ШЕГІРТКЕ – ЕГІННІҢ ЖАУЫ

Астықты өңір диқандарының алдымен қолға алатын маңызды шаруасының бірі – дәнді дақылдар зиянкестерімен күрес. Ғалымдардың зерттеуінше, Қазақстанның өсімдік шаруашылығына 100-ден астам зиянкес, 70-тен астам ауру мен 120-ға жуық арамшөп залал келтіреді екен. Ал өңіріміздің астық алқаптарына отыз шақты зиянкес қауіп төндіреді. Астық шығымдылығын және ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруда зиянкестерге қарсы уақтылы жүргізілген қорғаныс шаралары маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжам әдістемелік орталығы облыстық филиалының мамандары жылда зиянкестерге қарсы химиялық дәрілеу жұмыстарын жүргізеді. Өңірімізде сараптау және болжау жұмыстарымен орталық филиалының 65 маманы мен 21 арнайы техникасы айналысады. Жауапкершілік жүгі ауыр болғандықтан, жоғары білікті мамандарды тартуға баса назар аударамыз. Сараптау жұмыстарын жүргізу үшін жыл сайын қосымша 18 маман шақырылады, 18 арнайы техника төрт ай мерзімге жалға алынып, анықтау-зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Егінге қауіпті шегірткенің үш түрі бар. Олар – италиялық, азиялық және марокколық шегіртке. Азиялық шегіртке еліміздің тоғыз облысында кездессе, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан өңірлерінде марокколық түрі қанат жайған. Қазір біздің өңірімізде соңғысын анықтау жұмыстары қолға алынбақшы. Басты мақсат – оның зиянының көлемін анықтау. Соның негізінде егіс алқаптарында химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі.

Өңіріміздің егіс алқаптарына негізінен италиялық шегіртке үйір, ол дәнді дақылдарды, көкөніс алқаптары мен жайылымдарды және шабындықтарды отайды. Күн ысыған сайын зиянкес көп қоректенеді. Шегіртке дернәсілдері топырақтың беткі қабаты қызғанда ғана жер бетіне шығады. Дернәсілдердің даму сатысы 30-60 күнге созылып, даму кезінде 4-5 рет түлейді. Бұл – күннің ысуымен байланысты құбылыс. Егер күн суытса, бұл жәндіктің өсуі тоқтайды. Күн ысып, топырақ қызса, зиянкес бауырымен жылу алып, дене тұрқы өседі.

Бұл зиянкесті республикалық фитосанитарлық диагностика және болжам әдістемелік орталығы филиалының мамандары ерекше бақылауға алған. Былтыр жоспарлы 765 мың гектар танапқа мониторинг жүргізіліп, алқапта ерекше қауіпті зиянкестерді анықтау жұмыстары қолға алынған болатын. Нәтижесінде италиялық шегіртке тек Уәлиханов ауданында тіркелді. Бір атап өтерлігі, шегіртке өсімдік тамырларының арасына өздерінен бөлініп шығатын сұйық затпен топырақты қатайтып, ұя жасап, соған жұмыртқа салады. Бұл – шегіртке тұқымының өңіріміздің алты ай қысында өлмей, көктем шыға дамуына қолайлы. Уақтылы өңдеу жұмыстары жүргізілмесе, мыңдаған гектар жерге тұқымын жайып жіберуі мүмкін. Саны көбейген жағдайда егістіктер мен жайылымдарға, жер бетіндегі биомасса бөліктеріне көп зиян келтіреді.

2017 жылы жүргізілген тексеріс шаралары барысында шегірткенің әр ұясында орта есеппен 10-25 жұмыртқа бар екені анықталды. Өңіріміздің климатына байланысты мамыр айының соңына қарай италиялық шегіртке дернәсілдері жер бетіне шыға бастайды. Осыған орай былтыр көктем мен жазда 60 мың гектар алқап тексеріліп, оның 3,6 мың гектарынан италиялық шегірткенің жұмыртқасы табылды. Ал 696 мың гектар жердің 1,3 мың гектарында шегірткенің өзі тіркелді.

Біздің мамандар тамыз, қыркүйек айларында шегірткелердің жұмыртқа салған аумақтарына тексеру шараларын жүргізеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде алдағы жылы қанша гектар аумаққа химиялық улау жұмыстарының жүргізілетіні белгілі болады.

Тәжірибе көрсеткендей, шегірткелерде циклдік кезең, яғни көбею және депрессиялық жағдайлары кезектесіп отырады. Былтырдан бастап шегірткенің азайғаны байқалуда. Оған ауа райы қолайсыз жағдай туғызып отыр. Мәселен, 2014 жылы өңірімізде италиялық шегірткенің саны күрт төмендеген болатын. Бұған кеш келетін көктем, сәуір-мамыр айларындағы салқын ауа райы, топырақтағы қажетті ылғалдың аздығы себеп болуда. Мұндайда шегірткенің алқаптарға таралуы бәсеңдейді. Соңғы жылдары негізгі егіс танаптарында шегірткенің тіркелмеуі, зиянкестерді химиялық улау жұмыстарының дер кезінде қолға алынуымен де түсіндіріледі.

Солтүстік Қазақстан облысының алты ауданы Ресей Федерациясымен шекаралас орналасқан. Осы мәселеге байланысты көршілес Түмен, Қорған, Омбы облыстарының өсімдік қорғау мамандарымен шекаралас аймақтардағы шегірткеге мониторингтік бақылау жұмыстары бірлесе жүргізіліп келеді. 2017 жылы екі елдің шекаралас аймағындағы 50,4 мың гектар танапта бірлескен зерттеу жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде италиялық шегірткенің дернәсілдері анықталмады. Маусымдық іске Ресей тарапының да тыңғылықты дайындықпен келгені байқалды. Өткен жылы Ресей аумағынан өңірімізге шегірткенің ұшып келу дерегі тіркелген жоқ.

Зиянкестермен күрес барысында көктемгі егіс науқаны қарсаңында жерді бораналау, жырту және тағы басқа кешенді жұмыстар өз септігін тигізетінін атап айтуға болады. Бұл шаралардың барысында жер бетіне шығатын шегіртке құстар, кеміргіштер және тағы басқа жәндіктерге жем болады.

Шегірткелердің жаппай таралу кезеңінде алқаптарды Қазақстан Республикасы аумағында қолдануға рұқсат етілген заманауи химиялық препаратпен дәрілеген пайдалы. Химиялық өңдеу жұмыстары авиациялық жолмен, аспалы бүріккіштермен, сондай-ақ, аэрозольді агрегатпен жүзеге асырылады. Шегірткемен күресте алдын ала сынақтан өткен пестицидтер кәдеге жаратылады. Танап басындағы химиялық өңдеу газ генераторлары, жерүсті және аспалы бүріккіштер, ұшақтар арқылы жүргізіледі. Олардың зиянкестерге қарсы тиімділігі дәлелден­ген.

Өңір диқандарының жыл сайын ел қамбасын алтын дәнге толтыруы – фитосанитарлық жұмыстардың нәтижесі. Сондықтан егіс алқаптарын өңдеу белгіленген кестеге сәйкес ешбір кідірусіз жүргізілетін болады.

Рүстем ЕЛУБАЕВ,

республикалық фитосанитарлық диагностика және болжам әдістемелік орталығы филиалының басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика