ӨРІС КӨРКІ — АСЫЛ ТҮЛІК

Уақыт өткен сайын елімізде мал шаруашылығымен айналысудың тиімділігі арта түсуде. Мұны түсінген өңіріміздің шаруалары мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысып, соның несібесін көріп отыр. Жақында “Иван Зенченко” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттік қолдаудың арқасында шетелден асылтұқымды ірі қара сатып алды. Өрісін кеңейткен шаруашылық басшылығы үстіміздегі жылдың күзіне қарай Аққайың ауданындағы Рублевка ауылында 600 бас қара малға арналған жаңа кешенді іске қоспақ.

Асылтұқымды мал түрлерін жан-жақты зерттеген серіктестік директоры Иван Зенченко өңірімізде симменталь тұқымды сиырларды өсіру туралы шешім қабылдаған. Бүгінде оның шаруашылығында сүтті-етті бағыттағы 596 бас қара мал бар. Кәсіпкер Зеңгі баба түлігіне қалай қол жеткізгендігі жөнінде айтып берді.

– Мал басын көбейту үшін “Аграрлық несие корпорациясы” акционерлік қоғамымен келісімшарт жасасып, 10 жылға жылдық мөлшерлемесі 5 пайыздық несие ресімдедім. Бұл қаржыға Германиядан сиырлар сатып алдым. Ал мал кешенінің құрылысын былтыр шілде айында бастаған болатынбыз. Заманауи кешеннің аумағында жемазық базасын, мал азығын сүрлейтін орын және сапалы өнім дайындайтын цех салмақшымыз. Жобаның жалпы құны – 580 миллион теңге, – деді Иван Зенченко.

Шаруашылық директорының айтуынша, шетелдік сиырлардың әрбірі күн сайын 25 литрден сүт береді деп күтілуде. Кәсіпкер Петропавл қаласындағы өз зауытына тәулігіне 10-12 тонна сүт өткізуді жоспарлап отыр. Мамандардың болжамы бойынша, сиырлар қыркүйек айында төлдейді.

Қазіргі таңда серіктестікте жүз шақты адам жұмыс істейді. Ал жаңа кешен іске қосылған соң тағы 25 маман жұмыспен қамтамасыз етілмек. “Иван Зенченко” серіктестігінің өнімдері еліміздің өзге өңірлері мен Ресейдің көршілес облыстарында саудаланады”, – деді Аққайың ауданының әкімі Дәурен Байтөлешев.

Гүлнәр САЙЛАУҚЫЗЫ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика