ҚҰРЫЛЫСҚА ҚАРҚЫН ҚАЖЕТ

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Петропавл қаласындағы бірқатар құрылыс нысандары мен жөндеу жүргізіліп жатқан ғимараттардағы жұмыс барысымен танысты.

Облыс орталығы жылдан-жылға көркейіп, заманауи қалаға айналуы тиіс. Бұл үшін келесі жылы абаттандыру жұмыстарына бөлінетін қаржы екі есеге дейін ұлғайтылмақ. Петропавлдағы қоғамдық демалыс орындарын аралаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов осылай деп мәлімдеді.

Пестрое көлінің жағажай аумағын кеңейту жұмысы басталды. Жоба бойынша жағалау екі есеге дейін кеңейтілмек. Топырақ төгіліп, алаңды таспен көмкеру және көгалдандыру жұмыстары жалғасады. Кеңейтілген жағажайда көлік қоятын орындар да, суға түсушілерге арналған шатырлар мен жуынатын, киінетін кабиналар саны да артады. Соңғылары бірыңғай үлгіде салынбақ.

– Соңғы екі жылда су деңгейі едәуір көтерілді, бұдан ағаштар зардап шегуде. Сондықтан судың артық көлемінен арылуымыз қажет. Сол сияқты көлдің суын тазартуға тиіспіз. Ол үшін суасты өсімдіктерінің жайылуын тежейтін биотыңайтқыштарды қолдану мүмкіндігін қарастырудамыз, – деді қала әкімі Марат Тасмағанбетов.

Облыс әкімі мердігер компанияға қолайлы ауа райын пайдаланып, жұмысты ширату қажеттігін айтты. Жағажай шілде айының соңына дейін пайдалануға берілмек.

Астаналық дизайнер Болат Мұхамедиевтің жобасы бойынша салынып жатқан Жамбыл саябағы Қызылжардағы аса көрікті демалыс орындарының біріне айналмақ. Облыс әкімі ерекше үлгідегі саябақ құрылысының барысына оң бағасын бере отырып, биыл қала көшелерін көркейту жұмысына барынша екпін қойылатынын жеткізді.

– Қала іші шағын саябақтарға толады. Көшелер жаппай көгалдандырылады. Ғимараттар заманауи қала келбетіне тән ақшыл, сұр түстермен көмкерілуі тиіс, – деді Құмар Ақсақалов.

Үйлердің қасбеттеріне қатысты талап қалаға кіреберістегі “Лана” дәмханасы мен Жамбыл көшесінің бойындағы “Су – 808” және “Алхор” ЖШС-лері ғимараттарының иелеріне де қойылды. Осы тұста орналасқан “Петропавловск-Норд” және “АТП-3” кәсіпорындары өз аумақтарын қоршау жұмыстарын бастаған. Құмар Ақсақалов өндіріс орындары мен бизнес нысандарының сырты ғана емес, іші де тартымды әрі таза болуы керектігін айтты.

“С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ы да биыл күрделі жөндеуге кіріскен. Зауыттың бас директоры Амангелді Арғынбаев облыс әкімін қолға алған жөндеу жұмыстарымен және алдағы жоспарларымен таныстырды. Зауыт аумағындағы ғимараттар көптен бері жөндеу көрмеген, сондықтан да атқарылатын жұмыс та ауқымды. Оның үстіне пайдаланылмай жатқан ғимараттар қалпына келтіріліп, қосымша жұмыс алаңдары ашылмақшы.

Облыс орталығындағы көптен бері күрделі жөндеу көрмеген нысандардың бірі – “Есіл” мейрамханасы. Биыл оның іші мен сырты әжептәуір өзгермек. Өңір басшысы Қазақстан Конституциясы көшесінің бойындағы ғимараттардың бәрі де ретке келтірілуі тиістігін айтып, қала әкіміне арнайы жоба әзірлеуді тапсырды.

Құмар Ақсақалов “Жас өркен” шағынауданындағы “Казградстрой” және “Альфа-Север” құрылыс компаниялары салып жатқан тұрғын үй нысандарындағы жұмыс қарқынын жеделдетуді тапсырды.

– Кешкілік уақытта құрылыс нысандарын сырттай бақылап өттім, қызу жұмысты байқамадым. Қаржыландыру жағынан еш қиындық жоқ. Сондықтан кестеден қалмай, қыркүйекке дейін құрылыс жұмыстарын еңсеруді тапсырамын, – деген өңір басшысы орынбасары Антон Федяев пен қала әкімі Марат Тасмағанбетовке жұмысы кешеуілдеп жүріп жатқан құрылыс алаңдарында күнделікті лездеме өткізіп тұруды міндеттеді.

Жыл соңына дейін аталған шағынауданда тағы да 46 ескі тұрғын үй сүріліп, жайлы пәтерлерге көшетін отбасылар саны 648-ге жетеді. Алдағы жылдары Жамбыл мен Мир көшелері аралығындағы 87 үйдің орнында – аурухана, ал өзге 60 үйдің орнында мектеп бой көтермек. Құмар Ақсақалов “Жас өркен” жобасы шағынауданның байырғы тұрғындарының тұрғын үй жағдайын жақсартуға оң ықпалын тигізіп отырғанын айтты.

Облыс әкімі теннис орталығы маңындағы ашық ойын алаңдарының да тым баяу салынып жатқанын сынға алды. Ол нысан алдындағы барлық жұмыстарды 25 шілдеге дейін аяқтап, пайдалануға беруді тапсырды.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика