

Мектепте мені ақпараттық технологиялар көп қызықтыратын. Жүрек қалауына бағына отырып, осы сала бойынша оқуға түстім. Болашағымыз – ІТ-технологияларда. Бұл туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев сан мәрте айтып, оның дамып жетілуі үшін арнайы міндеттерді де белгіледі. Соған сай Қазақстан жастары ІТ-технологияларды басқаруды мектеп кезінен бастап үйренуге кірісті.

“Жас өркенде” бой көтеретін Оқушылар сарайы жастардың сандық сауаттылығын арттырып, шығармашылық тұрғыда жетілуіне жол ашпақ. Мұнда заманауи озық құралдармен жабдықталған бірнеше ІТ-кабинет ашылады. Солардың бірі – легокабинетті жобалауға қатыстым. Орталықтағы үйірмелер кез келген оқушы үшін мектептен тыс уақытта қолжетімді болмақ.

Жаңа шағынауданда екі бірдей орта білім беру мекемесі де бой көтермек. Бұл да білім саласы үшін серпінді даму деп түсінемін.

“Жас өркен” шағынауданы туралы әңгіме қозғалғанда, мұндағы Спорт сарайы мен теннис орталығы туралы айтпай кету мүмкін емес. Бұрындары өзге қалалардағы спорт кешендеріне қызыға қарайтынбыз. Енді, міне, хоккей, коньки тебу, акробатика, жеңіл атлетика сынды спорт түрлерімен айналысып, денсаулығымызды шыңдауға мүмкіндік беретін спорттық нысандарымыз бар. Онда республикалық жарыстарды да жоғары деңгейде өткізе аламыз. Осы кешенмен қатарлас орналасқан теннис орталығы да еліміздегі аталмыш спорт түрін дамытуға бағытталған санаулы нысандардың бірі.

Самат МАҚАТОВ,

студент.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика