КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТТІ

Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Соңғы жылдары әйелдер де мемлекеттің қолдауын сезініп, бизнес әлеміне қадам басуда. Юлия Хайрутдинова – Мамлют ауданында өз ісін сәтті жүргізіп отырған жеке кәсіпкерлердің бірі. Мамлютка қаласының тумасы өткен жылы жастық пен көрпе тігетін цех ашып, өзінің көптен бері ойлап жүрген мақсатын жүзеге асырған болатын.

Нәзік жанға цех ашу идеясы бірден келмеген. Кәсіпкерлік саласына 2011 жылы қадам басқан ол нарықты зерттеп, тауарына тұрғындардың сұранысы бар екенін білген.

– Бизнеспен айналысып жүргеніме жеті жылдан асты. Алғашқыда тоқыма өнімдерін сатумен айналысып, ұйымдарға тауарларды тасығаным әлі есімде. Кейін кәсібімді кеңейтуді ойлап, шағын сауда орнын жалға алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім, – дейді Юлия Хайрутдинова.

Кәсіпкер 2014 жылы облыстық кәсіпкерлер палатасының Мамлют аудандық филиалының ашылғанын естіп, көп ойланбастан көмек сұрай барады. Мұндағы мамандар оны бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларымен таныстырып, “Бизнес кеңесші” жобасы бойынша оқуды ұсынады. Екі жылдан соң Юлия “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы” бойынша жеңілдетілген несие алады. Тың жобаны жүзеге асыруға 1 миллион 400 мың теңге ресімдеуге жергілікті кәсіпкерлікті қолдау орталығының кеңесшілері көмектеседі. Олар нәзік жанға қысқа уақытта құжаттар жинауға қолғабыс жасайды. Кәсіпкер мемлекеттен алған ақшасының біраз бөлігін цехқа жабдық сатып алуға жұмсаған. Осылайша, ол жастықтар мен көрпелерді тігуге қажет екі тігін машинасы мен материалдар сатып алады.

Өткен жылы нәзік жан “Қазақстанның үздік тауары” өңірлік байқауына қатысып, облыс тұрғындарының назарына мамықтан жасалған өнімдерін ұсынды. “Осындай ірі жобаға алғаш рет қатыстым. Бұл алаң кәсіпкерлердің бәсекелестік қабілетін шыңдап, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Сол жолы ешқандай жүлдеге ие болмасам да, жігерім жасыған жоқ. Бұл байқауда осы жылы да бақ сынамақшымын. Жалпы мен палата филиалының қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Қандай да бір мәселе туындаса, әрдайым солардың көмегіне жүгінемін”, – дейді талапты жан.

Алдағы уақытта Юлия Хайрутдинова грант алып, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бүгіндері мемлекеттік сатып алуларға белсенді қатысуда.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика